Аймақтар • 22 Қараша, 2018

Қалдықтар да кәдеге жарайды

1030 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұрын сайын далада жел айдаған қаңбақ қонарға сай іздеп жүрер еді. Қазір полиэтилен қалталардың шөп, шөңге басында ілініп, жел тұрса қарғадай жарбаңдап тұрғанын көретін болдық. Ештеңеге жарамайтындай көрінетін осы полиэтилен қалта, қапшықтар енді кәдеге аса бастады.

Қалдықтар да кәдеге жарайды

Облыстық экология де­пар­­­та­ментінің басшысы Ма­рат Құрманбаев пен об­лыс­т­ық табиғи ресурстар жә­не та­­­би­­ғатты пайдалану­ды рет­теу басқармасы бас­шысы­ның орын­басары Жұлдызай Айт­жанова осы мәселеге тоқталды.

–­ Мемлекет басшысы ха­­­лыққа Жолдауында Ша­ғын және орта бизнес субъек­­тілерін кеңінен тарта оты­­рып, тұрмыстық қатты қалдық­тар­ды заман талабына сай ути­ли­зациялау және қайта өңдеу бойынша кешенді шара­лар әзірлеуді тапсырды. Қазір­гі таңда тиісті жұмыс атқа­ры­лып жатыр. Тоғыз ай ішінде 120 мың тонна қалдық жина­лып, оның 3040 тоннасы пай­даға жаратылды, – деді Марат Ердәулетұлы.

Облыста «Ыбырайхан және К-ЛТД» компаниясы 2004 жылдан бері қатты қал­дықтарды өңдеу ісімен ай­на­лысып келеді. Өзге кәсіп­керлер де тұрмыстық қат­ты қалдықтардан шатыр жамыл­ғысын және жаяу жүргіншілер жолына арналған төсеніштер жасап шығарып жатыр. «Эко-Н Сервис», «ТемірЖас Group» ЖШС істен шыққан, құрамында жарамсыз сынабы бар шамдарды залалсыздандыруды жүзеге асырып жатса, Қармақшы ауданындағы «СтройСервис» серіктестігі аудан тұрғындарынан және көрші аудандардан поли­этилен пакеттерді қабылдап, пластмасса құбырын шығару­ды жос­парлап отыр.

Бүгінде не көп, автокө­лік­тер көп. Олардың тозған шиналары да пайдаға аса бас­тады. Облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығару өндірісін жолға қой­ған «Smart Rubber» ЖШС жұ­мысы туралы айтты. Жарам­сыз дөңгелек бірнеше сатылы өңдеуден өткеннен кейін ұнтаққа айналады. Оған полиэтилен ұнтағы қосылып, екі қоспадан дайын өнім – жерас­ты суару түтігі шығарылады.

Қазір әлемде су тапшы­лы­ғы қатты сезілуде. Қазақ­стан­­да ағыл-тегіл ақтары­лып жатқан мол су қоры аз. Оңтүстік өңірі ауыл шаруа­шылығына керекті суды Қыр­ғызстан мен Тәжік­станның аспанмен амандасқан тау­ларындағы жиналған су қорынан алады. «Кісідегінің кілті аспанда» деген бар. Құрғақшылық жылдары ағын су аз келіп, диқандар мен шаруалар әбіржіп жүр­гені мәлім. Сондықтан, дүние­жүзі аграршыларының тәжі­рибесіне сай тамшылатып суару жүйесіне Қазақстан да өтіп жатыр. Жерасты суару түтігі міне, осы жағдайларға әбден керек. Тұрмысқа қат осы заттарды шетелден үлкен қаржыға сатып алып келген мемлекетіміздің өз қолы өз ауызына жетіп, дайын өнімді өзі шығара бастағаны көңіл тоғайтады.

Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жұлдызай Айтжанова облыс тұрғындарының алпыс пайызы тұрмыстық қат­ты қалдықтарды тасымал­дау қызметімен толық қамтыл­ғанын атап өтіп, қалдықтарды көмуге қатысты енгізілген өзгерістермен таныстырды.

– Келер жылдан бас­тап эко­логиялық кодекстің 301-бабына сәйкес, полигон­дарда пластмасса, плас­тик, полиэтилен қалдықтары және полиэтилен терефталат орамасы, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар лампалар мен аспаптар, шыны сынықтары, түсті және қара металдар сынығы, литий, қорғасын-қышқыл батареялары, электрондық және электр жабдықтары қалдықтарын көмуге тыйым салынады деп жоспарлануда. Ал 2020 жыл­дың 1 қаңтары­нан бастап та­мақ пен құры­лыс материалдарының қалдық­тарын полигондарда көму­ге шектеу қойылады, – деді ол.

Көп нәрсенің байыбына бара бермейтін азаматтар Астанада өткен «ЭКСПО»-ның Қазақстанға еш пайдасы жоқ деп есептейді. Шын мәнінде халықаралық көрме кезінде әлемдегі ең үздік ғылыми жаңалық, жаңа жобалар біздің ел арқылы насихатталды. Көп жаңа істің бірі тұрмыс қалдықтарын өңдеу тәжірибесі таратылған болатын. Қазба байлықтың ерте ме, кеш пе, түбі көрінетін уақыты жетеді. Шикізаты өзімізде болып тұрып, содан дайындалған өнімді сатып алу қазынаға шығын, ел бюджетін ойсыратуға әке­летіндігі сөзсіз. Ауыл шаруа­шылығы өнімдерін терең өңдеуді қолға алған мемлекет қалдықтарды да қалдықсыз өңдеуге қол жеткізе бастады. Бұл үлкен жақсылықтардың жоралғысы дер едік.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы