Қазақстан • 24 Қараша, 2018

Торғай өңірінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асып жатыр

368 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жангедин аудан облыс орталығынан тым шалғайда жатыр. Соған қарамастан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы батыл жүзеге аса бастады. Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар қызметіндегі брифингте аудан әкімі Шота Оспанов ақпарат берді.

Торғай өңірінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асып жатыр

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы саласына басымдық берудің маңызы зор. Бүгінде ауданда 29 мың гектар егістік алқап түгелдей цифрландырылды. Қазір аудан шаруашылықтары жайылымдарды цифрландыруды жүзеге асыруды қолға алып жатыр. Барлық жайылымдық жердің 15 проценттен астамы немесе 105 га алқап цифрландыруды пайдаланады. Бұл жұмыстар әлі жалғасын табады» деді Шота Сәбитбекұлы. Осы өңірдегі «Кенесары», «Бикен» шаруашылықтары малға чип қолданса, «Азамат» шаруа қожалығы «Электрондық малшы» деп аталатын ұшқыш-дрондарды сатып алуды жоспарлап отыр.

Аудандағы білім беру саласында да «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қадам басты. «Күнделік.kz» электронды журналы Жанкелдин ауданындағы барлық білім ошақтарына енгізілген. Сонымен қатар, «Алюминстрой» ЖШС-нің демеушілігімен құны 8 млн 430 мың теңгелік «Робототехникаға негіздеу, бағдарламалау және модельдеу» кабинеті мен зертханасы іске қосылды.

Денсаулық сақтау саласында дәрігерлер қағазсыз жұмыс істеуге көше бастады. Жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл ауданда емханаларға келушілердің медициналық төлқұжатының 96 проценті компьютерге көшірілді. Бұл болашақта дәрігерлер уақытын үнемдеп, емделушілерге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беретінін айтты аудан басшысы.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай