Қазақстан • 24 Қараша, 2018

Қайрат Әбдірахманов Брюссельде қазақстандық журналистермен кездесті

345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» конференциясының қорытындысы бойынша Брюссельде қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қайрат Әбдірахманов Брюссельде қазақстандық журналистермен кездесті

Қазақстандық бір топ журналистер Брюссельге Еуропалық Одақ институттарының жұмысымен, ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясын жаңарту процесімен танысу үшін және «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» министрлік конференциясына қатысу үшін Еуроодақ алғаш рет ұйымдастырған баспасөз турымен келген.

Брифинг барысында сыртқы саяси ведомствоның басшысы «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» конференциясының және іс-шара аясында өткен екіжақты кездесулердің қорытындысы, өңіраралық әріптестіктің жаңа стратегиясының жобасына ұсынылған қазақстандық тараптың ұсыныстары және жалпы Қазақстан мен Еуроодақ қарым-қатынасы дамуының келешегі туралы әңгімеледі.

Қоғамдағы өзекті мәселелерді айшықтау және қазақстандық медиа сегментінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін еуропалық БАҚ-тармен үздіксіз тәжірибе алмасу және байланыстарды нығайту, қоғаммен байланыстың алдыңғы қатарлы технологияларын және қазіргі заманғы әдістерін үйренудің маңыздылығы атап өтілді.

Сондай-ақ, қоғамдық дипломатияны жүзеге асыру мен халықтарды жақындастырудағы БАҚ-тың маңызды рөліне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша ҚР СІМ басшысы қатысушыларға кәсіби табыс тілеп, Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы көпжақты және екіжақты әріптестік аясында ұсынылатын екі тарап БАҚ-тарының серіктестік бойынша құралдарын белсенді қолдануға шақырды.