Аймақтар • 27 Қараша, 2018

Таразда аналогтық телехабар тарату толық тоқтатылды

625 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Цифрлы эфирлік телехабар таратуға көшу жөніндегі жобаны іске асыру аясында 2018 жылдың 26 қарашасында Тараз қаласында Жамбыл облысында Аналогты теледидарды ажырату және ЦЭТТ-ті (цифрлы эфирлік телехабар тарату) қосу рәсімі өтті.

Таразда аналогтық телехабар тарату толық тоқтатылды

Жиында «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы Е.Тәжібеков Жамбыл облысында аналогтық хабар таратуды тоқтату ісі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың кезекті шарасы екенін, сондай-ақ Жамбыл облысындағы ЦЭТТ-қа табысты көшуді қамтама­сыз ету үшін атқарылған жұмыстар туралы айтты.

«Облыста цифрлы эфирлік телехабар тарату жобасын іске асыру толық аяқталды. Бүгінгі таңда 44 цифрлы таратқыштарды қосумен, 43 радиотелевизиялық стансалар салынды және жаңғыртылды. Бұл облыс халқының 99,8%-ы тұратын 377 елді мекенді қамтуға мүмкіндік береді. Өңірде алты елді мекен цифр­лы эфирлік хабар таратумен қамтылмаған, бірақ сапалы телехабар тарату олар үшін қолжетімді. Қазіргі таңда аталған елді мекендерде 466 үй шаруашылығы тіркелген, олар­дың әрқайсысы «OTAU TV» ұлт­тық спутниктік телехабар тарату жү­йе­сіне қосылған», деді Е.Тәжі­беков.

Облыс әкімдігінің қолдауымен халықты ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғалидің айтуынша, аймақ тұрғындарын хабардар ету мақсатында цифрлы эфирлік телехабар тарату бойынша жарнамалық бейнероликтер Тараз қаласының барлық LED-дисплейлері бойынша көрсетіледі. Облыс аудандары бойынша 57 ақпараттық билборд орналастырылды және өңірлік БАҚ арқылы халықты ақпараттандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ ол атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларымен жұмыс туралы айтты.

«Облыста атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге жататын 8975 отбасы тіркелген, оның 6631-і ЦЭТТ қызметіне қосылған. Қалған 2344 отбасы цифрлы қабылдағыштарға ие болды және цифрлы эфирлік теледидарға қосылу мүмкіндігіне ие», деді Берік Құрманғали. 

Естеріңізге сала кетейік, «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірлерін аналогтық телехабарлар таратудан кезең-кезеңмен ажырату жоспарланып отыр. Осы бағдарламаға сәйкес 2021 жылға қарай Қазақстан аналог­тық хабар таратудан толық бас тартады.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы