Қазақстан • 27 Қараша, 2018

Astana hub-тың қызметі қандай?

4206 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Astana hub халықаралық IT стартаптар технопаркі өз жұмысымен таныстыру мақсатында журналистерге пресс-тур ұйымдастырды. Онда технопарк қызметі түсіндіріліп, стартаптардың жүйеленуі мен атқарылған шаралар таныстырылды. 

Astana hub-тың қызметі қандай?

Суреттер: baq.kz

Жақында Елбасының қатысуымен ресми ашылуы болған Astana hub халықаралық IT стартаптар технопаркі күні кеше елімізге әлемнің әр тарапынан туристер мен көрермендер жинап, елорда атын шарықтатқан ЭКСПО аумағында орналасқан.

Негізі жұмысын бір жыл бұрын бастаған технопарк бүгінде 150-ге жуық стартаптың ордасына айналды. Төрт қабатты ғимаратта еліміздің ерек ойлы тарландары жиналып, кәсіпкерлікке алғашқы қадамдарын жасауда.

«Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» акционерлік қоғамы қаржыландыратын Astana hub IT стартаптар технопаркін кәсіпкерлік мектебі десек те болады. Өйткені орталық жас кәсіпкерлерді 6 немесе 12 ай көлемінде шарт бойынша, ақысыз жұмыс алаңымен, шеберхана, жетекшілер мен біліктілікті арттыру курстарымен қамтамасыз етеді. Бұл жерде тек жұмыс істеп қоймай, замандастарымен, әріптестерімен пікір алмасып, жоба туралы ойларын білуге мүмкіндік бар. Тіпті, екі топ бірігіп, бірнеше жобаны бір арнаға тоғыстырған жағдайлар да болған. Қазіргі таңда 25 стартап нарыққа шығып, кәсіпке айналып үлгерген.

Сонымен қатар IT саласын дамытуға бағытталған стартап пайда әкелетін кәсіпке айнала бастағанда  мемлекет тарапынан бірқатар көмек көрсетіліп, салықтан босатылуын қамтамасыз етеді. «Бұл компанияларға жұмыс істеуге жігер беріп, саланы дамытуға үлкен үлес қосады», дейді «Зерде» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Павел Коктышев.

«Қазір стартаптың hard ware және soft ware деп аталатын екі түрі бар. Hard ware стартаптарға робот, виртуалды көзілдіріктер жатады. Soft ware стартаптар – қалта телефонына, қызмет көрсетуге арналған бағдарламалар. Бізде стартаптың екі түріне де жағдайлар жасалған. 3D принтермен, заманауи құрылғылармен жабдықталған шеберханаларымыз бар», дейді Astana hub-тың қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Айгүл Шерниязова.

Кәсіпкерлер күнделікті мониторингтен өтіп, жарты жыл ішінде нақты нәтижелер көрсетуі керек. Олардың осы саладағы шетелден арнайы шақыртылатын  тәжірибелі мамандармен жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар. Әр екі апта сайын мәскеулік сарапшылар сұрақтарыңызға жауап беріп, жобаңызға түзетулер енгізеді. Бұдан бөлек түрлі шеберлік сағаттары, қосымша біліктілікті арттыру курстары өткізіліп тұрады.

Astana hub-тың кәсіпкерлерді оқыту жүйесінің екі түрі бар. Біріншісі – инкубация. Бизнес-инкубатор 6 ай оқу-даярлау бағдарламасы мен отандық сарапшылардың көмегінен тұрады. Екіншісі – акселерация. Бұл кезеңде кәсіпкерлер 3 айлық оқу бағдарламасынан өтіп, стартап-жобаларын дамыту кезеңінен өтеді. Оларға арнайы кеңесшілер тағайындалады. Кеңесшілер жобаларды дамытуға, қателіктерді түзетіп, жобаның жаңа кезеңге өтуіне көмектеседі. Дәл осы кезеңде инвестиция тарту да көзделген.

«Алғашқы бағдарлама аясында 14 жоба қолға алынып, 10 түлегіміз жақсы нәтиже көрсетті. Соның арқасында 28 миллион инвестиция тартылды. Жақында ғана «Clockster» жобасы сингапурлық инвесторлардың назарына ілігіп, 250 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартты. Инвестиция көлімін 2 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», дейді Павел Коктышев.

«Қазіргі таңда технопарк стартаптарының 30 пайызы шетелдік кәсіпкерлерге тиесілі. Бұл отандық экономикаға өте тиімді. Өйткені олардың жобалары мемлекетке салық төлеп, елімізде жұмыс орынын көбеюіне үлес қосады. Одан бөлек әлемдегі үлкен Nokia, Huawei сынды үлкен корпорациялар өкілдіктерін ашып, жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп отырады. Жыл соңына дейін 35 топ оқуын аяқтауы керек. Былай айтқанда, Astana hub кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы модератор. Технопарк жұмыс алаңымен қамтамасыз етіп, үлестіруші қызметін атқарады», дейді Astana hub халықаралық IT стартаптар технопаркі директоры Әділет Нұрғожин.

Astana hub тәлімгерлерінің бірі – Жеңіс Ізмағанбет. Ол досы Дәулет Айтмахановпен бірге «Иіс су» жобасын бастаған. Әлемдік брендтердің иіс суларын жаңа форматта ұсынып жүрген жастар жобаны тек екеуі жүргізеді. Әтірлерді ыңғайлы құтыда, тиімді көлемде, қолжетімді бағамен жеткізіп беруге бағытталған стартаптың жұмысын бастағанына үш ай болыпты. Бұл ой Дәулетке мектеп кезінде-ақ келген. Бүгінде технопарк ғимаратында жұмыс істейтін жас стартапты Astana hub жақында шикізат сақтайтын, әтірлерді құюға қолайлы жаңа орынмен қамтамасыз етпек. Шикізат сатып алу, оларды құю, жарнама, есеп, логистика мәселелерін түгелдей екеуі дөңгелетіп отырған олар Astana hub-тың кәсіптеріне көп пайдасы болғанын айтады.

Бұдан бөлек Astana hub қарамағында «Antidolg.kz», «Kompra», «Tourcenter», «HomeFix», «Workis» «Mediascanner», «Eventum.one» стартаптары жұмыс істеуде.

Сонымен, Astana hub еліміздегі инновация мен IT саласын дамытуға бағытталған кәсіпкерлер мектебі дей аламыз. Технопарк – коммерциялық жоба емес, мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы модератор, үйлестіруші. Astana hub басшылығының айтуынша, алдағы 5 жылға нақты жоспары құрылған стартаптар мекені еліміздегі әр саланың IT жүйесін дамытатын, халық өмірін жақсартуға бағытталған жобалардың ордасына айналмақ.

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»