Футбол • 05 Желтоқсан, 2018

«Қазақ Мессиі» Қазақстанға орала ма?

319 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары қазақ футболының болашағы деп үміт күттіретін бірнеше талантты жас футболшылар шыға бастады. Олардың біршамасы қазір түрлі деңгейдегі ұлттық құрама сапында доп теуіп жүр. Солардың бірі және бірегейі Ресейдің «Уфа» клубында ойнап жүрген тараздық аяқдобшы Еркебұлан Сейдахмет.

«Қазақ Мессиі» Қазақстанға орала ма?

Жуырда қазақстандық БАҚ беттерінде Сейдахмет жуық арада «Қайрат» немесе «Астана» командаларына ауысады екен сыбыс лезде тарап, әлеуметтік желіде біраз талқыға түсті. Бірақ «Қайрат» та, «Астана» командасы да бұл ақпаратқа байланысты ешқандай мәлімдеме жасамады. Ал Еркебұлан Сейдахмет болса, отандық баспасөзге берген сұқбатында «Бауыржан Исламханмен бірге ойнағым келеді, «Қайратта» ойнау бала кезгі арманым» деп айтқан еді.

Бұл ақпараттың тарауына Сейдахметті «Уфаға» шақырған сол уақыттағы клубтың бас бапкері Сергей Семактың «Зенит» командасына ауысуы және футболшының жарақатынан соң алаңға жиі шықпауына байланысты оның агентінің кезекті «ақпараттық» жүрісі болуы мүмкін деген болжам бар.

Еркебұлан қазақстандық команданың біріне ауысуы мүмкін деген ақпарат тармас бұрын, «Уфа» клубының директоры Шамиль Газизов отандық бір сайтқа берген сұхбатында Еркебұлан Сейдахметке сенетінін айтқан. «Сейдахмет өте талантты ойыншы. Оның потенциалы жоғары. «Уфа» бұл футболшыға сенім артады. Еркебұланды басқа клубқа сатады екен немесе жалға береді дегеннің бәрі жай ғана қауесет. Футболшы жарақатынан енді айығып келеді. Толық жазылған соң, алаңға шығады. Біз асықпаймыз, ол қатарға жылдам арада қосылады деп сенеміз», дейді Шамил Газизов.

Ал енді Шамил Газизов не үшін Сейдахметке сенім артып отыр, қазақ футболшысы «Уфаға» не үшін қажет? деген сұраққа жауап іздеп көрсек. 2017 жылы Ресейде өткен «Гранаткин» турнирінен соң өзінің талатынымен және еңбекқорлығымен танылған Сейдахмет бірден «Зениттің» командасының көзіне түсті. Тіпті, «Зениттің» жастар құрамында бір-екі рет жасыл алаңға шыққан-ды. Бірақ жас мөлшеріне байланысты шетелдік командамен келісім шартқа отыра алмады. Араға бір жыл салып, яғни Еркебұлан 18 жасқа толған соң «Уфа» командасы отандасымызды аттай қалап, Башқұрстан командасының құрамына алды. Себебі, талантты жас футболшы тәрбиелеп, еуропалық ТОП 5 біріншіліктің бір командасына үлкен сомада сатуды көздейді. Әлі де сол мақсатта ұстап отыруы мүмкін. Өйткені, «Уфа» осыған дейін украиналық жас талант Александр Зинченконы «Манчестер Ситиге» сатқан болатын. Сондықтан Башқұрстанның бұл командасы көптеген жас таланттар үшін Еуропаға бастайтын баспалдақ секілді көрінеді.

18 жастағы футболшы жыл басында «Уфа» сапына ауысқанын айттық қой. Сол уақытта бүкіл Ресейлік және Қазақстандық БАҚ өкілі оны болашақ «Қазақ Месси» деп жарияға жар салып, бір-бірімен жарыса жазып жатты. Осылайша, Еркебұланның ойынынан бұрын атағы ТМД елдеріне тез тарады. Әлеуметтік желідегі парақшаларына жазылушы жанкүйерлердің саны сағат сайын арта бастады. Былайша айтқанда, белгілі бір деңгейде танылып қалды. Ал ойын жағынан әзірше көзге түсер емес.

Еркебұлан Ресей премьер-лигасының биылғы маусымында бар-жоғы екі рет ғана алаңға шықты. Сондай-ақ ол Ресей біріншілігінің өткен маусымында жарақатын байланысты екі рет алаңға шыққан еді. Жарақатынан айығып, қатарға қосылған соң Сейдахмет бірден «Уфа» сапында ойнамай, жастар құрамымен бір ойын өткізді. Уфадағы «Нефтяник» стадионында «Уфаның» жастар құрамасы Санкт-Петербургтің «Зенит» клубындағы құрдастарымен кездесті. Бұл ойында қонақтар 5:0 есебімен жеңіске жетті. Еркебұлан алаңда симуляция жасап, сары қағаз алды. Бір рет тепкен добы қақпаның жақтауынан қайтты. Бір-екі айып добын орындады.

Ал сонан соң негізгі клубқа оралып, премьер-лиганың 7-турында Мәскеудің ЦСКА командасына қарсы өткен ойында екінші таймда алаңға шығып, небәрі 22 минут қана ойнап, бір сары қағаз алды. Екінші ойынын кубогтық матчта «Нижний Новгород» клубымен өткізіп, негізгі құрамда 53 минут ойнады. Еркебұланның қазірше Ресейдегі «жетістігі» осы.

Өткен аптада «Уфа» командасының басшылығы Сергей Семактың орнына бас жаттықтырушы болып тағайындалған Сергей Томаровты қызметінен босатты. Оған себеп команданың Ресей премьер-лигасында 13 ойыннан соң 16 команданың арасында 15-ші орында тұрғандығы. Өткен маусымда «Уфа» 6-орын иеленіп, Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік алып еді. 36 жастағы Сергей Томаров «Уфаға» шілде айында келген болатын. Томаров басшылығымен «Уфа» премьер-лигадағы 13 ойынның тек екеуінде ғана жеңіске жетіп, алты рет жеңіліске ұшыраған. Бес ойында қарсыластарымен тең түскен. Енді бас бапкердің міндетін атқарушы болып ресейлік бұрынғы футболшы Дмитрий Кириченко тағайындалды. Бәлкім, осы жаттықтырушы Еркебұланды алаға жиі шығарып, талантын ұштай түсетін шығар.

Жалпы, қазіргі таңда отандасымызға алаңға көп шығып, жиі доп тебу қажет. Жалындап тұрған жастық шақта қосалқы құрамда отырып қалу оның болашағына кері әсерін тигізетіні белгілі. Сондықтан оның Қазақстанның бір клубына оралғаны дұрыс сияқты. Бірақ қазір Қазақстан клубтарында да бәсекелестік жоқ емес. Мысалы, «Қайрат» сапында Еркебұланның позициясында Андрей Аршавин, Иво Иличевич және Исаэль Барбоза ойнаса, ал «Астана» командасында Марин Томасов, Роман Мұртазаев және Педро Энрике сынды футболшылар бар. Егер, Сейдахмет осы аты аталған футболшылармен өз орны үшін бәсекелесе алса, онда Еркебұланның болашағы бар деуге толық негіз бола алады.

 

Талғат МҮСІРЕПОВ,

Благодар мектебі

АҚТӨБЕ