Аударма • 05 Желтоқсан, 2018

Музейлер жануарлар әлемін сақтауға көмектеседі

938 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ресейдегі Зоология музейінің есігі келушілерге ашылар алдында Алексей Тихонов Сібірден табылған 30 000 жылдық мамонт Машаға ұзақ қарап тұрды. Ол 30 жыл бұрын Ғылым академиясы зоология институтына әкелінген болатын.

Музейлер жануарлар әлемін сақтауға көмектеседі

Джеймс ХИЛЛ, 

«Нью-Йорк Таймс» – Санкт-Петербург, Ресей

Маша – зоологиялық түр­лер­дің ең ірі коллекциясы жи­налған музейдегі танымал экс­понаттардың бірі. XIX ғасырдың соңынан бастап қойылған мү­сін­дерден, патшалардың аулаған аңдары бейнесінен ескінің лебі еседі. Бірақ бұл музей директоры Тихоновты алаңдатпайды. Ол да басқа музейлер секілді ке­лу­шілерге арналған озық технология әкелуді көздейді. Алайда музей қоры шектеулі. Сондықтан бөлінген ақшаға жаңа коллекция сатып алуды ғана жөн көреді. 

Үш ғасыр бұрын I Петрдің бастамасымен құрылған бұл коллекцияға жануарлар әлеміне төнген қатер күшейгендіктен, сұраныс та арта түсті. Бұл жә­дігерлер жануарларды қор­ғау саласын генетикалық ақпа­рат-
пен қамтамасыз етіп, оған жәр­дем­деседі. 

«Мұнда басқа да табиғат му­зейлері секілді «ағзалардың уақыт капсуласы» сақталған», дей­ді Нью-Йорктағы Америка табиғат тарихы музейі­нің қызметкері Расс Макфи. «Ағзаларға төн­ген қауіп пен генетикалық алуан­дылықтың жоғалуын зерттеу сияқ­ты ғылымның кей саласы үшін бұл аса маңызды. Табиғат тарихы музейлері ескінің көзін табатын жалғыз орынға айналып бара жатыр».

Маша орналасқан залдан төменгі қабатта екі Калифорния кондоры тұр. Олар әлемдегі ең көне құстарға жатады. Құстар Санкт-Петербургке 1851 жылы Калифорниядағы орыс форпосты Форт Росстан әкелінді. 

Пенсильвания мемлекеттік университетінің зерттеушілері Америка Құрама штаттарындағы Калифорния кондорларының генетикалық мәліметтерін іздей бастағанда Санкт-Петербургтегі әріптестерінің көмегіне жүгінді. Қазір кондорлардың саны 500-ден азайып кеткен. Құстардың бір қанаттары зерттеу жұмысы үшін университетке жіберілді.  

Орнитологтар музейдегі кондорлардың терісі мен ішек құрылысындағы ДНК тізбектерін талдап, олардың өмір сүрген аумағын анықтауға тырысты. Осылайша, іздеу жұмысына негіз қаланды. 

«Құстардың жойылу қаупі бар. Жаңа әдістердің арқасында оларды қайта қалпына келтіруге мүмкіндік мол», дейді доктор Тихонов. 
Зоологиялық музейге жылына 300 мыңға жуық қонақ келеді. Доктор Тихоновтың болжамына сүйенсек, сол күні 7 000 адам келуі тиіс. Жұмыс күні аяқталмай жатып музей қызметкерлері шаршады. Алайда олардың бірі – Полина Кенуннен балаларға экскурсия жасауын өтінгенде қонақтарды күле қарсы алды. 

Интернетте жалған ақпарат кездесіп қалады, – деді қонақтарды көк киттің қаңқасы мен Чарльз Дарвиннің бюстіне алып бара жатқан Полина. – Бірақ музейде шындықты айтып қана емес, көрсете де аламыз.

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»