Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2018

Қостанай облысының әкімі жеңімпаздарға «Триумф» сыйлығын табыстады

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жыл сайынғы дәстүрмен мектеп оқушыларының олимпиадаларында, шығармашылық байқаулар мен спорт жарыстарында жеңіске жеткен үздіктермен және олардың жетекшілерімен, жаттықтырушыларымен кездесті және жеңімпаздарға «Триумф» сыйлығын табыс етті. Дарынды, қанатты жастар, олардың табыстары біздің мемлекеттің болашаққа салған инвестициясы болып табылады. Еліміз Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында өткен салтанатты кездесуде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мектеп оқушыларын өмірдегі алғашқы табыстарымен құтықтай отырып, облыс өңірінде жастар үшін жасалып жатқан істерді шолып өтті.

Қостанай облысының әкімі жеңімпаздарға «Триумф» сыйлығын табыстады

«Жастар үшін сапалы білім алу ең маңызды іс. Өткен жылы облыс әкімдігі 200 оқу грантын бөлді және алдағы уақытта 5 жатақхана салынатын болады. Оның екеуі 2019 жылы тапсырылады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында облыста ІТ лицей ашылды. Оған 200 миллион теңге қаржы бөлінді. Облыстағы мектептерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету ісі жалғасып жатыр. Бүгінде 504 мектептің 426-да, яғни 84 процентінде кең жолақты интернет бар. 312 мектеп Вай-файмен жабдықталды. Бұл барлық мектептің 62 проценті деген сөз. Дарынды оқушылар халықаралық дәрежедегі білім, шығармашылық байқаулардан, спорт жарыстарынан жүлделі орындар алып келіп жатыр. Бұл мақтаныш. Осындай табысқа жету үшін өңірде жастарға арналған барлық жағдайды жасай береміз» деді Архимед Бегежанұлы. Алдағы жылды Елбюасы Жастар жылы деп жариялады. Облыста келесі жылы Жастар сарайы бой көтеретінінен де облыс әкімі хабардар етті.

Кездесуде үздік табыстарымен елді сыртқа таныстырып жүрген оқушылар да сөз алды. Аян Молдағалиев спорттық гимнастикамен айналысады. Ол Қазақстан чемпионаттарында бірнеше дүркін жеңімпаз атанды және Индонезияда өткен Азия жастар чемпионатында қола медальге ие болды.

«Мен Қостанайдағы №15 мектептің 11 сыныбында оқимын. Спорттық гимнастикамен 5 жасымнан айналысамын. Спорттық гимнастика – спорттың олимпиадалық түрі. Алдағы уақытта қиындықтарға төзе отырып, жаттықтырушыларыммен тізе қоса жұмыс істеп, биіктерден көрінуді, олимпиадаларда елімнің туын көтеруді армандаймын» дейді Аян.

Облыс әкімі халықаралық жарыстардан жүлде алып келген оқушыларға және олардың ұстаздары мен жаттықтырушыларына «Триумф» сыйлығының сертификаттарын табыс етті.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай