Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Бөкей ордасы ауданы табиғи газбен толық қамтылды

944 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының Ұялы ауылына табиғи газ құбыры жетті. Осымен Ақ Жайық өңірінің ең шалғай ауданы көгілдір отынмен және таза ауыз сумен 100% қамтылып отыр.

Бөкей ордасы ауданы табиғи газбен толық қамтылды

Фото: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Биыл Бөкей ордасы ауданының 12 ауылына, жалпы 6550 тұрғыны бар 1151 үй мен 35 әлеуметтік нысанға газ құбырын тарту үшін Батыс Қазақстан облыстық бюджетінен 213 млн. 511 мың теңге бөлінген еді. Айта кетейік, Орал қаласынан 500-600 шақырым қашықта жатқан Бөкей ордасы ауданында 7 ауылдық округ, 22 елді мекен бар. Табиғи газ округ орталықтары ғана емес, шағын ауылдарға – бұрынғы бөлімшелерге де тартылып жатыр.

- Аудан орталығы Сайхын селосынан ең шалғай жатқан біздің Ұялы ауылында 215 үй бар. Біз бұл күнді асыға күттік. Сексенге жуық ауыл тұрғыны үйлеріне табиғи газ кіргізуге дайын отыр. Қазіргі таңда 72 үйдің құжаты тапсырылып, 35 үйдің құжаты құпталды. Ұялылықтар тезек жағып, күл шығару бейнетінен құтылатын болды, - дейді ауыл әкімі Бақытжан Оразғұлов.

Ауданның 12 елдімекеніне газ құбырын тартып, өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосқан мердігер «Әлия-Сервис» ЖШС болса, Ұялы ауылындағы ауылішілік газ құбырын «БатысКотлоМонтаж» ЖШС жүргізіпті. Ұялы аулындағы жұмыстардың жобалық құны 38,6 млн. теңге болыпты.

– Елбасымыз халықтың әл-ауқатын көтеруді, тұрмыс сапасын арттыруды басты бағдар етіп отыр. Жыл сайынғы жолдау, қолға алынып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың қай-қайсысының да басты темірқазығы – халықтың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын жақсарту. Нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыз, аудан таза ауыз сумен, көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз отыр. Биыл 2000 шақырым су құбыры тартылып, облыс бойынша 110 елді мекенге таза ауыз су жеткізілді. Оның ішінде төрт ауыл – Бөкей ордасы ауданынан. Жыл сайын 500 шақырым жолды жөндеу көзделген. Облыс бойынша 44 елді мекенге газ тарту жоспарланған болса, бүгінгі таңда 25 елді мекенде көгілдір отын пайдалануға берілді. Елбасы Н.Назарбаев облысымызға биылғы жылдың мамырында келген сапарында жол мәселесін көтерген еді. Бұл бірер ай, тіпті бірер жылда біте қоятын шаруа емес, жауапкершілігі де, қаражаты да ауқымды шаруа. Қазталов-Жәнібек-Бөкей орда аралығындағы 336 шақырым жолды жөндеу қолға алынды. Мұның бәрі де –Тәуелсіздігіміздің жемісі, Елбасының стратегиялық саясатының жетістігі, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов ауыл тұрғындарымен кездесуде.

Ауылға келген көгілдір отынның символикалық алауын өңір басшысы Алтай Көлгінов пен еңбек ардагері Мұқси Бекқалиев тұтатты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының 4 ауданы табиғи газбен толық қамтылып отыр. 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыс халқының табиғи газбен қамтылуы 95,4%-ті құрады. Әрине, газдандыру жұмыстары жалғасады. Келесі жылы Қазталов ауданында – 13 ауылға, Теректі ауданында – 7 елдімекенге – барлығы 20 ауылға газ құбырын тарту жоспарланған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»