Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2018

Маңғыстаулық мемлекеттік қызметшілер медициналық тексеруден өтіп жатыр

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нейрон» медициналық орталығы мемлекеттік қызметшілерге тегін қызмет көрсетуде. Кестеге сәйкес мемлекеттік қызметшілер дәрігерлердің қабылдауында болып, тегін медициналық тексеруден өтуде. Бұл шараның мақсаты аурулардың алдын-алуға бағытталған. Мемлекеттік қызметшілер терапевт мамандарының тексерісінен өтеді және флюорография, қан, зәр талдауы секілді медициналық қызметтер алады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер профилактикалық жылдық медициналық тексеруден өтіп қана қоймай, жұмыс уақытында дәрігерлердің кеңесіне жүгіне алады.

Маңғыстаулық мемлекеттік қызметшілер медициналық тексеруден өтіп жатыр

Бұл шараны денсаулық сақтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті ұйымдастырып отыр.

Агенттіктің аумақтық департаменттің басқарма басшысы Қалампыр Уәзірованың айтуынша, кәсіби мемлекеттік аппаратты құру және халыққа қызмет көрсетуде мемлекеттік қызметшілердің әл-ауқаты мен денсаулығына баса назар аударылады.

- Қазақстан республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы ұлттық баяндамасына сәйкес аймақтарда мемлекеттік қызметшілерге арналған денсаулық сақтау қызметтерін жақсарту көзделген. Мемлекеттік қызметшілерге профилактикалық шараның маңыздылығы түсіндірілді және олар медициналық тексеруден өтуде белсенді. Айта кету керек, бұл бастама «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» бағытындағы жобаны іске асыру мақсатында және агенттік төрағасымен бекітілген Кешенді жоспарға сәйкес жүргізілуде, дейді ол.

Бүгінде «Нейрон» медициналық орталығы мемлекеттік қызметшілерге медициналық қызмет көрсететін бірыңғай орталыққа айналды деуге болады. Себебі олардың кеңес алып, емдеу шараларын пайдаланып, жыл сайынғы профилактикалық медициналық тексеруден өтуіне кедергі жоқ.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы