Кәсіпқой бокс • 07 Желтоқсан, 2018

Кәсіпқой рингтегі ең үздік жекпе-жектер

528 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Американың атақты спорт журналисі, әйгілі комментатор Дэн Рафаэль 45 жылдық тарихы бар ESPN арнасында көрсетілген кәсіпқой боксшылар арасындағы ең үздік жекпе-жектердің рейтингін жариялады.

Кәсіпқой рингтегі ең үздік жекпе-жектер

Ең керемет әрі ымырасыз бәсекелер қатарына Қазақстанның қос даңқты былғары қолғап шеберлерінің қатысуымен өткен жекпе-жектер де енді. Тарқатып айтсақ, 2017 жылдың 16 қыркүйегі мен 2018 жылдың 15 қыркүйегінде орта салмақтағы Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің айқасы бұл тізімде 16 орында тұр. Лас-Вегаста өткен бұл кездесулердің алғашқысында тең есеп тіркелсе, екіншісі мексикалық боксшының пайдасына шешілді.  

2003 жылдың 26 сәуірінде АҚШ-тың Коннектикут штатында қазақстандық Василий Жиров пен америкалық Джеймс Тони арасындағы жекпе-жек жоғарыдағы рейтингте 22 орында тұр. Бірінші ауыр салмақ дәрежесінде өткен бұл бәсекеде жерлесіміз жеңіліп қалған еді.   

Ал ең үздік ондықтың қатарына мына жекпе-жектер енді:

Бастер Дуглас (АҚШ) – Майк Тайсон (АҚШ). 11.02.1990 жыл, Токио. Бұл бәсеке 10 раундта Дугластың айқын жеңісмен аяқталды.  

Марвин-Хаглер (АҚШ) – Томас Хирнс (АҚШ). 15.04.1985 жыл, Лас-Вегас. Кездесудің 3 раундында Хаглер қарсыласын нокаутқа жіберді. 

Риддик Боу (АҚШ) – Эвандер Холлифилд (АҚШ). 1992-1995 жылдар аралығында қос боксшы арасында үш жекпе-жек ұйымдастырылды. Оның екеуінде Боу басым түссе, біреуін Холлифилд ұтты.   

Мэнни Пакьяо (Филиппин) – Хуан Мануэль Маркес (Мексика). 2004-2011 жылдар аралығында айтулы боксшылар арасында үш жекпе-жек өтті. Екеуі де бір-бір реттен жеңіске жетіп, тағы бір кездесуде тең есеп тіркелді.

Аарон Прайор (АҚШ) – Алексис Аргуэльо (Никарагуа). 12.11.1982 жыл, Майами. 14 раундта Прайор қарсыласын есінен тандырды.

Эрик Моралес (Мексика) – Марко Антонио Баррера (Мексика). 2000-2004 жылдар аралығында қос боксшы үш мәрте бір-біріне қарсы келді. Екі рет Баррера жеңсе, бір рет Моралестің бағы жанды.

Микки Уорд (АҚШ) – Артуро Гатти (Канада). 2002-2003 жылдар аралығында олардың жолы үш мәрте қиысты. Екі рет Гатти, бір мәрте Уорд басым түсті.

Шугар Рэй Леонард (АҚШ) – Томас Хирнс (АҚШ). 16.09.1981 жыл, Лас-Вегас. Бұл бәсеке 14 раундта алғашқысының айқын жеңісмен аяқталды.    

Хулио Сезар Чавес (Мексика) – Мелдрик Тэйлор (АҚШ). 17.04.1990 жыл, Лас-Вегас. 14 раундта Чавес техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Феликс Тринидад (Пуэрто-Рико) – Фернандо Варгас (АҚШ). 02.12.2000 жыл, Лас-Вегас. Кездесудің 12 раундында Тринидад қарсыласын тізе бүктірді. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше