Әйелдер арасындағы қысқа бағдарлама 16 жастағы Жапонияның жас жұлдызы Рика Кихираның әлемдік рекордымен аяқталды. Оның көрсеткіші – 82,51 ұпай. Ресейдің даңқты қос спортшысына – Олимпия ойындарының жеңімпазы, Еуропа чемпионы Алина Загитова (77,93 ұпай) мен әлем және құрлық чемпионы Елизавета Тоқтамышева (70,65) екінші және үшінші орындарды қанағат тұтты.
Ерлердің қысқа бағдарламасында командалық сайыстағы Олимпия ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы, америкалық Натан Чен (92,99 ұпай) топ жарса, одан кейінгі екі сатыға Олимпиада және әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері жапониялық Сома Уно (91,67 ұпай) мен чехиялық Михал Бржезина (89,21 ұпай) жайғасты. Қазақстандық Никита Минько 16 сатыға табан тіреді.
Осы жарыстың жұптық сайысында өнер көрсеткен жерлестеріміз – Жансая Әдіханова мен Әбіш Байтқанов 9 орын алса, жасөспірімдер бәсекесінде Рахат Бралин мен Алана Тоқтарова қола медальді мойындарына ілді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»