Әдебиет • 10 Желтоқсан, 2018

Әсел Кәрібай. Төгілердей Айвазян теңізі

2193 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Әсел Кәрібай. Төгілердей Айвазян теңізі

Мен білмедім өмірде күнә барын,

Есімде жоқ сүйгенім, жылағаным.

Жоқ есімде ессіздеу бір Қарындас,

Айналғаны жырына бір Ағаның.

 

Түсінген де емеспін тірлік мәнін,

Пенде біткен сөйлейтін тілді ұқпадым.

Мен жұбаттым заманның Зарлықтарын,

Мен ескердім мүддеттің Мұңлықтарын.

 

Арман етіп айтады Өмір нені?

Парасатсыз пенделік – төңірегі.

Өлең болып оқылған ғасырларды,

Өлім көміп тастайтын көрінеді.

 

Атылмаған береннен сияқты оқтай,

Кеудесінен құсалы күй атқақтай,

Ұлы адамдар өмірден өтеді екен,

Мият таппай ол жақтан, ұят таппай.

 

Жер үстінде қалғандай өлке құрып,

Адамзатты мен жаққа елтеді үміт,

Суы құрып аузының айтады екен,

Пейішімді ғаламат ертек қылып.

 

Дұға оқып әр мұң мен әр қайғыда,

Олар жасап жүреді қандай күнә?

...Ары таза болсын деп Тәңір менің,

Жазбаған ғой Өмірді маңдайыма.

 

***

Білмейсіз Сіз, жарқыным, біздің жайды,

Балауса гүл сабағын үзді қайғы.

Сыртында терезенің Көктем күлген,

Ішінде Күз жылайды, қыз жылайды.

Туа қоймас, білеміз, біз ғашық күн,

Қай жаққа алып барады Күзді асып мұң?

Мен неге бұл Көктемге өкпелімін?

Мен неге Күзге асықтым, Сізге асықтым?

Шыдап жүрер екенбіз біз қанша Ай, Күн?

Жетегінде жүрерсіз Сіз қанша ойдың?

Неліктен ерте қажып кетті жүрек?

Неліктен Күзді аңсаймын, Сізді аңсаймын?..

***

Гүлге сəлемімді жеткіз,

Құсқа сəлемімді жеткіз,

Көктем!

Мен осы ескі жұртты қыстап қалайын.

қоржынымда:

мұқабасын шаң басқан – Жюль Верн,

парақтары сарғайған – Мағауин.

 

қаңыраған үй мынау:

қираған есік пен шағылған терезе,

қуысына қарлығаш ұя салыпты.

менің жарым көңілімдей

елегзиді иесіз үй,

құлазиды иен дала.

 

кеудеме көк сеңгір тауларды көшіріп,

көзіме көк барқыт теңізді көшіріп,

басымнан қарағай өсіп шығардай,

ернімнен бөртегүл өсіп шығардай –

өзім-ақ Көктемге айналармын.

Табиғатқа айналармын.

 

Онсыз да саған жетем деп – 

күншілік жолдан қажыдым,

айшылық жолдан шаршадым.

жолшырағымның сəулесі сөнуге таяу.

жолжазбамның əріптері ғайыпқа сіңіп,

кірпігімнен сиясы сорғалайды.

кемеңгер қарға ғана,

данагөй өрмекші ғана

біледі болған жайды.

 

адасқан дəруішпін.

қаңғырған диуанамын.

құбыланамамда бүтін бір дəуір құбылды.

құбылтастар мен замартастардан

сарай салармын осы Маусымға,

осы Маусымды қыстармын.

 

Гүлге сəлемімді жеткіз,

Құсқа сəлемімді жеткіз,

Көктем!

 

escapism

біз неге Ғарышты аңсаймыз?

 

кеткіміз келіп асығып.

жанарымыздан жұлдыздар ағып,

ай жүзімізді түнгі ызғар қарып,

алданыш болар мас үміт.

Жерді əлде жатсындық па екен?

 

жатсындық, көкем...

бір түйір мейірім таппай.

күйігін қаптай басыңа

мəңгүрттендірер.

даланы Жаңғыртқан жылар...

төбеңнен Қаңғыртқан күлер...

 

астаң-кестең дүниені төңкеріп тастап

кеткің келеді.

себебі,

бұл жақта:

 

умаждалған гүлдердің тағдыры аңқыр.

өлгендердің қайғысы ауада мүңкір.

шашы ағарған арманнан əлсіреп жарқыл.

қарғыс айтып қақалған кемпірдей күңкіл.

 

деміңе сіңген дəуірдің хаттарын оқып,

жеңіңе жұққан сиямен жазасың өлең.

ақынмын деген біреуді мақтарсың көкіп.

адалмын деген біреуден түршігер денең.

 

жыртығын жамар жаныңның шүберек-сөздер.

бір тыным таппай қуасың сап-сары сағым.

кептерің ұшқан кеудеңнен үпелек-кездер.

содан соң,

көктемің жүрер паналап қабірдің маңын.

 

шаң басқан миың түшкіртер,

көнерер көзің,

кезеріп ернің кетеді,

жасың да құрғап,

етіңді сылып алғандай мүжіліп төзім,

Ғарышқа кеткің келеді

 

бір уақ.

 

«Хатико» синдромы

"Қыздың аты – Ақтолқын."

Есенғали Раушанов

Қарашада құс та ауыр күрсінеді,

Қарашыққа мөлдіреп мұң сіңеді.

Құсни-хатым айналып жастығыңа,

Сен де, жаным, сағынып жүрсің мені.

 

Жолдар ұзақ.

арамыз мың шақырым.

самолет ұшса баяу...

поездар жүрсе ақырын...

Теңіз кешіп,

Тау асып,

жетсеңші енді!

демесең:

шағылса Айым,

сынса Күнім.

 

Сенсіз жүрген жолдардың бəрі бекер,

Бізді жолықтырар ма Тəңір-əкем?

 

Қарашамыз биылғы Шілде болды,

Кері кетер дүние,

кері кетер...

 

Көшелер де бос қалды көліктерсіз,

Айырылды баяғы көріктен Күз.

бұл жақта Жер – құп-құрғақ.

бұл жақта Ауа – қапырық.

Шалшық суға аяғын малып отыр

еріккен қыз.

 

Көз жанарың талды ма Ай күзетіп?

айғыз бетін ақтадым қайғы жетіп.

сеніменен танысқан қай Күз еді?

сені менен айырған қай Күз еді?

 

Екеумізді сынайтын сықылды Күз,

Жалғыздыққа жабырқау жұтылдым жүз.

Батыс жаққа кетіп ең...

жол қарайлап,

Біз Алматы екеуміз күтіп жүрміз...

 

қашан келесің?

 

***

есть города, похожие на вино.

Жайлы маусым қаласы:

ескі үйлер,

ескі жолдар,

бəрі ескі,

(о, ескіні сүйемін.)

жылдарым да,

күндерім де көмескі.

кітап-мұңым киелі.

 

жалаңаяқ жаңбыр кешкен бойжеткен

трамвайға асығады,

қашық əлі бекеті.

көзіндегі тəтті мұңды жасырады

жолмен бірге əкетіп...

 

– қайыршы шал, кептерлерге сыбызғы-мұң шерт енді!

(мен бақытты емеспін-ау сол шалдан...)

жапырақтар сағыныштан өртенді.

қайтем, бірақ

тереземде тоңса арман?..

 

театрлар да,

вокзалдар да,

үйлер де

жүз ғасырға кешіккен бе?

қалай жылдам ескірген?

аңсаған ба?

сағынған ба?

сүйген бе?

қаңғып жүрген көлеңкемнің ессіз күйін кештім мен.

 

қолшатырдың астында тұр екі ғашық жарасып,

ерін де – гүл,

сезім де – гүл,

гүл атады – қарашық.

 

жазылмайтын дерті меңдеп,

өртіне өлмек оранып,

Қарашаның көшесінде Жалғыздық жүр адасып.

Қарашаның көшесінде Жалғыздық жүр адасып...

 

***

Қанатым өсіп арқамнан,

Көктемге малып қауырсынымды

ұшып барамын...

ең нəзік гүлдің жұпары аңқиды жанымнан,

ең ғажап таңның сəулесі ойнайды көзімде.

 

инеліктің түссіз қанатына жасыл бояу жұқтырып –

жүрегімді жасырдым.

мамыргүлдің бүршік жарған мезетіне ақ байлап –

арманымды жасырдым.

 

самғап келемін,

самғап келемін,

ақшулан бұлттар – ақ көрпе,

ақкербез таулар – ақ бесік.

 

...аңсадым ба екен Тəңіріме жетер сəтті ерте,

аңдаусыз шақта арқамнан қанат кетті өсіп.

 

Құстардың əнін,

Теректің биін

айнытпай – 

бейнемде қайта бүрледім.

сапарлап келем

Жұлдызға қонып,

Айды ықтай,

 

–  мен қашан Өмір сүргенмін?..

 

ымыртта өртеніп

Кəмпиттау жарқ-жұрқ етеді,

шалқиды теңіз інжумен бояп кемерін.

 

күңгіртте – жарық,

түнекте – шырақ

серігім болып өлеңім,

данышпан шалдар айтпаған,

қалың томдардан таппаған,

Ақиқатымды іздеп келемін...

 

 

Тәңірінің галереясы

Жансаяға

түнекте тығылып гүл атар мәңгі мұң,

түнекте тығылып гүл атар мәңгі мұң.

Жарықтың жамалынан Өлең қымсынып,

Мунктың Айқайынан денем түршігіп,

Куинджидің Айлы түнінде қаңғыдым.

 

кенет...

Джоконданың күлкісі

талып жетті Луврдан

астаң-кестең дүниені арылтып

өсектен,

күбірден,

сыбырдан.

 

Биялай киген бозбала отыр,

Тицианның барлық бояуын жұтып,

ғазалын кім бар ұғынған?..

 

Деганың Балеринасы

бір мұңлы мелодияның нотасында билейді,

міннен ада мүсіні,

кірден ада мүсіні.

Сондай асқақ!

Сондай паң!

дидарында өртен!

лаула!

күй мейлі!

сен сүйгенмен,

ол пендені сүймейді!

 

Сабағынан жел үзіп,

дәндері шашылған Даланың гүлі

дәрменсіз хәлін аһ ұрып менен сұрады.

жұбата алмаған сөздерім ғана кінәлі!

жылай алмаған көздерім ғана күнәлі!

кірпігім қақсам төгілердей боп тұрады,

Айвазян Теңізі...

maktub

екеуміз дерттілерденбіз:

сертті берген ұл.

сертті берген қыз.

 

ең аяулы мұңымның куəсі етіп

сенің адалдығыңның көк тиын құнын

арқалап жеттім Көктемге.

несін сұрайсың?

мұздан тоңғам мың.

өрттен өлгем жүз.

қайғы-шалдың таяғына ұқсас көлеңкемді

өз елесіне

ертті келген Күз.

 

кітаптың ішіне сақтаған

гүлдеріңді өртедім.

жастықтың астына жасырған

хаттарыңды өртедім.

 

ендігі,

жаураған көшенің шамдарын жылытар қауқарым болмай,

жалғыздығыма тығылам.

қағазды айғыздап мөлдірім

жазғым келеді.

(жазу ішінде ғұмыр бар.)

шерін ішіп шексіздіктің отқа сіңдім мен бүгін.

обал ма?

көктемімді іздедім мен тоналған.

сəттерімді сағындым мен жоғалған.

 

мейлі, қош.

темекіңнің түтініндей будақтайды ойларым,

мың күдікке арбалып,

мың үміттен қайта жанған шырақ-мұң.

құрақ-құрақ жүрегім,

жамау-жамау көңілім,

қалай мені ұнаттың?

түсінбеймін...

маған сені жіпсіз байлап қойған кім?

жиегімде күңіреніп күн қалды.

аңыранып ай қалды.

 

шексіздік жоқ!

өтірік!

тағдырымыз Өмір-талдың бұтағын,

мекен еткен құс еді...

енді, міне,

есепсіз мүрделерден

ғибадатхана салғысы келген Антейдей

ғасырлар бізді жұтады.

дəуірлер бізді ішеді.

 

қартайған құстың қанаты сипап кеудеден,

Тəңірге деген тəубемен:

маған жазған өлеңіңнен дерттендім.

саған жазған өлеңімнен дерттендің.

 

...Ай қозғалып кетсе, мейлі,

айнымас,

қалай ғана тайдық екен серттен бұл?

 

***

Құстардың көз жасын құтыға құйып ап

жол кезген бейбақтай,

Жарымжан көңілін жерлемек ниетте

көр қазған бейбақтай,

О, менің тəуелсіз Көлеңкем!

бір сезім əуеге көтерген құстай боп,

бір қиял бітірген қанатты ұштай кеп,

соңында:

Өмір деп ұққаным  –  түстей боп...

сəулелі мекенді бетке алып

кетермін мен ертең...

 

іздеме өзге жұрт, өзге елден,

сұрама бауырдан, таныстан көзкөрген,

мазасыз ойларың жамырап жан-жаққа безгенде,

күбірлеп Дұғамды оқы да,

Ғайыпқа сіңіп кет.

 

содан кейін екеуміз де естелікке көшеміз:

 

табанымызды шөп сүрткен

өлкеде қалар,

маңдайымызды күн сүйген

шақтарда қалар

Ізіміз...

 

ең бір аяулы құрбының

есінде қалар,

бөлмеге ілген айнаның

ішінде қалар

Жүзіміз...

 

сиясы кеуіп, құрғаған

жазуда қалар,

елдің назары аумаған

мінберде қалар

Сөзіміз...

 

таспаға жазған ең құнды дерегім қалып,

мұрағаттарда сақталған өлеңім қалып,

сарғайған ескі суреттен бейнемді танып адамзат...

 

содан кейін екеуміз де қоқысқа айналамыз...

Күнə

сəби шағымда сансыз құмырсқа өлтірдім

жаңбыр жаусын деп...

 

жанары ма еді суалған көрші кемпірдің?

мен күткен осы маусым ба ед?

 

жаңбырың қайда,

тағдырым қайда, Қараша?

түніңнен емес,

жалғыздығымнан жаурадым.

қай сəттеріңе қалдырды мені Оңашам?

қай түкпіріңе əкетті мені Аулағым?

 

ақ шарбы бұлттан ақ көйлек тігіп кисем бе?

өзім-ақ, бəлкім, жауармын.

қып-қызыл ернім – өртенбес енді сүйсең де,

жап-жасыл жаным – жараңа таңған дауам бұл.

 

Күн жамай уақыт,

Ай жамай уақыт сырғуда,

найзағайлатып қайғырар қашан Зевс шын?

өңсіз күзіңді көруге батпай түсті ме əлде ұнжырғам?

келмеді ме екен көріскім?

 

тау көңіл қайда,

өр көңіл қайда тасыған?

ғасыр да өтті-ау,

жылдар да кетті-ау жылыстап.

 

Қараша, сенің кеудеңде жатқан өксігім қалай басылар?

өлу керек пе құмырсқа?

 

***

Когда я перестану тебя ждать,

Любить, надеяться и верить,

То я закрою плотно окна, двери

Я просто лягу умирать.

Марина Цветаева

Сен жоқ қала – көріксіз! Сенесің бе?

Сен жоқ қала – молалы жарға айналған!

Мен өзіңді күтемін... Келесің бе?

Ең алғашқы жапырақ сарғайғанда...

 

Тағатымды тауысып үнсіз менің,

Өртеп кеттің көбелек-қанатымды.

Күн сырғыттым бетінде Күнтізбенің...

Мұң сырғыттым тілінде Сағатымның...

 

Сен кеткелі Алматы өзгерді анық.

Бульвары да жатсынды!

Гүлзары да!

Құрбан болған жолыңа көздер-ғаріп,

Бір көруге жете алмай жүр зарыға.

 

Сенің айтқан әніңнің куәсіндей –

Ай Жарығын сақтармын кеудемде ұзақ.

..."Қош!" дегізген таңдардың күнәсін кей,

Соңғы жұлдыз сүртеді сөнгенде ұзап.

 

Көкке, Айға, Саған да керегім не?

Жүрегімде болмаса аядай Мұң.

...Әр тамшысын жаңбырдың теремін де,

Сенің жазған жырыңдай аялаймын.

 

...Тәңір-Мұңнан сұраған Тілегіміз!

...Аспан жаққа шақырған асқақ Арман!

(Жапырақ боп кеткен бе жүрегіміз?

Сағыныштан сарғая бастаған ба?)

 

Қаңғыған ой кезеді мұнар ішін,

Көрінер ме Сәулеңнің бір ұшқыны?!

Жас кеппеген көзімнің Жұбанышы!

Қасіретті жанымның Тыныштығы!

 

...Сен жоқ қала – көріксіз! Сенесің бе?

Сен жоқ қала – молалы жарға айналған!

Мен өзіңді күтемін... Келесің бе?

Ең алғашқы жапырақ сарғайғанда...

 

***

Қаланы – қар,

Жүректі – мұң

тоңдырды,

жатқа елеңдеп.

Ақ көбелек – төңірек.

Ауыл жаққа апармай жол

қор қылды –

Шақырымдар шегі жоқ.

Алматының қысы бөтен.

Әрсіз тым.

Аязы да қарымайды бетімді.

Тым жалаңаш,

Тым жұтаңдау,

Жансыз тым –

Тұрғындары секілді.

Аспан жақтан жауғызады Тәңірі,

Рақымының ең нұрлысын, ең молын.

Жерге түскен сәттен бастап қадірі –

Табанына тапталады пенденің.

Тапталады

Аппақ ары!

О, соры-ай!

Жатсынады жат қаланы...

сезінем.

Кірін шайып асфальттардың...

шашырай –

жас ағады көзінен.

Бұл Алматы –

Сұқты сұлу!

Оңбаған!

Жесір қалып.

Есіңді алып арбайды.

Жүрегіңді сағынышпен қорғаған

Ауылыңдай адал бола алмайды!

Кезім келсе,

Әр тайған да,

Қартайған...

Өліп кетсем,

Жұлдызға анық,

Айға анық –

Рухым менің оралады Алтайға

Қар қызына айналып!