Аймақтар • 10 Желтоқсан, 2018

«Үлгілі сот» мінезді болуы тиіс - Советхан Сәкенов

626 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында «Егемен Қазақстан» газетіндегі сұхбатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Асанов атап айтқан сот саласындағы «жеті түйін» құқықтық қоғамдағы ең актуалды, ең қажетті мәселелер қатарынан орын алады деп ойлаймын. Онсыз алға жылжу ескексіз қайықпен жүзгендей әсер қалдырады.

«Үлгілі сот» мінезді болуы тиіс - Советхан Сәкенов

Демек, қазіргі кездегі ең басты сұрақ, не­гіз­гі мәселе – бидің тұлғасы. Ол қандай бол­мақ керек? Осы орайда қазіргі заманның биі­не қойылатын талаптар немесе оның негіз­гі критерийлері төмендегідей болса деген ұсы­ны­сым бар. 

«Мінсіз судья» біріншіден, жан-жақты білімді, мәдениетті, парасатты болуы керек.

Екіншіден, дөрекі, тәкаппар, менмен болмауы керек, ал төраға ретінде, ұйымдастыру, адамдармен тіл табысуы қабілеті жоғары деңгейде болуы қажет. Қарамағындағы адамдарды алаламай, жік-жікке бөлмей, оларға бірдей, тең қарағаны жөн. 

Үшіншіден, өмірлік те, кәсіби де мол тәжі­рибесі бар, жақсы мен жаманның аражігін ажырата білетін, ары таза, адамгершілігі мол, әділетті шешім қабылдауға жаны құштар, жоғары тұрған лауазым иелері мен басқа да адамдардың заңсыздыққа итермелейтін қоқан-лоқы әрекеттерінен қорықпай, қайсарлық танытатын бірбеткей болуы қажет.

Өйткені судья құқықтық-демократиялық елде, қатаң заң негізінде дұрыс та әділ билік айтуды талап ететін әрі ол жөнінде соңғы нүкте қоятын, заң саласындағы ең шоқтығы биік, жауапкершілігі өте жоғары, мәртебесі бөлек мемлекеттік лауазым иесі деп ойлаймын.

Төртіншіден, билер (болашақ судьялар) қазақтың тілін, әдебиетін, тарихын, әдет-ғұрпын, мәдениетін білетін, яғни бір сөзбен айтқанда, рухты, намысты, иманды әрі мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, сауатты жаза алатын, жан-жақты ойлайтын, өзіндік пікірі бар азамат болуы шарт. 

Бесіншіден, үміткермен бірге қызметтес болған, оны адами, кәсіби жағынан жақсы білетін екі-үш беделді азамат пен заңгер немесе тікелей басшылары жазбаша мінездеме (рекомендация, кепілдік) берсе және сонысына олар белгілі бір дәрежеде моральдық және қызметтік тұрғыдан жауапты болса.

Алтыншыдан, би болғысы келетіндер бұқаралық ақпарат құралдарында әрі жеке тексерулер арқылы сұрыпталып, тазалығы жөнінен кейін осындай сынақтан тұрақты өтіп тұрса.

Жетіншіден, би болуға ұмтылған адамға қойылатын ең бірінші шарт – оның таза болуы. Тазалығы болмаған адам, мейлі білімді, мейлі ақылды, кім болса, ол болсын, ешкімге опа бермейді. 

Абай хакім: 

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті» депті.

Осыны данышпан Абай үш сүю, яғни имани гүл деп атаған екен.

Демек, бұдан шығатын қорытынды, әді­лет­тілік жоқ жерде бәрі бекершілік деген сөз. Сондықтан басты мәселе әділеттілікте жатыр. Яғни, әр судьяда әділеттілікке деген махаббат болуы керек. Ал әділеттілік кадрды дұрыс таңдаудан басталады. 

Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан: «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің жақсы жағасына қарамайтындай жағдайға қою шарт» деген екен.

Ертедегі билеріміз «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демеп пе еді? Себебі «елге бай құт емес, би құт», деген қазақтың ойшылдары. Демек, елдің баға жетпес байлығы – әділ билер. 

Ғұламалардың осы айтқандарынан судья­лардың қоғамдағы, мемлекеттегі алатын орны мен әлеуметтік жағдайының қандай дәрежеде болуы керектігі айқын көрініп тұрған жоқ па?

 «Сот төрелігін әділ атқарудағы жеті түйін, яғни жеті бағдардың іргетасы, басты тұғыры – «Мінсіз судья» мен «Үлгілі сот». Егер осы екі бағыт, екі бағдар дұрыс болса, қалған «сот төрелігін атқарудағы бес түйін де» осылардың тікелей жалғасы әрі осылардың негізінде өрбиді демекпін.

Үлгілі соттың ұжымында моральдық психологиялық климат, сот қызметкерлерінің өзара қарым-қатынасы, адами сыйластығы жоғары деңгейде болатыны белгілі. 

Судьялардың ішкі тәуелсіздігіне кедергі келтіретін нәрсе – қорқақтық, жағымпаздық пен жалтақтық. Төрағаның айтқаны дұрыс болмаса да соны бұлжытпай орындау. «Қорқақ адам пасық келеді», деген хакім Абай. Ал пасық адам кез келген пасық іске ұялмай бара береді. Сондықтан судья шындыққа, әділдікке келгенде мінезді болуы керек. Мінезсіз судья –  әділеттіліктің қас жауы деп есептеймін. 

Дүние сотын алдағанымен, Ар сотын, Алла со­тын алдау, одан қашып құтылу мүмкін емес­тігі әр судьяның қаперінде болса игі, өйткені ең Жо­ғарғы сот – Ар соты екенін түйсінгені жөн.

Ең дамыған отыз елдің қатарына жету үшін, болашақ судьяларды осы айтылған не­гізде таңдап, тәрбиелеуіміз керек деп ойлаймын. «Жеті түйіннің» алғашқысы әділеттілік, со­дан кейінгілері судьяның жауапкершілігі мен тәуелсіздігі деп аталуы бекер емес.

Советхан СӘКЕНОВ, 

Алматы облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы