Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

Жезқазғанда апатты үйдің мәселесі оң шешілді

313 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жезқазған қаласындағы апаттық жағдайда тұрған көпқабатты үйдің мәселесі оң шешімін тапты. Мұндай нәтиже қала басшылығының осы мақсатқа бөлінген бюджет қаражатын ұқыпты пайдалануының арқасында мүмкін болды.

Жезқазғанда апатты үйдің мәселесі оң шешілді

Ең алдымен қала әкімі техногендік сипаттағы нысаналық ауқым бойынша төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Одан кейін заңнамаға сәйкес, жылжымайтын мүлікті мемлекет меншігіне алу рәсімі жүргізілді. Осының нәтижесінде, апатты үйдің 48 пәтеріндегі тұрғындар өтемақы алу мүмкіндігіне ие болды. Ал жекешелендірілмеген екі пәтердің иелеріне басқа баспана берілді.

Апатты үйдің тұрғындары мәселенің осылайша оң шешім тапқанына тоқ көңіл білдірісті. Мысалы, тұрғындардың бірі Дмитрий Наймушин былай дейді:

– Мәселе шешілді. Біз жеткілікті өтемақы алып, жаңа баспана алғанымызға қуаныштымыз.

– Барлығының сәтті шешілгені жақсы болды. Біз қазір басқа пәтер іздеп жатырмыз, мәселеміз оң шешілгені үшін алғысымызды айтамыз, – деп ризашылығын білдірді Таңат Байтөрин деген тұрғын.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы