Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

Омск қаласында қазақтардың кіші құрылтайы өтті

478 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

7-9 желтоқсан аралығында Омск қаласында «Отандастар» Қоры мен Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының ұйымдастыруымен Ресей қазақтарының аймақтық құрылтайы өтті. Кездесудің басты мақсаты – халқымыздың рухани-мәдени құндылықтарының даму мәселелерін көтеру және талқылау. Шара міндеті – Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық бірегейлікті сақтауға ықпал ету.

Омск қаласында қазақтардың кіші құрылтайы өтті

Аймақтық құрылтайды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы (ДҚҚ) төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков ашып берді. Шетелдік отандастарға арнаған алғысөзінде ол тарихи отанның қазіргі жағдайы, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуындағы жетістіктері, ДҚҚ мен «Отандастар» Қорының бірлескен қызметі жайында баяндады. Зауытбек Тұрысбековтың айтуынша, аталмыш жұмыс қазақ жастарының дамуына бағытталған. 

«Әңгіме өте қызу болып жатыр. Оның тоқетері – ана тілін, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауға келіп саяды. Біз көп емеспіз – жалпы саны 16 миллионнан асатын қазақ бар әлемде, оның 12 миллионы елде, қалған 4-5 миллионы шет мемлекетте жүр. Дегенмен, Елбасымыз айтқандай, бар қазақтың бір ғана тарихи отаны бар, ол – Қазақстан. Ендігі жыл елімізде жастар жылы болып жарияланды. Демек, жастарымызды дамытып, солардың төңірегінде жұмыс істеуіміз керек. Мәселен, келер жылы осы мақсатта Ресей елінде бір пилоттық жоба бастауға ниеттіміз. Мұндағы міндет – қазақты, оның ішінде жастарымызды біріктіру», деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

Өткен жылы Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар» Қорының мақсат-міндеттері жайында Қор вице-президенті Талғат Адуов баяндап берді. Оның айтуынша, ұйым қызметі шетелде тұратын және тарихи отанына оралған отандастарды қолдауға бағытталған. Өз сөзінде Қор вице-президенті қазақстандықтар мен шетелдік қандастар арасында байланыс орнату мен ақпараттық алмасуға арналған әлеуметтік интернет-платформалар бойынша жоспарлы жобаларға ерекше тоқталып өтеді. 

«Келер 2019 жылы отандастарымызға консультациялық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы жұмыс істейтін онлайн байланыс орталығын пилоттық нұсқада іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ол жобамыз қоғамдық қабылдау принципіне сай, сонымен қатар интернет-кеңістікте де жұмыс істейтін болады. Тегін байланыс телефоны арқылы елдегі және шетелдегі отандастарымыздың кез келген сауал-сұрағы бойынша консультация алуына мүмкіндік жасамақшымыз. Себебі отандастарымыз тарихи отанына оралып, мұнда бейімделуі барысында кей қиындықтарға тап болуы – заңдылық, сәйкесінше, мемлекеттен ерек әлеуметтік тәсілдеме күтеді. Тағы бір жобамызды «Болашақ» бағдарламасы аясында әзірлеу жоспарланып отыр – талантты жастарымызға шетелдік университеттерде оқуға мүмкіндік беретін «Отандастар» шәкіртақысын тағайындамақ ниеттеміз», деді ол.

Аймақтық құрылтайға Ресейдің 25 аймағынан келген қазақтар қатысты. Мұндағы этникалық диаспора өкілдері шамамен 1 миллион адамды құрайды.  Көпшілігі Қазақстанмен шекаралас аймақтарда тұрады. Ең ірі қазақ диаспоралары Астрахан, Орынбор, Омск және Саратов облыстарында орналасқан. Құрылтайға жиналған қазақтың барлығын дерлік тіл мен мәдениетті сақтау, білім потенциалын арттыру мәселелері алаңдатты.

«Біз шетелдік қандас бауырларды қолдаумен айналысатын «Отандастар» Қорының құрылғаны үшін шын қуаныштымыз. Мұны көп күттік десек те болады. Бүгін құрылтай барысында аталмыш Қордың жоспарлары жайында айтылды. Біз, Ресей қазақтары, барлық өткізілетін құрылтайларға қатысып келеміз. Әрқайсысы бізге ерек рух сыйлайды. Сол арқылы әрдайым тарихи отанымыздың қолдауын сезінеміз. Жырақта жүрсек те, жағдайымыз жақсы. Тек бір ғана мәселе бар – ана тілінде сөйлейтін жастарымыз аз. Мәселен, Ресейдің барлық өңір-аймағында бірдей қазақ тілі пәні жоқ. Осы мәселені қазір көтеріп жүрміз. Ана тілімізді қалай да сақтап қалуымыз керек», деді Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев.

Ана тілін сақтау мәселесіне қатысты сауалға «Отандастар» Қоры мен ДҚҚ мүшелері осы мақсатта бірігіп іске қосып жатқан арнайы жобалары туралы айтып берді. Солардың бірі шетелдік қандастарымыздың балаларын оқытуға бағытталған. Жоба демалыс уақытында олардың Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алуына мүмкіндік береді. Өз кезегінде, қазақ тілін меңгеруге арналған қолжетімді тегін мобильді қосымшалар, онлайн-курстар және интернет-ресурстар туралы Мемлекеттік тілді дамыту Қорының директоры Азат Шәуеев айтып берді. Рухани құндылықтарды сақтаудың, қасиетті тарихи жерлерді зерттеу мен насихаттаудың, Қазақстанның мәдени-туристік кластерлерін дамытудың маңыздылығы турасында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы Директорының орынбасары Батырхан Жұмабаев баяндады. Құрылтай барысында Ұлы Отан соғысында ерлік танытқан отандастарымыз турады «Отан үшін отқа түскендер» фильмінің көрсетілімі орын алды. Шара қазақстандық әртістердің қатысуымен өткен гала-концертпен аяқталды.

Шетелде тұратын қазақтардың кіші құрылтайлары жыл сайын Қазақстанның Қоғамдық даму Министрлігі қолдауымен өткізіледі. Шара қазақ диаспораларының төл мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтап қалуына бағытталған. Келесі аймақтық құрылтайды Өзбекстанда өткізу жоспарланып отыр.