11 Желтоқсан, 2018

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының барысы қаралды

732 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінде Президенттің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру үшін осыдан тура бір жыл бұрын қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қалай орындалып жатқаны жөнінде Үкімет сағаты өтті. Оны палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева ашып, жүргізіп отырды.

«Цифрлы Қазақстан»  бағдарламасының барысы қаралды

Өзінің кіріспе сөзінде Г.Исимбаева: «Бү­гін біз бағдарламаны іске асырудың ара­лық «қорытындыларын», оның қол жет­кен нәтижелерін және назар аудару­ды, ше­шуді талап ететін проблемалы тұс­тарын талқы­лайтын боламыз», дей келіп мемлекеттік бағдар­ламаның маңызына тоқталып өтті. 

Бір жыл ішінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша біраз іс-шаралар атқарылды. Депутаттық корпус та оны ілгерілетуге барынша қолдау көрсетуде. Осы жылдың өзінде ғана Парламент цифрландыруды дамытуға ықпал ететін электронды сауда мәселелерін реттейтін заңнамалық нормалар қабылдады. Бұған қоса инновациялық белсенділікті арттыру және венчурлік капитал нарығын ынталандыру мақсатында кейбір заңнамалық актілерге венчурлік қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданды. Астанада жақында ашылған Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің толыққанды жұмыс істеуі үшін Салық кодексіне «Астана хаб» халықаралық технологиялық паркіне қатысушыларға салық преференцияларын беруге қатысты заңнамалық түзетулер енгізді. Осыған қоса электронды еңбек биржасын құруға арналған құқықтық негіздер нормалық жағынан баянды етілді. 

Осыдан кейін сөз негізгі баяндаманы жасау үшін Ақпарат және коммуникация­лар министрі Дәурен Абаевқа берілді. «Президентіміз Үшінші жаңғыру жолында тұрмысымызға цифрлы технологияларды енгізудің қажеттілігін айтып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жасау туралы нақты тапсырма берді. Бұл дер кезінде жасалған ұсыныс. Өйткені бүгін цифрландыру дүние жүзі бойынша, өте ауқымды трендке айналып отыр. Қазір әлем елдерінің даму көрсеткіші де осы саламен бағаланады. Тек Еуроодақ елдерінің өзінде 2017 жылы өнеркәсіптік цифрландыру бағыты бойынша 30-ға жуық ұлттық және аймақтық бастама қолға алынған. 

«Индустрия 4.0» элементтерін сәтті енгізу бұл біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне де оң әсерін тигізетін шаруа. Елбасы атап өткендей, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының тамыры тереңде жатыр. Бағдарлама біздің өмірімізге ауқымды өзгеріс әкелетін, заман талабына сай болашаққа түрлі бағыттар ашатын базиске айналмақ», деді министр.

Одан әрі Д.Абаев бағдарламаның маңызы мен оны іске асырудың негізгі мәселелеріне тоқталды. Оның негізгі аспектілері мынадай: біріншіден, кәсіпкерлік ортада бәсекеге қабілеттілік артады. Цифрлы экономиканы ауқымы шектеулі, мемлекеттің көмегіне ғана жүгініп отырған компаниялар арқылы қарқынды дамыту мүмкін емес. Экономикадағы басты басымдық жеке бизнеске берілуі тиіс. Екіншіден, жоғары есептеулер, жасанды интеллект, машиналық білім беру, үлкен деректер қоры, интернет заттар мен тағы басқа да технологияларды еркін игеруді қолға алу маңызды. Сарапшылардың айтуына қарағанда, жасанды интеллектіні енгізу (робот техника) 2030 жылы әлемдік ішкі жалпы өнімге 14% өсім береді. Бұл Қытай мен Үндістанның өндірістік кәсіпорындарының қазіргі жиынтық көлемінен де артық көрсеткіш. 

 Үшіншіден, кадр дайындау ісіне баса мән беру қажет.  Қазір ІТ-саласының қызметкерлері әлем бойынша ең қажетті мамандықтар тізімінде екінші орында тұр. Осы орайда шетелдік жұмыс берушілерге жоғары деңгейлі кадрлар ауадай қажет. Сондықтан озық білімі бар азаматтарды уысымыздан шығарып алмау басты талаптардың бірі. Осыған Қытайдың тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Олар биыл, шетелдерде қызмет істеп, табыс тауып жүрген 432 мың ІТ-маманын елге қайтарып алған. 

Сонымен бірге министр заңнамалық қамтамасыз етулердің жоғары деңгейде болмағы аса қажетті факторлардың бірі екен­дігін атап, осыған орай депутаттардың ондай заңнамаларды жедел қабылдап жатқандары үшін алғысын білдірді. Одан әрі Д.Абаев бағдарламаның бүгінгі таңға дейін қалай орындалып жатқанына тоқталды. Басқарушылық жағына тоқталатын болсақ, үстіміздегі жылдың ақпан айында Президенттің тапсырмасымен бес министрлікте «цифрлы вице-министр» лауазымы ашылды. «Экономика салаларын цифрландыру» бағыты бойынша цифрлы технологияларды енгізуді жоспарлап, «ақылды өндіріс» деңгейіне өтуді бағдар­лайтын 100 компания анықталды. Жеті үлгі­лі цифрлы фабрика құрылып жатыр. Отын-энергетика мен кен металлургиялық кешен­дер кәсіпорындарында жаңа технология­лар рельсіне ауыстыру жүріп жатыр. Осының арқа­сында кейбір мұнай-газ секторы кәсіп­орын­дарында мұнай өндіру 2,5 пайызға артты, ал шығындар 10 пайызға азайды. 

Одан әрі министр агроөнеркәсіптік кешенде несиелер мен кепілдіктер алуға тапсырыс беру автоматтандырыла бастағанын айтты. Өткен жылы 40 мың фермер 400 млн теңгенің несиесін онлайн режімде алған. 2021 жылы осы процесс толықтай автоматтандырылмақ. Нақты жер игеру бағдары шеңберінде бүгінгі таңда егістіктің 100 және жайылымның 24 па­йызы электронды карталарға енгізілген. Бұл 42 млн гектар жер деген сөз. 

Қаржылық технологиялар мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді арттыру бағыты бо­йынша Салық кодексіне өзгерістер енгізіліп, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы салада қызмет ететін ШОБ субъектілері корпоративтік және жеке табыс салықтарынан босатылған. 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі енгізіліп, сол арқылы 680 мыңнан артық электронды кеден декларациясын толтырған. Сондай-ақ «Электронды шот-фактура» жүйесі енгізіліп, оған ҚҚС төлейтіндердің 75 пайызы енгізілген. 

Министр қаржылық секторды цифр­ландырудағы драйверлердің бірі банк секторы екенін атады. Бүгінгі таңда дамыған елдер банктерінің несиелік бөліміндегі жұмыстың 76 пайызын жасанды интеллект атқарады. 

Қазір Қазақстанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 741 болса, соның 454-і автоматтандырылған. Әлеуметтік еңбек саласында электронды еңбек биржасы енгізіліп, оның қызметін 81 мыңнан артық жұ­мыс беруші мен 373 мың жұмыс іздеуші алған. Денсаулық сақтау саласының 700 ұйымында медициналық құжаттар қағазсыз жүргізіліп, 13,3 млн адамның науқас тарихы электронды паспорттарға көшірілді. 

Ақылды қалалар құрудың халықаралық тәжірибесін зерттеудің нәтижесінде Смарт-Сити тұжырымдамасы әзірленді. Негізінен цифрландырудың 5 басым бағыттары айқындалған, олар: денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, көлік және ТКШ. Бүгінгі таңда барлық облыстар мен республикалық қалалардың әкімдіктері осы бағыттағы жобаларды іске асыруды қолға алды. Мәселен, Астана қаласында «Сергек» жүйесі енгізіліп, соның арқасында жол-көлік оқиғалары 16 пайызға азайды. 

Сонымен бірге министр мектепке дейінгі мекемелерге балаларды қабылдау автоматтандырылғанын жеткізді. Ал мектептерде еліміздің 90 пайыз оқушылары электронды күнделіктермен қамтамасыз етілді. Ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жобасы да іске асырылуда. Ол 1249 ауылды қамтитын болады. 

Министр биылғы қарашада тұсаукесері болған «Астана хаб» технологиялық паркі туралы айта келіп, ол жыл бойы 49 млн теңгенің инвестициясын тартатын 20 стартап-жобаны таңдап алғанын жеткізді. Қазір үшінші акселерация бағдарламасы жүргізілуде, ол 38 жобаны таңдап алды, деді министр. Сөзінің қорытындысында Д.Абаев осы жылы цифр­ландыру шараларының арқасында жобамен 58,3 млрд теңгенің экономикалық тиімділігіне қол жеткізілетінін атап өтті. 

Қосымша баяндаманы Мәжілістің Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің төр­айымы Гүлнәр Ықсанова жасады. Ол бағдарламаның маңызын түсіну үшін базалық индикаторлар мен көрсеткіштердің маңызын түсіну керектігін айтты. Алайда бізде индикаторлар бір-бірімен өзара байланыспайды. Сондықтан олардың көптеген бағыттары жеке бизнес-жоспарлар әзірлеуді талап етеді, дей келіп инвестициялар тиімділігінің көрсеткіштеріне, базалық көрсеткіштерді анықтау мен қолдану мәселелеріне және т.б талдап, арасында сыни пікірлер де білдірді. 

Осыдан кейін Д.Абаев депутаттар сауалына жауап берді. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»