Аймақтар • 11 Желтоқсан, 2018

Қостанай облысында биыл 331 шақырым жол жөнделді

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қостанай облысында биыл 331 шақырым жол жөнделді

Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен өткен кеңейтілген аппарат мәжілісінде Облыстық жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытбек Есенғұлов айтты. Жөндеу жұмыстары облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың, елді мекендер мен қалалардағы көшелердің де барлығын қамтыды. Өткен жылға қарағанда жолдардың жақсарған бөлігі екі процентке артқан, сөйтіп барлық жолдың 66 процентін құрайды. Келесі жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жөндеу жұмысына 30 миллиард теңге қаржы бөлінеді, оның сыртында 11 миллиард теңге республикалық жолдарды жөндеуге жұмсалатын болады.

Есенғұловтың айтуынша, жаз айларында құрылыс материалдарының қымбаттауы жұмыстың уақытылы жүруіне кері әсер еткен. Қиыршық тас, битум қымбаттаған. Мысалы, көктемде битумның тоннасы 90 мың теңге болса, жазда ол 140 мың теңгеге көтерілген. Басқарма басшысы облыс әкімінің сұрағына орай, бағаны өндіріс орындарының қымбаттатып отырғанын әрі оның негізді екенін айтты.

«Бағаның көтерілуі жолдардың сапасына да кері әсер етеді. Құрылыс материалдарын үнемдеген соң, оның нәтижесі сапасыз болады. Битумді Қазақстанда Шымкент, Ақтау және Павлодар қалаларындағы өндіріс орындары өндіреді, ал қиыршық тас Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінен, «Қостанай минералдары» акционерлік қоғамдары шығарады. Алдағы уақытта жол құрылысы басталмай тұрып, ең болмаса жергілікті өндіріс орындарымен келісім жүргізу керек» деді Архимед Бегежанұлы.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай