Аударма • 12 Желтоқсан, 2018

Сөйлем құрауға көмектесетін технологиялар

4357 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тамызда Сиэтл штатында орналасқан Жасанды интеллект жөніндегі Аллен институтының зерттеушілері компьютерлер үшін ағылшын тестін әзірлеп шықты. Онда төмендегідей сөйлемдерді машиналар қалай орындайтынын анықтап көрді.

Сөйлем құрауға көмектесетін технологиялар

Николас ОРТЕГА «Нью-Йорк Таймс»

Кейд МЕТЦ, «Нью-Йорк Таймс»

«Сахнада әйел пианиноның алдына отырды. Ол ...»

а) сіңлісі қуыршақпен ойнап жатқанда жағаға жайғаса кетті.

ә) музыка ойнай бастағанда біреумен бірге жымиды.

б) топтың ортасында бишілерге қарады.

в) толқыған күйі саусақтарын пернеге қойды. 

Сіз үшін бұл оңай сұрақ. Алайда компьютердің дұрыс жа­уапты табуы қиынға соғады. Әдетте адамдардың 88 пайыздан астамы осы сауалға дұрыс жауап берсе, жасанды интеллект жүйесі 60 пайызға дәл тапты. Сарапшылар үшін бұл таңғаларлық жетістік. 

Екі ай өткеннен кейін Google компаниясының зерттеушілерінен құралған топ Bert деп аталатын жүйе ойлап шығарды. Оның жетілген технологиясы жоғарғыдай сұрақтарға адам секілді дәл жауап береді. Жүйе негізі мұндай сынақтан өту үшін әзірленбеген. 

Bert-тің іске қосылуы жасанды интеллект жүйесіне үлкен серпін әкелді. Кейінгі бірнеше айда зерттеушілер компьютер жүйесінің тілге тән өзіндік ерекшеліктерді меңгеріп, оны басқа тапсырмаларды орындауға қолдана алатынын анықтады.

Мұндай жүйелер Alexa немесе Google Home секілді цифрлы көмекшілерде қолданылатын түрлі технологияларды, заң фирмалары мен басқа да кәсіпкерлердің құжаттарын өздігінен сараптайтын бағдарламаларды дамытады. 

«Біздің адамзат деңгейіне жетеғабыл жаңа зат жасап шығаруымыз жұмысты автоматтандырады әрі жеңілдетеді», дейді Джереми Ховард. Ол – Сан-Францискода орын тепкен Fast.ai зертханасының негізін қалаушы. 

Бәлкім, мұндай қадамдар ақыр соңында әңгіме-дүкен құратын технология жасап шығаруға көмектесер. 

Бірақ Ховард мырзаның айтуынша, әлеуметтік желілерде мұндай жүйелер әңгімелесушіні өзін адам екеніне сендіретіндей боттар жасауға әкеп соғуы ықтимал. 

Зерттеушілердің айтуынша, жасанды интеллект тәсілінің қарқынды дамуы шынайы секілді көрінетін жалған суреттер жасауға мүмкіндік береді. Ховард мырза мұндай технология тіл мәселесіне дендеп енген сайын, олардың онлайн нұсқасының шығуына скептикалық көзқараспен қарау қажеттігін айтады. 

Мұндай жаңа тілдік жүйелер адамдар жазған миллиондаған сөйлемді сараптай алады. Сан-Францискодағы OpenAI зертханасы жасаған жүйе мыңдаған кітапты оқып шығады. Google-дың Bert технологиясы солардың бәрімен бірге, Уикипедиядағы бүкіл ақпаратқа қанық болды. 

Әр жүйе нақты бір тәсілді дамытып шығарады. OpenAI-дың технологиясы сөйлемдегі келесі сөзді анықтауды меңгерді. Bert сөйлемде түсіп қалған сөзді дәл табуды үйренді. Оған қоса, берілген тапсырмаларды орындай отыра олар тілдің қалай құрылатынынан да хабардар бола түсті. 

Bert-тің жасалуына атсалысқан Google-дың зерттеушісі Якоб Девлиннің сөзіне қарағанда, егер жүйе миллиондаған сөйлемнен түсіп қалған сөзді дәл таба білсе, онда ол ағылшын тіліндегі сөздердің негізгі байланысын жақсы түсінеді. 

«Мұндай технология жасанды интеллектің негізгі мақ­сатына жасалған алғашқы қадам. Оның қатарында көп, түсініксіз ақпа­раттың ішінен адамға қажет­тісін тауып, маңызды шешім қабыл­дауға көмектесетін, сараптайтын технология жасап шығу бар», дейді Нью-Йорк университетінің профессоры Сэм Боуман. 

Өткен айда Google Bert жүйесін көпшіліктің пайдалануына ұсынды. Соған сай, оған қосымша тапсырма беруге болады. Девлин мырза мен оның әріптестері Bert-ті 102-ге жуық тілде сынап көрді. 

Алайда мұндай жүйенің жедел дамып кетуіне күмәнмен қарайтындар да бар. Өйткені зерттеушілер жасанды интеллект орындай алатын тапсырмаларға ғана назар аударып, басқасын назардан тыс қалдыратынын айтады Нью-Йорк университетінің психология профессоры Гари Маркус. «Мұндай жүйелер өз мақсатына толыққанды жетті деу үшін әлі көп еңбек ету керек», дейді ол. 

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»