Қазақстан • 12 Желтоқсан, 2018

Сарыбелдің «саумалы» Ұлы даланың ұтымды жобасына айналды

558 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елорда мен кеншілер астанасының ортасында орналасқан Осакаров – ерте­ден егіні жайқалған алқаптарымен аты шыққан өңір. Мысалы, биыл осы аудандағы «Найдоровское» деген шаруашылық егістіктің әр гектарынан 50 цент­нер­ден өнім алып, осы өңірде бұрын-соңды болып көрмеген нәтижеге қол жеткізді.  

Сарыбелдің «саумалы» Ұлы даланың ұтымды жобасына айналды

Енді ел ішінде «Сарыбел» деп аталатын бұл ауданның жақсы аты осындағы Жан­сары ауылының маңынан бой көтер­ген жылқы сүтін қайта өңдейтін зауыт арқылы тіпті де аспандағалы тұр. Нақ­ты­рақ айтқанда, «ЕвразияИнвест Ltd» ЖШС-нің бұл жерде орын тепкен кәсіп­орны үш жылдан бері «Саумал» бренд­тік атауына ие болған құрғақ бие сүтін өндіріп, еліміздікі өз алдына, шетелдің нарығынан ырыздығын теріп жүр.

Елбасы таяуда ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты құнды мақаласында былай деп қалам тербеген еді: «Жылқыны қолға үйрету арқы­лы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруа­шылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады». Иә, жылқы мініп, жаһан­н­ың жартысына жуығын бағын­дырған баһадүр бабаларымыз осы Қам­бар ата түлігінің сүтін де сол замандарда азық етіпті. Сөйткен қымыз ықылым замандағы ыдыстың түбінде молекулалық қалдық түрінде қалса, бұл күнде озық техно­ло­гия­ның құдіретімен ұнтақ түрінде ұлттың ғана емес, өзге ел дастарқанынан да ойып орын алған сусынға айналды. Иә, құрғақ қымыздың осы ұнтағы салынған ыдысқа қайнаған суды құйсаңыз болды, хош иісті, мың сан дертке дәру сусын аласыз!

Қазіргі таңда кәсіпорын бір жылдың ішінде 30 тоннаға дейін өнім өндіреді. Былтырдың өзінде зауыт АҚШ, Ресей, Қытай және Беларусь сияқты елдерге 4,6 тонна ұнтақ қоспасын сатқан. Менед­жментті мықтап қолға алған кәсіп­орын Қытайдың «Қытай – Қазақстан Цзетун халықаралық сауда компаниясы» фир­масымен «Саумал» құрғақ бие сүтін жеткізу бойынша ұзақ мерзімді ынты­мақ­тастық келісім жасаған. Сонымен қатар Ресейдің «Генезис» компаниясымен де келісімшартқа қол қойылған. 

Жалпы, бие сүтін сублимациялық тәсілмен ұнтаққа айналдыру – еліміз үшін тың жоба. Дәл осындай өндіріс Гер­манияда бар. Бірақ ондағы кәсіп­орын­ның көлемін «ЕвразияИнвест Ltd» серік­тестігінің қайта өңдеу зауыты­мен тіпті де салыстыруға келмейді. Қазір­гі уақытта мұнда 700 биенің сүті өңде­леді. 130-дан астам адам жұмыс­пен қам­тамасыз етілген. Бұл жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 5 млрд теңгені құрайды. 

Осы жылдың қазан айында Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болған Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев «ЕвразияИнвест Ltd» ЖШС-нің зауы­тына арнайы соғып, кәсіпорынның бүгін­гі тыныс-тіршілігімен танысқан бо­ла­­тын. Ол жыл­қы­лар тұратын қора­жай­ларды аралап, бие сауу аппарат­тарын, зауыттың заманауи тех­но­логия­лар­мен жабдықталған зертханасын көріп, мұн­дағы жұмыс ырғағы мен жаңашыл­дыққа ұмтылысына дән риза болған еді. 

Сол кездесу барысында жылқы зауы­ты­ның басқарушысы Баян Елшин кәсіп­орын алдында тұрған бірқатар мәселені тілге тиек еткен. 

– Біздің зауыт шалғайда орналасқан­дықтан, кейбір қиындықтарға тап болып отырмыз. Мәселен, электр қуаты кейде өшіп қалады, қыс кезінде өнімді жеткізу қиынға соғады, білікті мамандар­ды жұ­мыл­­дыру да оңай болып отыр­ған жоқ. Дегенмен бұл мәселелерді шешу жол­дарын қарастырып жатырмыз. М­ысалы, Қарағандының маңында орна­лас­­қан бұрынғы «ҚазАвиаСпектр» зауы­ты­­ның бос тұрған ғимаратын сатып ал­дық. Онда сүтті ұнтаққа айналдыруға ар­­налған құрылғыларды орнатуды жос­пар­лап отырмыз. Мұнда сауылатын мал басын 1500-ге дейін арттыруға болады. Сонымен қатар осы шаралар тұр­ғын­дар­дан маусым кезінде 2 млн литр сүт са­тып алып, дайын өнім көлемін 200 тон­наға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бере­ді. Алайда бұл үшін Үкімет тарапынан қар­жы­лай көмек керек, – деген болатын Б.Елшин. Ө.Шөкеев бұл жобаға барынша көмектесуге уәде берді. 

«ЕвразияИнвест Ltd» ЖШС жергілікті билікпен де тығыз қарым-қатынас орнат­қан. «Бұл – бүкіл Қазақстан бойынша біре­­гей жоба. Біз кәсіпорынға қолдан келген көмек­тің бәрін жасауға тырысамыз, – дейді Осакаров ауданының әкімі Нұркен Қоб­жанов. – Мысалы, серік­тес­тікке аудан тер­риториясынан 24 мың гектар жер алып бердік. Мұнда шаруа­шылықтың 2 мың­­ға жуық жылқысы жайылады. Жал­пы алғанда, ортақ мақсат жолындағы әріп­­тес­тік жұ­мыстардың өз жемісін ал­дағы уа­қыт­­та молынан беретініне нық сенімдіміз.

Кәсіпорынның 2015 жылдан бүгінге дейін Қазақстанның 11 қаласында құрған дистрибьютерлік желісі бар. Мұндай жүйе компания өнімінің нарықтағы үле­сін арттырып, оны 2018 жылдың бірінші жартысының өзінде 64%-ға жеткізуге септігін тигізді. 

Зауыттағы құрал-жабдықтың бәрі Еуропа елдерінен әкелінген. Кәсіпорын толық автоматтандырылған және жұмыс­тың басым бөлігін роботтандырылған құрылғылар атқарады. Сублимация­лық құрғату бойынша технологиялық құрал қон­дырғысы жылқы жайылымы­на жа­қын ор­на­ластырылған. Бұл бие­ні сау­ған­нан кейін сүтті бойындағы нәрін жоғалтпай, 15-20 минут ішінде технологиялық қайта өңдеу үдері­сіне жіберуге мүмкіндік береді. Техноло­гия­лық талап осындай. Яғни, жылқы фер­масы мен қайта өңдеу зауыты бар­лық қажетті инфрақұрылымымен қоса біртұтас кешенді құрап отыр.

Зауыттағы сауын қондырғыларының бір ерекшелігі – сүт бірден мұздатқыш танкерлерге құйылады. Яғни, сүтті ауа­мен ешқандай реакцияға түсірмей, өнімнің экологиялық таза һәм қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді. Танкерлерге құйылған сүт пастерлендірілуге, содан кейін барып сублимациялауға жіберіледі. Сублимацияның өзі сүтті қайта өңдеуде қолданылатын күрделі процесс. Мысалы, саумал Цельсий шкаласы бойынша 45 градусқа дейінгі температурада құрғақ заттың үлесі 95 немесе одан да көп пайызға дейін жеткенінше кептіріліп, қатырылады. Одан кейін өнімнің құрамындағы ылғал, яғни су молекуласы вакуумның көмегі­мен айдап шығарылады. Мінеки, қы­мыздың ұнтағы осылайша алынады. Бұл шаруаға бар-жоғы 25 минут уақыт кетеді. Орта есеппен алар болсақ, 10 литр сүттен 1 кило ұнтақ алынады екен. Ал суб­лимацияланған ұнтақтың жаңа сауылған бие сүтінің небір пайдалы қа­сиетін өз бойында ұзақ уақытқа дейін сақтап қалатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген.

Қазіргі таңда «ЕвразияИнвест Ltd» ЖШС ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де белсенді түрде айналысуда. Мысалы, зиянды жұмыс жағдайында еңбек ететін адам­дарға арнайы тағамдардың әсер етуі бо­йынша жан-жақты зерттеу жүргізіліп жа­тыр. Егер іс оң нәтижесін берсе, мұның өзі «Саумал» өнімінің қолданыс аясын ке­­ңей­те түсуге зор ықпалын тигізбек. Со­ны­­мен қатар даму көкжиегіне көз тік­кен кәсіпорын бие сүтін ұнтақтаумен ға­на шектеліп қалмай, бұл өнімді бала­лар­ға арналған тағам түрлерін, парфюме­рия өнімдерін жасап шығару ісінде де молы­­нан пайдалануды қолға алған. Біре­гей жо­ба­ның ұтымды тұсы да осы болса керек-ті.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы, Осакаров ауданы