Таным • 12 Желтоқсан, 2018

Шығай хан

9342 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

XVI-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының жоғары билігінде болған тарихи тұлғаларды билік құрған уақытының ұзақ-қысқалығына, жүргізген ішкі-сыртқы саясатының белсенділігіне, ел тарихында сіңірген еңбегі мен оның маңызына, соған байланыс­ты есімдерінің танымалдығына қарай шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа аса танымал тұлғалар – Керей хан мен Жәнібек хан, Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хандар енсе, келесі топқа – қалың көпшілікке онша таныс емес, есімдері көп айтыла бермейтін тұлғалар – Мамаш хан, Ахмет хан (Қожа Ахмет хан), Тоғым хан, Бұйдаш хан, Жәнібек хандарды (Есім хан ұлы) жатқызуға болады. Ал үшінші топқа Бұрындық хан, Тахир хан, Тұрсын хан, Шығай хан енеді.

Шығай хан

Шығай хан – қазақ тарихын­да өте аз уақыт билікте болғанымен, оның тікелей ұрпақтары Қазақ хан­ды­ғының туы түп­кі­лікті жы­ғыл­­ғанға дейін екі жарым ға­­­сыр билік жүргізді. Қазақ хан­дығының жығылған туын қайта көтеруге күш салған Кенесары хан да осы Шығай ханның ұрпағы болып келеді.

Шығай хан – Қазақ хан­ды­ғы­н­ың негізін салу­шылардың бірі – Жәнібек ханның немересі, Жәдік сұлтанның көп ұлдарының бірі. Жәнібек ханның тоғыз ұлы болғаны белгілі. Ортағасырлық деректердің шежірелік мәлімет­терінде оның әкесі – Жәдіктің ес­і­мі Жәнібек ханның тоғыз ұлы­­­ның ең кенжесі ретінде соңы­­­­нан бері­ле­ді. Қа­­дырғали Жа­л­­­а­йыр өз ең­бе­гінде Жәнібек хан­ның тоғыз ұлы туралы мынадай мәліметтер айтады: «Оның (Жәнібек ханның) ұлдарынан немерелеріне дейін тарқалып көп ұрпақ өсіп-өнді. Бірақ олардың әрбірі бір ұрық (әулет) болып өз уәлаяттарында патшалық құ­р­ып билеп өтті» дей келе, үш ұлды Қасым ханды, Үсек (Үснак, Ұзақ) ханды және Жәдік ханды «хан» лауазымымен жазады да, Қамбар мен Әдікті «сұлтан» деп көрсетеді. Ал қалған төрт ұл: Иренджи сұлтан (Жиренше), Махмуд сұлтан, Жаныш сұлтан, Тыныш сұлтан және олардың ұрпақтары туралы ешқандай мәліметтер жазбайды.

 Шығай ханның әкесі Қадыр­ғали Жалайырдың және тағы басқа ортағасырлық авторлардың деректерінде «хан» лауазымымен айтылуына қарағанда, ол Қазақ хандығындағы бір ірі ұлыс­тың билеушісі болса керек. «Шежірелер жинағының» авторы «Жәдік ханның көптеген әйел мен күңі болды, оның балалары да көп еді» деп, одан әрі «Оның аса әйгілі даңқты ұлдары: Тоғұм хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан мен Мәлік сұлтан. Соңғы екеуінің шешесі Абайқан бегім еді» деп жалғастырады. 

Кейбір зерттеушілердің Жәні­бек ханның екі ұлын – Жә­дік пен Әдік сұлтандарды бір адам деп қабыл­дап, соңғысы қай­­тыс болған 1503 жылды – Шы­ғ­ай хан әке­сі­нің өмірден озған жылы деп түсі­нетіндігін және мұндай тұжы­рым­ның қа­те екен­дігін Т.И.Сұлтанов өз зерт­теу­ле­рінде дәлелдеген. «Шежіре­лер жинағындағы» мәлімет­­терге қарап, Жәдік хан­ның шама­мен қай жылдары қайтыс бол­ғанын анық­тау­ға болады. Қадырғали Жалайырдың: «Жәдік хан Шағым мырзамен соғысып, Жыл­ан­ды төбе­де бір ұлымен бірге шаһ­ит бол­ды. Он­ың қа­бірі Үргеніштегі Ба­­қырған ата­да жатыр» деген мә­ліметі XVI ғасырдың 20-30-шы жылдары болғанын көрсе­те­ді. Шағым мырза, ол – Шейх-Мұхаммед (Шихым, Сагим деп те айтылады) XVI ғасыр­дың 20-30-шы жылдары но­ғай ұлыстарында зор беделге ие бол­ған Мұса бидің ұлдары­ның бірі. Қазақ хандығының «уақыт­ша әлсіреу» кезеңінде 70-ке жу­­ық қаз­ақ сұлтандарының қаза тап­қаны туралы деректерде айтылса, Шығай ханның әкесі солардың ­бірі болған.

Шы­ғай хан өмірінің сұлтан­дық кезеңі жөнінде Қадырғали Жа­лай­ырға сүйенсек, ол былай деп баяндайды: «Шығай хан­ның хикаясы әр­қашан оның батыр­лығымен мә­лім, мәшһүр болды». Осы бір сөйлемнің өзі бізді Шығай хан­ның жас шағын­­дағы жеке бол­мы­сынан хабардар ете алады. Ол тақ­қа келер кездегі жасы сексен­ге таяп қалса, онда оның дүние­ге келген кезі шамамен XVI ғасыр­дың алғашқы жылдарына сәй­кес келеді. Ал Қазақ хан­дығы үшін ең ауыр болған сол ғасыр­дың 20-30-шы жылдары Шы­ғай сұлтан орда бұзатын жаста еді. Осы жылдары батыстағы ноғай мырзаларымен, Мауренахрдағы шайбанилық сұл­тан­дар­мен және Шығыс Түр­кістандағы шаға­тай­лық сұл­­тан­­дар­­мен болған сансыз шай­қас­тардың бел ортасын­да жүріп, жас сұлтан ретінде батыр­лы­ғымен, батылдығымен көзге түс­кен секілді. Жоғарыда айтып өт­кеніміздей, осы жылдары сырт­қы жаулармен бол­ған көп­те­ген шайқас пен ұрыста жет­піс­ке жуық хан мен сұлтан қаза тапса, Шығай осы­лар­дың бәрі­нен аман қал­ып отырады. Бүкіл Дешті Қып­шақ­қа оның атақ-даңқы осы жыл­­дары таралып кетсе керек. Қ.Жалайырдың мәлі­меті осыны көрсетіп отыр. Ал «Шараф-наме-йи шахи» ең­бегі­нің авторы Хафиз Таныш оның өмір жолы туралы: «... далада ержетіп, ұлы істерді жасау­да небір қиындықтарды басы­­нан өткерді, көп уақыттар бо­йы өмірдің тәтті мен ащы дәмін татты» деп бейнелеп сурет­тейді. 

Хақ­­назар ханның 40 жылдай билігі тұсында Шығай қа­з­ақ қоға­­мын­дағы ең танымал тұлға­­лар­дың біріне айналады. Орта­­ғасырлық мұсылман авторларының деректері мен орыс тіліндегі ресми құжаттарда оның есімі Хақ­назар ханмен, Жалым сұлтан­мен бірге аталады. Хафиз Таныш: «Хақ-Назархан, Жалым-сұлтан, Шығай-сұлтан, Достай-сұлтан секілді қазақ билеушілері (падишахан-и казак) басқа да бауыр­ларымен және ұлдарымен Талас өзенінің бойында орналасты» деп баян­даса, осы жылдардағы орыс тіліндегі деректердің мәлімет­терінде қаз­ақ биле­у­шілерінің есімдері «Хақназар хан, Шығай сұлтан, Жал­ым сұлтан және тағы бас­­­қа сұлтан­дар» деп рет-реті­мен айтылады. Бұл келтірген деректердің бәрі Шығай ханның ресми түрде билікке келген кезі­не дейінгі қазақ қоғамындағы мәрте­­бе­сі мен ел басқарып отыр­ған би­леу­ші топ арасында алған орнын көр­сетсе керек. 

Әзірге тарих ғылымына бел­гі­­лі және ғылыми айналымға енгізілген де­рек мәліметтерінде Шығай хан­ның есімі Хақназар хан­мен бір­ге XVI ғасырдың 60-шы жыл­дарының соңындағы қаз­ақ-ноғай қатынастарына байланысты кездесе бастайды. Бұл жылдар Қазақ хандығының қайта өрлеу кезеңіндегі жан алысып, жан берісіп жатқан жылдар болатын. XVI ғасырдың 50-ші жыл­­­дар­­ы­ның орта­сындағы Ноғай Орда­­сын­дағы саяси және экономи­калық дағ­дарыстар но­ғай жұр­тын қатты күйзеліске ұшы­­ра­тып, елді Үл­кен ноғайлы және Кі­ші ноғайлы деп аталатын екі бөлікке бөліп жіберген болатын. Саяси күрестер барысында ноғай мырзаларының бір бөлігі қазақтарды паналауға мәжбүр болады. Міне, осы жылдары Хақназар хан, Шығай сұлтан және тағы басқа сұлтандар баста­ған қазақ күштері Еділ-Жайыққа дейін­­гі жер­лер­­ді қайтару үшін кү­­­рес­ті бас­тап кетеді. Осы жыл­­­­­­­дар­­­­дағы кү­рес ба­ры­сында ал­ғаш рет Шығайдың есі­мі орыс деректерінде кездесе бас­тайды. 1569 жылы ноғайларға барып қайтқан орыс елшісі Семен Мальцев: «...и Казатцкие орды Акназара царя и Шигая царевича и Челыма царевича, а с ними 20 царевичев, приход их был на Нагай, и был бой писал...», деп хабарлайды. 

1579 жылдан бастап Хақ­назар хан, Шы­ғай сұлтан және басқа қазақ сұлтандарының іс-әре­кет­тері оңтүс­тік бағытта, Ма­у­­ре­нахрдағы шай­бани­лық сұл­­тандарға қатысты жүргі­зіле бас­тайды. Осы кездегі оқиға­лар барысын тарихшы Хафиз Таныш біршама жақсы баяндайды.

XVI ғасырдың 40-шы жылда­ры Мауренахрда басталған саяси дағ­дарыс сол ғасырдың 70-ші жылдары одан әрі өрши түсіп, күрес шай­банилық сұлтандардың екі тобы арасында жүреді. Дешті Қып­шақ­тағы «көшпелі өзбектер» мем­ле­кетінің 1428-1469 жылдардағы билеушісі болған Әбілқайыр ханның екі шөбересі – II Абдаллах хан мен Баба сұлтан күрес отын одан әрі қыздырады. Олардың шығу тегі былайша тарқатылады: Әбілқайыр ханның 11 ұлының екіншісі Қожамұхаммед, одан Жәнібек сұлтан, оның 12 ұлы­ның ең кішісі – Ескендір хан, Ескендір ханнан – II Абдаллах хан, ал Әбілқайыр ханның то­ғы­зыншы ұлы – Сүйініш қожа сұлтан Ұлығбектің қызы Рабиға бегімнен туған. Одан Наурыз Ахмед хан (Барақ хан), оның сегіз ұлының үшіншісі – Баба сұлтан. 

1550-1570 жылдары Мауре­нахрда II Абдаллах хан ең күш­ті саяси күшке айналып, шай­бани­лық сұлтандардың иеліктерін бірте-бірте күшпен бағындыра бас­тайды. 1557 жылы ол Бұхараны басып алады да, әкесі Ескендірді 1560/1561 жылы Бұхарада хан көтереді. 1573 жылы Балхты, 1574 жылы Хисарды, 1578 жылы Самарқанды алады. Келесі қала Ташкент болды. Ташкентте ол Наурыз Ахмед ханның үлкен ұлы Дербіс сұлтанды билеуші ретінде отырғызады. Наурыз Ахмедтің үшінші ұлы Баба сұлтан туған ағасын өлтіріп, өзін хан деп жариялайды да, II Абдаллах ханға қарсы шығады. Шайбанилық екі хан өз жағына Қазақ ханы мен сұлтандарын тартуға тырысады. Сол кездегі қазақ билеушісі – Ха­қназар хан Баба сұлтан мен II Абдаллах хан арасындағы талас-тартыстарда геосаяси тұр­ғы­да Бұхара билеушісін қолдайды. Өйткені Ташкенттің күшеюі Сыр бойындағы қалалар мен жайылымды жерлерге қа­уіп­ті болатын. Кез келген уақыт­та ташкенттік билеушінің жар­лығымен осы маңдағы қазақ ру-тайпалары тонау мен талан-таражға түсетін. Сол себепті де Хақназар ханға іргедегі қар­сы­ласын күшейткеннен гөрі алыстағы қарсыласымен одақ­тасу тиімді болды. Сол мақсатта Хақназар хан мен II Абдаллах хан арасында «келісім мен одақ» жасалады. 

Баба сұлтан өз билігін сақтап қалу үшін небір қитұрқы тәсіл­дерді қолданады. Біресе Бұхара ханына бағынатынын білдірсе, біресе оған қарсы шығады. Қазақ билеушілерінің саясаты туралы Бұхараға жалған ақпараттар беріп отырады. Ақыры ол 1580 жылы сәуір айында Шарапхана өзені бойында өзімен кездесуге келген Жалым сұлтанды, оның екі ұлын, Хақназар ханның екі ұлын қапыда өлтіреді де, Хақназар ханды өлтіруге ең сен­ім­ді адамдарының бірі – шайбанилық Бузахур сұлтанды аттандырады. Дерек мәліметінде Хақ­назар ханның нақты қалай қаза тапқандығы айтылмаса да, біз бұл қайғылы оқиғаны 1580 жылдың сәуір айының соңында болған деп есептейміз. Осы деректің 1580 жылдың 10 маусымындағы оқиғаларды баян­дайтын мәлі­ме­тін­де қазақ ханы деп Шығай есімі атала бастайды.

Зерттеушілердің бәрі Шығай ханның өз ұлдарымен Абдаллах ханға келуінің себебін толық түсін­діруге тырысып келеді. Ал­ғаш рет мұны В.В.Вельяминов-Зер­нов мәселе ретінде көтеріп, былай деп жазған болатын: «Шығай хан­ өмі­рі­нің со­ң­ын­да да­ланы неге Бұхараға ай­ыр­бас­тағанын шешуге тырыс­паймыз. Мүмкін, Абдалла ханның қуатының артқаны туралы хабар және тағы да басқа жағдайлар оны өзбектерден пана іздеуге итермелеген шығар». Ал А.П.Чулошников бұның себе­бін Шығай ханның қазақ жеріндегі беделінен айырылуы­мен түсіндіреді. 2010 жылы жа­­рық көрген «Қазақ­стан та­ри­­­хы­­­­н­ың» академиялық басылымында бұл мәселе тереңірек қарас­тырылып, оның мынадай себеп­тері былайша көрсетіледі: «Тегінде, Шығай хан амалсыздан кеткен болса керек: оны басқа да қазақ хандары қудалаған. Шынына келгенде, Шығайдың Абдаллах ханға кетуіне бірнеше себеп болған және қазақ ханы­ның бұл саяси қадамын сол себеп­тер­ді кешенді түрде алғанда ғана түсіндіріп бере алады» дей келе, «Орын алған жағдай өзара қырқыс туғызды, оларға сыртқы саяси қиыншылықтар қосылды. Қазақ әміршілері орын алған жағдайдан шығар жол іздеуге мәжбүр болды да, олар Орта Азия жағына көз тікті». Белгілі тарихшы Т.Омарбеков те осындай тұжырымдарды қолдай келе, Шығай ханның Абдаллах ханға кетуін былайша түсіндіреді: «Осындайда қол астындағы елді қорғай алмай, оның үстіне қазақ сұлтандарының сенімінен айырылған Шығай хан амалсыздан бұхаралық Абдолладан көмек сұрауға мәжбүр болды».

Біз де жоғарыда келтірген зерт­­теу­шілердің пікірілерімен тол­ық қосыла келе, өз тарапымыздан қосымша ретінде мынадай ойларды білдіреміз. Шығай ханның Мауренахрға кетіп, сонда қайтыс болуы және сол маңда жерленуі қазақ хандары арасында болған алғашқы оқиға емес. XVI ғасырдың басында Мұхаммед Шайбани ханның қазақ­тарға қарсы жасаған төрт жорығына ешқандай қарсылық ұйымдастыра алмаған Бұрындық хан да, ел ішіндегі беделінен айы­рылып, 1510-1511 жылдар шамасында өз әулетімен Самарқан жаққа қоныс аударған және де сол жақта қайтыс болып, мәңгілік мекенін Үргеніштен тапқан еді. 

Егер де Хақназар ханның қа­за табуы 1580 жыл­дың сәуір айының соң­ғы он күні ішінде болса, Шығайдың «хан» лауазы­мы­мен алғаш рет жазба дерек­те аталуы мау­сым айының ал­ғашқы он күні­не сәйкес келеді. Жазба дерек мәліме­тіне ілінгенге дейін-ақ Шығайдың хан болуы әбден мүмкін. Соған қарағанда Хақназар ханның қазасынан кейін бір айдың о жақ, бұ жағында Шығай «хан» лауазымын иеленген сияқты. Ал қазақ халқында хан сайлау рәсімінің өткізілу дәстүрі бойынша, қаза тапқан ханды жерлеуден кейін бүкіл елге хабар жіберіледі. Таққа үміткер өзін қолдайтын сұлтандармен, билермен, бектермен, батырлармен ашық түрде, жасырын түрде келіссөздер жүргізеді. Басқаша айтқанда, ханның кандидатурасы әбден пісіп-жетілдіріледі. Содан кейін ғана хан сайланатын күн белгіленеді. Хан сайлау – көбінесе, ханды ұлықтау, рәсімдеу, яғни хан көтерумен аяқталады. Сол кездегі жағдай­мен салыстыра қарасақ, хан сайлау рәсімі бірталай уақытқа созылатын болған. Ал Шығайдың хан болуы жоғарыда айтқандай, өте қысқа уақытта өткен. Бұл дегеніміз – Шығайды хан сайлау­ға бүкіл қазақтың саяси және билеуші тобы емес, ханға жақын аз ғана топ қатысып, өте қысқа уақыт ішінде хан көтерген. Міне, осы­дан кейін Шығайдың ел ара­сындағы беделі таудан домалаған тастай құлдырай бастаған.

Мұны сезген Шығай хан өзі­­нің ішкі қарсы­лас­тарынан жо­ға­ры тұру үшін, өзіне қолдау табу үшін Абдаллах хан­ға арқа сүйейді. Хафиз Тан­ыш қазақ қоғамын­дағы қалып­тас­қан жағдай­дан хабардар болып, Шығай хан туралы өз мәліметінде «...Шығай Абдаллах ханға бағыну белдігін беліне байлайтындығын және (оған) берілгендіктің бұғауын мойнына ілетіндігін хабарлады», деп суреттейді.

1580 жылдың маусымы мен 1581 жылдың маусымы ара­лы­ғында Шығай ханға қатысты оқиғалардың ішінде біреуі ғана өте қысқаша түрде баяндалады. Ол – Баба сұлтанға қарсы аттанып, жеңіліс табуы. Осылайша, Шығай хан үшін алғашқы шайқас сәтсіз басталып, жалғасын табады. Сөйтіп, дерек мәліметінде оның 1581 жылы маусым айының басында Қаратал деген жерде орналасқан Абдаллах ханның ордасына ұлы Тәуекел сұлтанмен және басқа да ұлдарымен ғана келгендігі айтылады. Дерек мәліметінен оның бір елдің ханы бол­ып рес­ми ретінде емес, керісінше бас сауғалап, өз елінен қашып келген адамның кейпін байқауға болады. «Кейбір жекелеген беделді адамдар мен сарай қыз­мет­керлерінің араласуы­мен ол (Абдаллах ханмен) кездесу құрметіне ие болды». Мауренахр билеушісі өз кезегінде Шығай ханға ерекше құр­мет­ көрсетеді. «Шараф-наме-йи шахи» еңбегінде: «(Шығай ханға) ерекше құрмет пен мейірбандылықтың барлық түрі көрсетілді, (Абдаллах хан) оған Ходжент жерін иктаға берді. Ол Шығай ханды жағымды уәделермен үміттендірді және се­німді көмек беруге уәде берді (және) ханға лайықты той жасады», деп жазады Хафиз Таныш». Одан әрі дерек авторы Шығай ханның өте риза болғандығын және әрбір сағат, әрбір минут сайын Абдаллах ханды мақтап өлең айтқанын жазады.

Осы келтірген дерек-мәліме­ті­нен мынадай жағ­дай­лар­ды көреміз.

Біріншіден, Шығай ханның Абдаллах ханмен кездесуі мем­ле­кет­аралық кездесу емес, сол себепті кездесуді арнайы адам­дар емес, жеке адамдар ұйым­дастырған. Бұдан шығатын қоры­тынды – Шығай хан Абдаллах ханға амалсыздан келген. 

Екіншіден, Абдаллах хан Шығай ханмен тең дәрежеде емес, керісінше, аяушылықпен қар­ап, мейірбандық көрсеткен. Со­ған қарағанда Шығай ханның жағдайы онша жақсы да бол­маған. 

Үшіншіден, Шығай ханға ик­та­ға жер берген. Абдаллах хан өзі­не керек адамдарды қажет кезінде пайдалану үшін қол ас­тында ұстауды жөн көрген. 

Төртіншіден, Абдаллах хан Шы­ғай ханға сенімді көмек беру­ге уәде берген. Бұдан түйетін ой мынау: Абдаллах хан Шығай хан мен оның ұлдары арқылы Қаз­ақ хандығының ісіне араласып, солтүстіктегі көршісін өзіне жартылай тәуелді етуді немесе ондағы билеуші топты үнемі саяси араздықта ұстап отыруды мақсат еткен. 

1581 жылы маусым айының соңында Абдаллах хан Бұхараға қайтар жолда Шығай ханды Ходжентке жібереді де, Тәуекел сұлтанды өзінің жанында қалды­ра­ды.

Шығай ханға қатысты келе­сі және соңғы деректе он­ың ұлы Тәуе­кел сұл­тан­мен бірге Абдаллах хан­­­ның 1582 жыл­­дың нау­рызы мен тамызы ара­лы­ғын­да Баба сұлтанға қарсы жаса­ған жоры­ғына қа­тыс­­қан­ды­ғы тура­лы мәлімет бар. Баба сұлтанның соңына түскен Абдал­лах хан Орталық Қазақ­стан­дағы Ұлытау маңында қарсы­ласының орналасқанынан ха­­бар­дар болады да, әскерін сап­қа келтіре­ді. Абдаллах хан әс­керінің оң қана­тының авангардына Шығай ханды, Тәуекел сұлтанды тағай­ындайды. Жошы хан мав­золейінің маңында ор­на­лас­қан Баба сұлтан қар­сы­ла­сы­ның қимылына төтеп беруге шама­сының жетпейтінін біліп, маң­ғыттарға қарай қашады. 1582 жыл­дың 29 сәуірі күні Шығай хан бастаған авангард Баба сұл­тан­ның адасып қалған тобына шабуыл жасап, мол олжаға кенеледі. 

Маңғыттардан қолдау тап­па­ған Баба сұлтан кері оралып, тамыз айында Сығанақ жақ­қа келеді. Осы маңда Шығай хан­ның ұлы Тәуекел сұлтанның әс­кери тобына тап болады да, ұрыс барысында қаза табады. 1582 жыл­дың 7 тамызы күні оның кес­ілген басы Абдаллах ханға әкелінеді. 

Хафиз Таныштың дерек­терінде Шығай ханның есімі 1582 жылғы Абдал­лахтың Баба сұл­танға қарсы жа­саған жорығында соңғы рет кездеседі. Осыны не­гіз­­­ге ал­­ып, тарих­­шылардың бәрі осы жыл­ды Шы­ғай ханның қай­тыс болған жы­лы деп санайды.

Қадырғали Жалайыр Шығай хан туралы: «Ақырында ол да дүние­­ден өтті. Бұл күнде оның қа­бірі Күміскентте, Әли Атаның қас­ына жерленген», деп жазады. Ал В.В.Вельяминов – Зернов бол­са, Шығай хан «жалғыз қа­­лып, қайтыс болды» деп нақ­тылай түседі.

Шы­ғай ханның ұлдары ішін­де екі ұл ғана, Тәуекел хан мен Есім хан 40 жыл­дан астам уа­қыт бойы би­лік­те болады. Ал одан кейін бірнеше ғасыр бойы Қазақ мемлекеттілігін басқарған тұлғалар – Шығай хан ұрпақтары болды. Олардың бірнешеуі Қазақ хандығының саяси тарихында басты рөлдерді атқарып, халық жадында өшпестей қалды.

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА корреспондент-­мү­­шесі,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы