Әдебиет • 12 Желтоқсан, 2018

Қарапайым түсінік

644 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қарапайым түсінік

Ол тойдан қайтып келе жат­қан болатын. Әрине ептеп қызулау еді. Бірақ... оның не сөкеттігі бар дейсіз. Той болған соң, ондағы жұрт: «Іш, же, тойып ал!» деп тұрады ғой. 

Иә-ә, солай. Бірақ оның көңілі әл­денеден секем алып келе жатты. Себебі... Себебі бұл той барша мұсылман үмметі құрмет­тейтін қасиетті Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың сүйегі жатқан киелі Түркістан қаласында өтті емес пе.

Жо-жоқ. Болмады. Болмады бұл... Ішпеуі керек еді.

Оның үстіне, ол орналасқан қонақүй де қасиетті кесенеге жақын екен. Содан да болар, алға басқан аяғы кейін кетіп, әзер адымдап келеді. Ай жарығымен қа­рауы­тып көрінген кесене жаққа қарауға тіпті жүрегі дауламады.

Кенет оның есіне Ақан серінің әйгілі «Май­дақоңыры» оралды. «Жігіттің падишасы Әмір Темір,» деп шырқамаушы ма еді сері атамыз.

Иә-ә... Иә, мына кесенені салды­рып, ұлы бабамызға мәң­гілік ес­керткіш ор­натқан сол Әмір Темір өзіне қарсы шыққандардың қанын судай ағызды...

«Ал оның жанында... оның жанында шарап дегеніңіз не, тәйірі?!» Кенет осы бір тентек ой оның еңсесін тік­теп, көңі­ліне қуат бітіргендей кесене жақ­қа көз салып еді, ай жарығымен қа­­­рауытып, сұл­басы ғана көрінген кесене бұған қырын қарап, томсырайып тұр екен. 

Селк ете қалды. Өз көңіліндегі жаңа ғана бой көтерген ой қамалы әп-сәтте қи­­рады. 

«Айналасына білім шырағын жағып, із­­гілік жолына бастаған Қожа Ахмет Ясауи баба, жарты әлемді жаулаған Әмір Те­­мір және бүгінгі той... қан түсті ша­рап...».

Ол өз ойынан өзі шатаса бас­­тағанын сезді. Қонақүйдің та­балдырығынан әзер аттап, ішке кіріп бара жатып: «Бұл дү­ние өте күрделі, – деді күбірлеп. – Тек біз­дің ол туралы түсінігіміз тым-тым қа­рапайым...». 

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»