Парламент • 13 Желтоқсан, 2018

Еларалық маңызды заң жобалары мақұлданды

316 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда бес мәселе қаралды.

Еларалық маңызды заң жобалары мақұлданды

Соның ішінде «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкі­меті арасындағы көші-қон сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл туралы баяндаманы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасады. Келісімге 2018 жылдың 19 наурызында Астана қаласында қол қойылған. Ол көші-қон ағым­дарын реттеу мен азаматтық беру мәселелерінн шешуде қолайлы жағдайлар жасайды. Соның ішінде Келісім ста­тистикалық-құ­қықтық және ғы­лыми-мето­до­логиялық ақпа­раттармен, тарап­тар азамат­тарының дерек­терімен алмасулар­ды көздей­ді. Бұл құжатты Тәжік­стан жағы 2018 жылғы шілде­де рати­фи­ка­циялаған. Осы мә­се­лелерді айта отырып Қ.Қасымов, заң жоба­сының әлеуметтік-құ­қықтық салдарға соқпайтынын және қо­сымша қаражатты талап етпей­тінін ескертті.

Баяндамадан кейін бірнеше депутат көптеген мәселені анықтау мақсатымен сұрақтар қойды. Соның ішінде Асылбек Сма­ғұлов пен Павел Казанцев жыл сайын Қазақстанға 460 мың­дай мигрант келсе, соның 9 пайызға жуығы Тәжікстан аза­маттары екенін айта отырып, олардың қос азаматтық алу құ­қы бар болғандықтан, біздің аза­мат­тығымызды қоса алып, зей­нетақы немесе басқа да әлеу­меттік төлемдерді заңсыз алып жатса, оларға қаншалықты тос­қауыл жасалады деп сұрады.

Бұл сұрақтарға министр қос азаматтық негізінен шекаралық қызметтен өткендердің тіркелу базасы арқылы анықталатынын айтты. Біздің елдің аумағына Тәжікстан азаматы болып өт­кендер тіркеліп, мәліметтер базасына алынғандықтан, ондайлар Қазақстан азаматтығын қоса ал­ғысы келсе, сол мәліметтердің негі­зінде оған азаматтық беру­ден бас тартылады, дей келіп, жал­пы қос азаматтықпен жүрген­дердің бар екенін де министр атап өтті. Ал басқа елдің Ішкі іс­тер министрлігіне сауал жа­сау арқылы күдіктінің азамат­тығы бар-жоғын анықтау қиын кө­рінеді, өйткені мұндай мәлімет­тер конфиденциалдық құпия бол­ған­дықтан берілмейді екен. Сон­дықтан қазір Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Ар­мения және т.б. елдермен қос азаматтықты анықтау жолдарын қарастыратын Келісім әзір­леніп жатқан көрінеді.

Заң жобасы туралы қосымша баяндаманы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Василий Олейник жасады. Ол жалпы әлемдік миг­ра­циялық процестердің дамуы жағдайында заң жобасын рати­фи­кациялаудың өзектілігін атап өтті. Сонымен бірге депутат заң жо­ба­сы екі елдің арасындағы миг­ра­ция саласындағы ынтымақ­тас­тықты дамытумен қатар, заң­сыз миграцияға қарсы күресті жан­дан­дыруға ықпал ететінін айтты.

Шағын талқылаудан кейін заң жобасы толық мақұлданып, Се­наттың қарауына жіберілді.

Жалпы отырыста қаралған тағы екі заң жобасы Қазақ­стан мен Тәжікстан Республи­ка­ла­рының үкіметтері арасында қол қойылған кейбір келісімдерді ратификациялауға арналды. Атап айтқанда, «Қазақстан Рес­пуб­ликасы азаматтарының Тәжік­стан Республикасының аума­ғында және Тәжікстан Респуб­ликасы азаматтарының Қазақ­стан Республикасының аума­ғын­да болу тәртібі туралы келі­сім» мен «Қазақстан Республи­ка­сы­ның Үкіметі мен Тәжікстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді іске асыру тәртібін атқару туралы хаттаманы» ратификациялауға арналған заң жобалары болды.

Бұлар туралы да негізгі баян­даманы Ішкі істер министрі Қ.Қасымов жасады. Алғашқы Келісімде Қазақстан мен Тәжік­стан азаматтарының Тарап­тар­дың аумағында міндетті тір­кеусіз болу мерзімін 30 күнге дейінгі мерзімге ұлғайту, сон­дай-ақ тараптардың аумағында мемлекеттік шекараны кесіп өткеннен кейін 90 күнге дейін болуы айқындалады. Баян­дамада бұл Келісім бір мемлекет азаматтарының екінші мем­лекеттің аумағында болуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететіні айтылды. Екінші заң жобасы 2018 жылдың 14 наурызында Астанада қол қойылған Реадмиссия туралы келісімді және осы келісімді іске асыру тәртібін атқару туралы хаттаманы ратификациялауға арналған. Бұл құжат мемлекеттер аумағына ұлттық заңнамаларды бұзып кірген немесе сонда жүрген адамдарды мемлекеттердің құзыретті органдарының беруі және қабылдауы мәселелері бо­йынша Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтерінің арасындағы ын­ты­мақтастықтың құқықтық негіз­дерін жасауға бағытталған.

Екі заң жобасы да шағын талқылаудан кейін тұтастай ма­құл­данып, Сенаттың қарауы­на жіберілді. Бұлардан басқа, депутаттардың бастама­шыл­дығымен әзірленген мемлекеттік қыз­мет көрсетулерге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасы және кейбір заңнамалық актілерге оңалту және бан­крот­тық рәсімдерін жетілдіру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары Мәжілістің қарауына қабылданып, олар туралы қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»