13 Желтоқсан, 2018

Мерейлі отбасының өнегесі

593 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Республика өңірлерінде белсенді әрі зор ықтияр­лық­пен жүзеге асқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көптеген салаларға серпін беріп, ел мәртебесіне ие жобалардың жүзеге асуына ықпал етті.

Мерейлі отбасының өнегесі

Аталған бағдарлама әлеуметтік сала үшін маңыздылығымен ерекше болды. Осы тұрғыдан алғанда отбасы құндылықтары, халықтың өсімі, білім беру, жұмыспен қамту сияқты әрбір шаңырақ үшін маңызды мәселелердегі ықпалы зор. Босағасы берік, қадір-қасиеті жоғары отбасы қоғамның тұрақты дамуының кепілі екендігі анық. Мақсат-міндеттері мығым жолға қойылған отбасының келешегі де жарқын болатыны сөзсіз. Осы орайда үлгілі отбасылардың өне­гесін насихаттауды, отбасы бір­лігін нығайтуды мақсат ете отырып ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының рөлі жоғары екендігін айта кеткен абзал. Әңгіме ауанын осындай ізгі­лікті істердің қайнарынан бастауы­ма басты себеп болғаны жанымда жүрген жаны жайсаң, жүрегі дархан азаматтардың көптігімен байланысты болса керек-ті.

Өмірімнің жарты ғасырдан астам уақыты ғылыми-зерттеу, із­де­ніс­тегі, шығармашылық жолын­­­дағы істерге арналыпты. Ғалым­­дар, зерттеушілер, бас­қа да түрлі сала мамандарымен жауап­­кер­шілігі мол істерде қоян-қол­тық жұмыс істеуге тура келді. Солар­дың арасында жаның­ды жадыратар, білімі мен зерде­лілігі таңдандырар тамаша жан­дар көп болды. Бұл менің еңбек жолымдағы ең бақытты сәт­терім еді. Әрқайсысымыздың еңбек­те табысты болып, білімге ұмты­луы­мыздың алғышарты отбасын­дағы үйлесіммен тікелей байланысты дер едім. Еңбегін де, шығар­ма­шылық жолын да қоғам дамуына, отбасының береке-бірлігіне арнаған жандармен қатар жүруім өмір жолыма зор ықпалын тигізбей қойған жоқ. Олар бір ғана ұжымға ғана емес, бүтіндей елге үлгі болу­ға лайықты жандар дер едім.

Осындай жаны жайсаң жандар еліміздің батыс өңірінен шыққан Кәдірғали Танкиев пен Гүлпара Ермұханованың отбасы. Отасқандарына елу жылдың жүзі болған қарапайым да мерей­лі отбасының жарты ғасырға жуық бірлескен одағы талай-талай қиындығы мен қуанышы қатар жүрген жылдарды бастан өт­керді. Бір-біріне қамқоршы да, қол­дау­шы да бола жүріп, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қазақта «Атың жақсы болса – бір бақыт, алған жарың жақсы болса – мың бақыт» деген қанатты сөз бар емес пе?.. Өмір жолы әңгімемізге арқау болып отырған Кәдірғали мен Гүлпараның отбасы бүгінде дария­дай кең, таулардай биік, шаттық пен берекеге толы шаңырақ.

Кәдірғали жоғары білімді, қызыл диплом иесі бола тұрып институт бітіргеннен кейін еңбек жолын мектептің ескі көлігін жүр­гізуші болып бастағаны талайларды қайран қалдырғаны бар. Ал Кеңес үкіметінің тұсында экономикасы артта қалған 30 ауданның екінші хатшысы қызметінде жүріп (1985 жылы), Орталық Комитеттің сектор меңгерушісіне бірден көтерілген еңбегін ерекше атап кетуге тұрады.

Ал Гүлпара Ермұханова Аты­рау облысы, Қызылқоға ауда­нын­да химия-биология пән­дері­нен сабақ беріп, адам клеткасы құ­ры­­лысын электрленген маг­ниттік тақт­аға салып, жаңаша әдіспен көз­ге түсіп, ұстаздардың ал­ды бо­лып, 1984 жылы «ҚазКСР ағар­ту саласының үздігі» атағына шал­­ғай аудандардан бірінші болып қол жеткізгендердің бірі. Ал 1991 жылдың желтоқсан айында Ха­лық емшілері қауымдас­тығы құрыл­ғанда, Атырау облысы бо­йынша филиалдың алғашқы дирек­торлығына Гүлпараның ла­йықты болуы әрі осы жауапты мін­детін жиырма бес жыл қалт­қысыз атқаруы ерен еңбегінің арқасы дер едім.

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жаңадан құрылған Мәдениет басқармасының алғаш­қы басшыларының бірі болып, еге­менді елдің атынан, ислам мем­лекетіне (Иран) барған делегация құрамында Кәдірғалидың болуы да жайдан-жай емес еді. Ал еліміздегі реформаларды жүзе­ге асыру барысында құрыл­ған қар­жы­лық институт – Зей­нет­ақы төлем орталығының ай­мақ­тар­дағы бөлімдері ашылған кезең­де Атырау облысы бойынша фи­лиал­­дың директорлығына білікті ма­ман ретінде Кәдірғалидың таға­йын­далуы білікті маманға деген үлкен сенімнің нәтижесі еді. Бас­тапқы мамандығы тарих пәні­нің мұғалімі бола тұрып, эконо­ми­ка­ның сан-саласына білек сыбана кірісіп кеткен жас маман мол тә­жірибе жинақтауының нәти­же­­сінде саланың үздіктерінің қа­­та­­ры­нан табыла білген білгір ұйым­дас­тырушылардың қатарына қосылды.

Атыраудағы жекеменшік «Анако» мұнай компаниясының ақпарат құралдары мен үкімет арасындағы жұмыстарын алғаш жолға қойып, қоғам мен компания аралық байланысты нығайтуға ықпал етті. Одан кейін күніне алпыс тонна нан өнімдерін шығаратын зауыт­тың директоры болып қыз­мет еткен жылдары нарықтың қайнап тұрған бәсеке кезеңіне тұспа-тұс келеді. Әр отбасының сүйікті тағамы­на айналған нан өнімдеріне деген сұраныстың артуына, кәсіпорынның дамуына барынша үлес қосқан білікті басшы ретіндегі еңбегі өз алдына бір төбе. Мол тәжірибесі мен білікті ізде­ністерінің арқасында басқа­рудың қыр-сырын жете меңгерген Кәдір­ғали кейіннен туған өлкесі Қызылқоға ауданында кәсіп­кер­лікті дамытып, алғашқы болып машина-трактор жөндеу орталығын өркендетті.

Бүгінде елімізде адам құқы­ғын қорғау мақсатында іске асып жатқан нәтижелі істер бар­­шылық. Осы тұрғыдан ал­ған­да «Медиация туралы» Заң­­­ның қабылдануы қоғам дамуы­ның маңызды бөлігі ретінде бітімгершілікке келу мен дау-жанжалдардың ал­дын алу мәсе­лесінде қолға алын­ған түбе­­гейлі шешім болды. Ме­диа­ция­ның қыр-сырын меңгеріп, батыс өңірінде кәсіби медиатор қыз­­метіне де өзінің білімі мен уақы­тын арнаған азаматтар қатарын­да Кәдірғалидың есімі аталады.

Толассыз жұмыс, қайнаған еңбек­тің ортасында жүруге әб­ден машықтанған кәсіби маман қашан да айналасындағыларға ша­ра­патын төгіп, қол ұшын беріп жүреді. Әріптестері ғана емес, ағайын-туыс, құда-жекжат, жол­дас-жора, тіптен Атырау жұрт­шылығы Кәдірғалидай аза­мат­тың осындай еңбек жолына куә. Осынау жылдарда ер-азамат­тың жетістіктерге жетіп, өз ісі­нің біл­гірі болуына қолдау көрсет­кен Гүл­параның еңбегі өлшеусіз дер едім. Шаңырақтың анасы ота­ға­сына сүйікті жар ғана емес, іскер­лік көмекшісі де бола білді, бала­ларының тәрбиесіне де көңіл бөліп үлгерді. Өмір дейтін үл­кен кеңістікте бір-біріне риясыз жәр­дем етуге, қиындық туған сәт­терде шынайы көңілмен, пара­сат­тылықпен бір-біріне дем беріп, отбасылық өмірдің жарты ғас­ыр­лық белесіне үлкен абырой-атақ­пен көтерілді. Қоғамның дамуы­на зор үлестерін қоса отырып, ерекше мазмұнды қағи­даттарды ұжымдардың да тәжі­рибесіне ен­гізіп, жастардың, жас отба­сы­­лардың салтанатты ғұ­мыр­ға бас­таған әрбір қадамына қам­қоршы әрі ақылшы бола білді. Бүгінде көп­ші­ліктің ықыласы мен батасына кенелген отбасы әрдайым өзі­нің ашық-жарқын, берекелі де, мамыра­жай қалпынан танған емес. Жү­регі дархан, қонағына есігі әр­да­йым айқара ашық тұратын Кәдір­ғали мен Гүлпараның отбасы ма­даққа да, марапатқа да әбден лайық.

 

Ораз БАЙМҰРАТОВ,

ҰҒА академигі,

экономика ғылымдарының докторы, профессор