Әдебиет • 13 Желтоқсан, 2018

Ағысқа қарсы жүзген жазушы (2-БӨЛІМ)

816 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Ағысқа қарсы жүзген жазушы (2-БӨЛІМ)

(Соңы)

Украинадан Мәскеуге 1921 жылы көшіп келген Михаил Булгаков Большая Садовая көше­сіндегі 10-үйдің 50 пәтеріне әйе­лі Татьяна Лаппа екеуі қоныс­танады. Дәл осы үйде сол кездегі атақты театр суретшісі Георгий Якуловтың шеберханасы болатын. Оның шеберханасына әйгілі адамдар көп жиналатын. Олардың арасында оқу-ағарту наркомы Луначарский, ақындар Андрей Белый, Сергей Есенин, режиссер Мейерхольд сияқты ұлы тұлғалар болды. Есенин дәл осы шеберханада Айседора Дунканмен танысып, атақты биші Есениннен 18 жас үлкен болса да, олар бірін-бірі өте жақсы көрді. Ал бұдан бұрын дәл осы үйде 1918 жылы Ленинге қас­тандық жасаған Фанни Каплан тұр­ған. Тіпті, дәл Булгаковтар қо­ныстанған 50-пәтерде тұрып, Ленинді атуға осы пәтерден ат­танған. 1918 жылы 30 тамызда Кап­лан үйден шығып, сол бойы қайтпады. Ленинге қастандықпен екі рет оқ атқаны үшін большевиктер оны Кремль алаңында атып тастады.

Ескерте кететін қызық жайт: Тарихи факт бойынша Каплан екі рет оқ атқан. Бірақ оқ атылған жерден екеу емес, 4 гильза та­былған. Бұл – әлі күнге дейін ашылмаған жұмбақ.

Бұл үйді әу баста, 1903-1904 жылдары сол кездегі атақты «Дукат» темекі фабрикасының қо­жасы көпес Илья Пигит сал­дырған, бірнеше пәтерден тұ­ратын зәулім үй болатын. Пи­гит қайтыс болған соң, өзінен та­раған перзент болмағандықтан, бұл үй Пигиттің ағасының қы­зы Аннаға тиесілі болды. Бұл жағ­дайды тәптіштеп айтып тұр­ған себебіміз – Булгаков бұл үйді «Нехороший дом» деп ата­ған. Өйткені Анна 1907 жылы эсер­лердің террористік тобына кіріп, сол жылы II Николай патшаға қастандық жасамақ болғаны үшін За­байкалға жер аударылады. Сол жерде ол Киев генерал-губернаторын өлтірмек болған әрекеті үшін жер аударылған Фанни Кап­ланмен танысып, екеуі жақын құрбыға айналады. Патша үкіметі құлаған соң Керенскийдің амнис­тиясына ілігіп, екеуі де Аннаның бұрынғы үйіне қайтып келеді. Большевиктер бұл үйді мемлекет меншігіне алған соң, мұн­да келіп әртүрлі мамандық ие­сі топырлап тұра бастады.­ Сондай топырдың бірі боп 50-­пәтерге Булгаковтар отбасы­ да қоныстанған еді. Күн­де арақ ішу, айғай-шу, төбелес. Әрі б­ұ­рынғы тарихы мен бүгінгі бей-бе­рекетсіздігіне байланысты Бул­гаков бұл үйді «Нехороший дом» деп атап кетті. Осындай у-шу, даңғаза жағдайда үш жыл өмір сүріп, сол кезеңнің өзін­­де Булгаков «Ақ гвардия», «Дья­волиада», «Роковые яйца», «За­пис­ки на манжете» сияқты атақ­ты шы­ғармаларын, очерктер мен фе­лье­тондарын жариялады.­ Ком­му­налкадағы көптеген көрші­лері Бул­гаков романдарына прототип боп енді. Анна Горячева – «Мастер мен Маргарита» рома­нындағы трамвай линиясына май төгіп алатын Аннушка. «№13-­элпиотребкоммунадағыүй»­ әңгімесінде дәл 50-пәтерде тұр­­­­­ған Аннушка алынған. Ал арақтан аузы құрғамайтын ти­по­графия жұмысшыларының бейнесі жазушының «Самогон көлі» әңгімесіне арқау болды. «Мастер мен Маргарита» ро­манындағы басты кейіпкер, жұм­бақ сиқыр иесі Воланд дәл осы үйді штабқа айналдырады. Бул­гаков шығармасынан кейін бұл үй ең атақты, құпияға толы үйге ай­налды. Булгаков осы үйге әкеп «жын-перілердің тобын» «қо­ныстандырды». Азазелло, Кот Бе­­гамот, Коровьев-Фагот, Гелла. Мұнымен қатар, атеистік кеңес елі­нің зәресін ұшырған Иешуа Го-Ноцри да барып тұрған «дьяволщина» боп қабылданды. Шір­кеулер мен мешіттерді қира­тып жатқан құдайсыз елде Пон­­ти Пилат пен Го-Ноцри (Иисус Христос) жайлы шығар­маның жазылуы бұлтсыз күнгі найзағайдай қабылданған еді. Ал Фанни Капланмен дос бол­ған, бір пәтерде тұрған Анна Пи­гиттің үйіне чекистер сау етіп кіріп келіп, Аннаны да, аға­сы Дмитрийді де тергеуге алып ке­теді. Бірақ олардың Капланмен бірге тұрғанымен онымен ешқан­дай байланысы болмағаны дә­лел­­деніп, олар босап шығады. Әрі-беріден соң, 1924 жылы Ле­­нин қайтыс болғанда Анна Пигит бұрынғы каторгалықтар қоғамының атынан көсемнің басында құрметті қарауылға тұру құрметіне ие болды.

1938 жылы №5 пәтерге чекис­тер қайта лап қойды. Аннаны тұтқындап алып кетеді. Бұл жолы Анна үйіне қайта оралмады. Эсер­лердің контрреволюциялық ұйымының мүшесі ретінде оны сол күні-ақ атып тастады.

Осындай шатасқан оқиғалар­дың ордасы болған Большая Са­довая көшесіндегі 10-үй Бу­л­гаков­тың мистикалық «Мастер мен Маргарита» романын жазуға басты себеп болды.

Роман автордың көзі тірі ке­зінде жарыққа шыққан жоқ. Ол өткен ғасырдың 60-жылдары ғана цензураның қатал тексерулерінен соң жарық көрді. Оның шығарма­лары да автордың өмірі секілді қиялға сыя қоймайтын қилы-қи­­лы тағдырды бастан кешірді. Әлі де кешіріп келеді. Украина би­лігі Булгаковтың «Мастер мен Маргарита» романын «жын-пері жайлы жазылған, бүгін­гі оқырманның психикасына тигізер зияны мол» деп романның ел­ге тарауына тыйым салды. Ал осы роман бойынша түсірілген фильм­ге қатысқан актерлердің көп­шілігі құпия науқасқа шалды­ғып, кейбіреулері жұмбақ жағ­дай­да қайтыс болды.

Осы мақаланың авторы­ 2002 жылы Булгаков өмірі жай­лы «Тор» («Сети дьявола») деген­ драма жазып, ол ең әуе­лі­ Қос­­танай облыстық қазақ дра­­ма театрында, 2004 жылы Ал­ма­тыдағы М.Ю.Лермонтов атын­дағы академиялық орыс драма театрында, 2006 жылы Санкт-Пе­тербургтегі В.Малышицкий театрында қойылды. Cөз реті кел­генде айта кету айып болмас, бұл пьесаның сахнаға қойылуы да әрқилы болды. 2004 жылы Қос­танай облыстық драма теа­­тры сахналаған нұсқасында мар­құм Жамбыл Есімбеков «Раз­двоение личности» дегенді тура мағынасында түсінгендіктен бе екен, спектакльде бір Булгаков екіге бөлініп, олар тіпті шпагамен бір-бірімен жекпе-жекке шығып жүр. Сталин де сахнаға шығып, Булгаковтың сөзін айтып жүр. Премьераны көруге үш адам барған едік: Әшірбек Сығай, булгаковтанушы, ғылым докторы Виктор Бадиков. Қо­йылым бәрімізге де ұнамады. Ак­терлерде кінә жоқ, тек олар ре­жиссердің жаңсақ түсінігінің құр­бандығына айналып кетіпті.

Мен сахнаға шығып, театр ұжымына, барын салып ойнаған актерлерге рахмет айтып, бұл спектакльді бұдан былай жұртқа көрсеткеннен гөрі көрсетпеген пайдалырақ болар деген пікір айттым.

Қойылым тоқтап қалды.

Рубен Андриасянның Лермон­тов театрындағы қойылымы, әрине, ерекше болды. Біздің қа­­зақ театрларынан гөрі мұнда қо­йыл­ғалы жатқан пьесаға деген ықы­лас пен жауапкершілік аспан мен жердей деуге болады.

Көркемдік Кеңесте пьеса қа­был­дан­ды. Рөлдер бөлінді. Ком­по­зитор мен суретші өз жұмыс­та­рына кірісіп кетті. Енді  режиссер пьеса мәтінімен жұмыс істеуге кі­рісті. Ол қалай болды?

Біз, яғни, төрт адам – автор, қоюшы режиссер, булгаков­танушы В.Бадиков, аудармашы­ А.Арцишевский бәріміз Андриа­сян­ның саяжайына жиналып, кү­ні бойы мәтінмен жұмыс іс­тедік. Андриасян әр сөйлемді асық­пай оқып отырады да, әрбір сөйлемдегі басты ой қандай жә­не қай сөзге екпін түсіре алуы керек? Міне, дәл осындай әдіс­пен пьесаның аяғына дейін талдап шықтық. Талдай отырып, пьесаның артық-кем тұстарын редакцияладық: жөндеу, артық сөздерді алып тастау, актердің айтуы­на ауыр тиетін қиын сөз­дерді мағынасын сақтай отырып, басқа сөзбен алмастыру, әрбір көріністің өз мақсатын анықтай түсу, композициялық тұтастықты сақтау үшін эпизодтардың орнын алмастыру, әрбір репликадағы басты сөзді актер үшін астын сызып көрсету, т.б.

Үшеуміз үш жақтап пікір айтып, режиссер, әрине болашақ спек­такльдің «қожайыны» ре­тінде өз пікірін қорғап, қызыл ке­ңірдек боп айтысып жүріп бо­лашақ спектакльдің сұлбасын жасап бітіп, ортақ бір пікірге тоқтаған соң барып «уһ» деп, Андриасян армян шашлығын қақтауға кірісіп еді.

Премьера зор табыспен өтті.

Репетиция барысында қы­зық оқиға болды. Әуелгіде Ан­дриасян мені репетицияға жиі-жиі шақырып тұрамын деп «қорқытқан» еді. Жарайды, уа­қыт тауып келіп тұрармын» деп­ уәде бергенмін. Театрда репе­ти­цияның басталып кеткенін бі­лемін. Андриасяннан хабар жоқ. Жарты ай өтті, бір ай өтті, екі ай өтті – ол болса құдыққа құ­лап кеткендей үнсіз жатыр. Те­лефон соға қалсам: «келесі апта­да», «ертең», «бүрсүгіні» деп сыр­даңдатып жүріп, ақыры мені үлкен көркемдік кеңеске тапсы­ру кезеңіне бір-ақ шақырды. Ер­тесіне премьера. Мен жатып кеп ашуландым. «Мұның не? Репетицияға үзбей шақырып тұрамын деп «қорқытқаның» қайда?» Менің наразылығымды ұзақ уақыт үндемей тыңдап бол­ған соң оның айтқан сөзі: «Ду­лат, кешір, шынымды айтсам, мен тірі авторларды онша ұна­та бермеймін. Олар жұмысқа ке­дергі жасайды» дегені. «Ә-ә, со­лай ма? Тірі автордың саған керегі жоқ екен ғой. Сен өз теа­трың­­дағы бүкіл репертуарды Шек­­спирден бастап баяғыда қай­тыс болған авторлардан құрай­ты­ның сондықтан екен ғой».

Премьераның сәтті өтуі өкпе-реніштің бәрін жуып-шайып кеткендей болды. Әсіресе, фонограммамен берілетін Сталиннің Булгаковпен телефон арқылы айт­қан сөздерін Андриасянның оқуында өте әсерлі шығып еді.­ Дәл Сталиннің өзі сөйлеп тұрған­дай естілген болатын.

Ал 2006 жылдың 1 шілде­сінде Санкт-Петербургтің Малышиц­кий театрындағы қойылған спектакльде Сталин сахнаға шыққан жоқ, тек сөйлеген кезде сахнаның оң жақ биігінен үлкен терезеден Сталин бейнесіндегі актер көрі­ніп, Булгаковпен сөйлесіп отырады.

Бүкіл Қазақстандағы қазақ-орыс театрымен салыс­тырғанда үш­ жүз жылдық та­рихы­ бар орыс театры емес пе, репетицияға кіріс­пес бұрын олар телефон арқылы мәтіндік сын-ескертпелерін жіп­ке тізіп, бірнеше сұрақтары мен­ өз ұсы­­ныстарын айтып еді. Мен олар­­дың әрбір ұсынысына жауап­ бердім. Ақыр соңында театр­­дың көркемдік жетекшісі В.Малышицкий телефон со­ғып, қарлығыңқы дауыспен: «Ду­лат, егер мүмкіндігің болса Петер­бург­ке дәл премьера болатын кү­ні емес, 4-5 күн бұрынырақ ке­л­сең игі болар еді. Қойылым бойынша сын-ескертпелеріңнің бол­май қоюы мүмкін емес. Сол сын-ескертпелеріңді жөндеу үшін бізге уақыт керек. Ерте кел­ге­нің үшін қонақүйдің ақшасын біз-ақ төлейік» деген ұсыныс айт­ты.

Әйелім, екі немерем – Ме­рей мен Әлкейді алып, Санкт-Петер­бургке маусым айының 27-сі күні келіп жеттік.

Репетицияға қатыстым.

Олар менің ескертулерімді қол­дарынан келгенше жөндеп бақты.

Бір пьеса, үш театр. Үшеуінің қойылымы үш бөлек.

Малышицкийдің спектаклі құрылымы жағынан – жабық финал, яғни, барлық кейіпкерлердің тағдыры белгілі. Қойылымның финалы – режиссерлық ұшқыр із­денісінің жемісі деп айтар едім. Қойылым оқиғасы біткен соң, Булгаков айналмалы сатымен жо­ғары өрлей береді. Ол жасаған кейіп­керлердің бәрі – театрдың бүкіл әртістері қолдарын жайып, Булгаковты аспанға шығарып салып тұр. «Жер үстіндегі кі­нә­лі тіршіліктен шаршадың, Бул­­гаков. Біз саған ризамыз. Бә­­рімізді өмірге сен әкелдің. Ен­ді Аспаныңа барып демал!» деп қоштасып тұр. Булгаков са­тының ең биігіне көтеріліп, тө­менгі жаққа күлімсіреп бір қа­райды да, кейіпкерлерімен үн­сіз қоштасып, жоқ боп кетеді. Мұн­дай көрініс мен жазған пьесада жоқ. Бірақ пьесаның рухына сай Булгаковтың аспанға шы­ғып, мәңгілікке аттануы Малы­шицкийдің режиссерлық батыл ше­шімі еді.

Кейбір көрермендердің көзде­ріне жас алып отырғанын көріп, мен де толқып кеттім.

Қойылым біткен соң белгі­лі жазушы Юрий Рытхэу театр ұжымын, әсіресе, Малышиц­кий­дің батыл да тапқыр режиссурасын аспанға шығара мақтай келіп, өкпе-назын да жайып салды.

− Мен сіздердің театр­ла­ры­ңыз­бен көрші тұрамын. Бірақ бір де бір премьераларыңызға шақыр­ған жоқсыздар. Жақында ғана досым Шыңғыс Айтматовтың «Ға­сырдан да ұзақ күн» пьесасын қойдыңыздар. Оған да ша­қыр­мадыңыздар. Мен бүгінгі спек­такльге Ақтөбе қаласында де­малып жатқан Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің шақыруымен ке­ліп отырмын. Ол айтты, сенің үйің­нің іргесіндегі театрда Ду­лат Исабековтің пьесасының пре­мье­расы болады. Даниил Гра­нинге телефон соқсам, ол да­ча­­­сына кетіп қалыпты. Өзің бі­­лесің, оның дачасы қаладан 140 шақырым. Тым болмаса сен бар, көріп шыққан соң пікіріңді айтарсың» деген соң келіп отырмын. Дулаттың прозасын білсем де, пьесасын білмейді екенмін. Аспанда жүрген Булгаков өзі жайлы алыстағы қазақ жазушысының пьеса жазғанына, ол пьесаны сіз­дердің сахналағандарыңызға ри­за боп, күлімсіреп қарап тұрған шы­­ғар. Сол үшін сіздерге рахмет! – деп шын жүректен толқи сөй­леп еді.

Сонымен, Сталиннің репрессиясынан аман өткен орыстың ұлы жазушы-драматургы қыз­ғаныш­тың репрессиясынан аман қалмады. Сталиннің оған де­ген «мейірімін» түсіне алмай, әрі оны Нобель сыйлығына ұсы­нып қалуы мүмкін деген ше­тел мамандарының аузынан­ шық­­­қан алып-қашпа пікір оның­ шығармашылығын тұншық­тыруға тырысқан топ­тың іс-әре­кетін күшейте түсті. Га­зет­терде Булгаковқа қарсы ма­қа­­­­­лалар басылып, бір кездері «Бул­гаков пьесаларының бе­сі­гі» атанған Мәскеудің акаде­мия­­лық драма театры сол көре ал­маушылықтың салдарынан «Булгаков пьесаларының моласына» (Булгаковтың сөзі) айналып шыға келді. Жастайынан жа­бысқан бас ауруы (мигрень) бірте-бірте күшейіп, оның арты жүй­ке ауруына ұласып, Абай айт­қандай, «мыңмен жалғыз алы­сып», көрінбейтін жауларын жеңе алмай, 1940 жылы небәрі 49 жасында қайтыс болды. Оның шығармалары соңынан әр- түрлі пікірлерді шұбыртып, әлі­ күнге дейін өмір сүріп келе­ді. Ресей кітап палатасының 2017­ жылғы мәліметі бойынша,­ реалист жазушылардың арасы­нан Булгаков шығармалары оқыр­мандары мен көрермендерінің мол­дығы жөнінен Э.М.Ремарк бастаған ондыққа енеді екен. Булгаков феномені деген осы.

Кейбір замандастарының естелігі бойынша, Булгаков өзі ай­тып жүргендей соншалықты мұқ­таждықта өмір сүрмеген көрінеді. Ол баршылықта өмір сү­­ріпті. Ол өзінің әйелдерімен қо­са басқа да әйелдерге қым­бат сыйлықтар жасап тұрған. Жазу­шының кешкі асы қара уыл­ды­рықтан, әртүрлі экзотикалық же­­містерден, лосось балығынан тұ­­ратын. Оның үй қызметшісі де болды, әйеліне ылғи да арнайы шашт­араз, маникюр жасаушы қыз­меткерлер келіп тұрды. Соған қара­мастан, ең таң­ғаларлығы сол, үкіметке хат­­тар жазу жа­ғы­нан ол «чемпион» болатын.­ Ста­линге, бас­­қа да үкімет мүше­леріне жаз­ған хаттары аз емес. Оның ті­­­лек-талаптары ылғи да­ қа­на­ға­т­­тандырылып келді. Со­ның өті­ліміне, үкімет жағы одан «жаңа өмірдің жарқын көрі­нісін жырлайтын, октябрьдің 20 жылдығына орай ұтымды шы­ғар­ма жазуын» сұрайтын. Өмір бойы үлкен пәтерді армандап өткен Булгаков өзінің табиғатына сай кел­мейтін: «Үлкен пәтер үшін МХАТ-қа ғана емес, сайтанға да сатылуға дайынмын» деген сөз­дерінің хатқа түсіп қалғаны бар.

Бәлкім, өмір бойы кең де жай­лы пәтерді армандап келген Бул­гаков бұл сөздерді ызалы сар­казммен айтса айтқан болар. «Адамды тұрмыс билейді» деп К.Маркс айтқандай, тұрмыс ауыр­тпалығы меңдеген шағында ет пен сүйектен тұратын пенде атау­лының ашу-ызасы ақыл-ойын ауыздықтауға шамасы жетпей қалатын сәттері де болатын шығар.

«Мольерді» жазған Булгаков­тың өзі де орыс драматугиясында Мольердей өшпес із қалдырды.

Дулат Исабеков, жазушы