Әлем • 13 Желтоқсан, 2018

Муай-тайдан Азия чемпионаты аяқталды

477 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Макаода муай-тайдан өткен Азия чемпионатынан Қазақстан құрамасы олжалы оралды. Ересектер арасында өткен жарыста 10 жерлесіміз күш сынасып, жетеуі жеңіс тұғырына көтерілді.

Муай-тайдан Азия чемпионаты аяқталды

Макаода Қазақ әлінің әнұраны бір мәрте шырқалды. 67 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұртаза Жұмаханов жартылай финалда БАӘ өкілі Нұриддин Самирді сұлатып салса, ақтық айқаста ауғанстандық Мұртаза Шамалға шаң қаптырды.

Ақтық сынға дейін алқынбай жеткен Алмас Сәрсембеков (57 кило), Евгений Зайцев (63,5 кило) және Әлбина Құлбизекова (57 кило) шешіші тұста ұтылып, күміс медальді мойындарына ілді. Ал қола жүлдені Еламан Саясатов (54 кило), Руслан Заякин (71 кило) және Иван Ван-Хон-Тун (86 кило) иеленді.

Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медальмен шектеліп қалған жоқ. Осы жарыстың ең үздік спортшысы ретінде қандасымыз Алмас Сәрсембеков ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сыйлықпен марапатталды. Ал әйелдер арасында дәл сондай құрметке Австралияның өкілі Иоланда Шмидт бөленді. 

30 мемлекеттің қатысуымен өткен жарыстың жалпыкомандалық есебінде Қазақстанның муай-тай шеберлері төртінші орынға табан тіреді. Алғашқы үш орынды Таиланд, Қытай және Макао құрамалары иеленді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»