Әлем • 13 Желтоқсан, 2018

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Иран ядролық бағдарламасына қатысты жоспардың орындалуын қолдады

374 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын (ЖҚБІЖ) аймақтағы ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің түйінді құжаты ретінде қарастырады. Бұл жөнінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ашық отырысында жария етті, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі. 

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Иран ядролық бағдарламасына қатысты жоспардың орындалуын қолдады

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 12 желтоқсанда БҰҰ Бас Хатшысының 2231 қарарының орындалуы туралы алтыншы жартыжылдық баяндамасын қарастырды. Баяндаманың негізгі мазмұнымен Кеңес мүшелерін БҰҰ Бас Хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Розмари ДиКарло таныстырды. Отырысқа АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео қатысты.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған саяси жолдауында аталғандай, Қазақстан Иран ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуалды реттеу бойынша бірлескен іс-қимылдар жоспарына және оның одан әрі жүзеге асырылуына өз қолдауын жалғастырып келеді. Біз бұл құжаттың аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалудағы маңызды рөлін, сондай-ақ Иранның түрлі салалардағы ынтымақтастығының жаңа келешегі үшін маңызы зор екендігіне сенімдіміз», - деді Қ. Омаров.

БҰҰ Бас хатшысының баяндамасында: «ЖҚБІЖ- ядролық қаруды таратпау саласындағы маңызды жетістік, әрі диалог пен дипломатия тиімділігінің көрнекті дәлелі» - делінген. Қазақстан осы келіссөздер үдерісіне 2013 жылы Алматыда екі сындарлы кездесулер ұйымдастыру арқылы тарихи келісімге қол жеткізуге өз үлесін қосқанын мақтан тұтады.

Қазақстандық делегация басшысы Келісімнің іске асырылуынан оның барлық тараптары пайдасын көруі тиіс деген БҰҰ Бас хатшысының үндеуін қолдап өтті. Сонымен қатар, Келісім тараптарының өз экономикалық операторларына Иранмен заңды ынтымақтастығын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарының талаптары аясында жүзеге асыру бостандығын қамтамасыз ету ұмтылыстарына да пікірлестігін білдірді.

Қ. Омаров Қазақстанның географиялық жағдайы мен транзиттік әлеуетін ескере отырып, аймақтың барлық елдерімен белсенді әріптестікті дамытудағы заңды мүдделеріне назар аударды. ЖҚБІЖ-нің орындалуының арқасында аймақтағы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен дамудың айтарлықтай жандана түсуі атап өтілді.

«Қазақстан Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспары мен 2231 қарарының таратпау режимін нығайтуға және аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етуге одан әрі үлесін қоса береді деген үмітпен Қауіпсіздік Кеңесіндегі өз жұмысын аяқтау үстінде», - деді ҚР Елшісі өз сөзінде.