Қазақстан • 13 Желтоқсан, 2018

СІМ-де ҮАК қызметі жөнінде Ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы өтті

331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қайрат Әбдірахмановтың төрағалығымен бірлескен шетелдік елдермен бірлескен үкіметаралық комиссиялардың қазақстандық бөлігінің тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы өтті. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдарының басшылығы, Бас Прокуратура және Ұлттық Банкінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі. 

СІМ-де ҮАК қызметі жөнінде Ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы өтті

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үкіметаралық комиссиялар қызметінің тиімділігін арттыру мәселесі ҚР СІМ-нің үнемі бақылауында тұр. Сондықтан, сыртқы саяси ведомствоның бастамасымен аталған комиссия құрылған. Оның негізгі мақсаты - үкіметаралық комиссиялардың іс жүзіндегі тиімділігін арттыру және тиісті мемлекеттік органдардың қызметіне баға беру бойынша шараларды әзірлеу болып табылады», - деді Қ. Әбдірахманов.

СІМ басшысының айтуы бойынша үкіметаралық комиссиялардың еліміздің сыртқы саясатын іске асырудағы маңызды тетігі, сонымен қатар Қазақстанның экономикалық дипломатиясын ілгерілетудің пәрменді құралы болып табылатынын ерекше атап өтті. «Біздің ортақ мақсатымыз үкіметаралық комиссиялардың тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл себептен, олардың күн тәртібіндегі мәселелерді Қазақстанға теріс әсерді төмендету жөніндегі шараларды әзірлеу үшін санкциялар мен сауда-саттық соғыстарының сан қырлары тұрғысынан қарастыру маңызды», - деп айтты Министр.

Қазіргі уақытта мемлекеттік деңгейде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту үшін жәрдем көрсетуге арналған орнықты институционалдық желі құрылды. Шет елдермен бірқатар салалық бағыттар бойынша 133 құрылым, оның ішінде 60 үкіметаралық комиссия, 22 кіші комиссия және 51 жұмыс тобы жұмыс істейді.

Отырыс барысында ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 24 тамыздағы №517 қаулысымен бекітілген бірлескен үкіметаралық комиссиялардың қазақстандық бөлігі туралы ережеге енгізілген өзгертулер түсіндірілді. Аталған өзгерістердің мақсаты - ҚР Премьер-Министрінің орынбасарларын ҮАК-тың қазақстандық бөлігіне тең төрағалар етіп тағайындау тетігін әзірлеу, сондай-ақ үкіметаралық комиссиялар отырыстары қорытындылары бойынша есепті жүйелендіру мен ретке келтіру болып табылады.

Кездесу қорытындысы бойынша үкіметаралық комиссиялар шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуына бақылау жасау механизмі, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту және нәтижелерге назар аудару туралы шешім қабылданды. ҮАК-тың отырыстарын сапалы өткізу мақсатында оларды өткізу бойынша дайындықты кешенді түрде күшейту және нәтижелерге назар аудару қажеттілігі аталды. Шетелде өткізілетін ҮАК отырыстарына дайындық кезінде қазақстандық делегациялар еліміздің шет елдердегі дипломатиялық миссияларымен консультация өткізеді.

Үкіметаралық комиссиялардың қазақстандық бөлігін жүргізуге жауапты ҚР мемлекеттік органдары қызметінің тиімділігін бағалау жүйесі әзірленетін болады.

Сонымен қатар, отырыс барысында ҮАК отырыстары шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысында қазақстандық министрліктер көп кездестіретін мәселелер мен қиындықтар пысықталды.

Ведомствоаралық комиссияның отырыстары қажет болған жағдайда, бірақ кемінде жартыжылда бір рет өткізіледі.