Таным • 14 Желтоқсан, 2018

Қосбармақтағы кездесу

578 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

1992 жыл, тамыздың 19-ы. Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауда­­нына қарасты КСРО-ның  50 жылдығы атындағы кең­шардың Қосбармақ жайлауы. Әдетте қойын құрттап, көжесін ұрттап оңаша отыратын малшы ауыл бүгін абыр-сабыр. Жапан­дағы жайлауға тәуелсіздігін жариялағанына жыл толмаған жас мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келе жатыр!

Қосбармақтағы кездесу

Сол күндер – әр сәті тарихи оқиғаларға толы ерекше кезең екен-ау! Тура бір жыл бұрын – 1991 жылдың 19 тамызында әлем­нің алтыдан бірін алып жат­­қан алып мемлекетте алапат төң­керіс бола жаздаған. Іле-ша­ла «ұлттар түр­месі» ыдырап, тәуел­­сіздік шеруі басталды. 16 жел­­­тоқсанда, Алматыдағы Жа­ңа­ алаңда Ұлы мәртебелі тәуел­сіз­­дік жарияланып, осы жол­да құрбан болған барша боз­дақ­тың аруағына бағышталып аят оқылғанда, алаңдағы мың сан жұрт жауып тұрған жауынға қа­рамастан тізерлеп отырып бет си­паған! Сол топтың ішінде екін­­ші курстың студенті біз де бар едік... 

Иә, сол күндердің оқиғасы тау­дан құлаған тасқындай тез өткен екен. Қа­­зақстан Республи­касы 1992 жылы 30 қаңтарда Еуропадағы қауіпсіздік пен ын­ты­­мақ­тастық ұйымына (ЕҚЫҰ), 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ), ал 22 мамырда ЮНЕСКО-ға мүше болып қа­был­данды. Сыртқы саясаттан­ бөлек, елдің өз ішіндегі аса ма­ңыз­ды құбылыстар да қатар жүрді. 1992 жылы 4 мау­сымда Пар­­ламент Қазақстан Респуб­лика­сы­ның мемлекеттік рәміздері – Туын, Елтаңбасын, Әнұранын бекітті. 6 шіл­деде Жоғарғы Кеңес қаулысына орай Орал облысы – Батыс Қазақстан об­лысы болып, Целиноград облысы – Ақмола облысы болып, Шымкент облысы – Оңтүстік Қазақстан облысы болып, Цели­но­град қаласы – Ақмола қаласы болып өзгертілді.

Алда 19 шілде...

«Бұл – тайпақтықтар үшін мәңгі есте қалар күн. Қазақ­стан Республикасының тұңғыш Пре­­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Тай­пақ төрінде. Жалғыз емес, қа­­сына бауырлас екі елдің басшылары – Татарстан Респуб­лика­сы­ның Президенті Минти­мер Шаймиев пен Башқұртстан Рес­публикасының Жоғарғы Ке­ңес Төрағасы Мұр­таза Рахи­мовты ерте келді. Үш Президент мінген тік­ұшақ сол кездегі Тайпақ ауда­ны, КСРО-ның 50 жылдығы атында­ғы кең­шардың кең даласында орын тепкен аға шопан Айсағалиевтердің қонысына келіп қонды...» деп жазды кейін тайпақтық ардагер журналист, бүгінде өмірден өткен Амангелді Мақымов аға­мыз.

Бір қызығы, Орал қаласында бас қос­қан бауырлас үш ха­лық­­­­тың басшысы облыс ор­талы­ғынан 300 шақырымдай жа­пан­дағы жайлауға бірер са­ғатқа неге барды екен?! Ас ішіп, бас ұстау мақсат бол­мас. Түбі бір түр­кі­ халықтарының сый­­лас­тығын көр­сететін, қазақы қонақ­жай­­лықты танытқан бір сәт еді бұл... 

– Сол күндері бүкіл Тайпақ дүрлікті. Мәр­­тебелі меймандар­ды тiкұшақтан қар­­­сы алған топ­тың ішінде мен де болдым, – деп еске алады белгілі ақын, сол кез­­­дері Базартөбе кеңшарының трак­торшысы болған Сағынтай Бисенғалиев.

«...Далада жиналған қыруар халықпен Нұр­сұлтан Әбішұлы етене амандасып, қарт­тардың қолын ұстап, жастардың сәле­­мін қабыл алды. Жағалай тігілген киіз үйді аралады. Аға шопанның жай­лаудағы үйіне әдейі бас сұғып, шопанмен ауызба-ауыз сөйлесіп, жай-күйін, тұрмыс-тіршілігін, шаруа жайын сұрап, тұр­­мысын көзбен көрді. Аға шо­панды ке­лер жарқын күнге сендірді.

Бұдан соң арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйге кіріп, қазақы дәстүрмен бас ұс­тап, ет жеп, шай ішті. Дастарқан басында ақсақалдармен, аудан басшыларымен, ең­бек адамдарымен әңгіме-дүкен құрды. Бір сағатқа созылған отырыс кезінде ел­дің қазіргі жағ­дайы, Орал облысының эко­но­микасы, Тайпақ ауданының хал-ахуалы кеңінен сөз болды. Елбасы алда өтпелі кезең тұрғанын, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керектігін, Алла бұйыртса Қа­зақ­­­стан түбі озық елдер сапына қосылатынын, тәуелсіздік жемі­сін көретін күн де алыс емес еке­нін айтты. Дастарқан басында ауыл ақ­са­қалы Науқан Баяхов Елбасына бата бер­­ді. Бас-аяғы екі-үш сағатқа созылған кез­­десуден соң тайпақтықтар Ел­басымен қи­­май қоштасты», деп жазады Амангелді Мақымов.

Қоштасарда сол жердегі халық үш Президентті ортаға алып, суретке түсіпті. Ел-жұрттың шексіз пейілі прези­денттерді құшағына қатты қысып, қусырып жіберіпті: Елбасы бешпентін тастап, жеңін түріп алса, Мұртаза Рахи­мов қаумалаған көпшіліктің арасынан бір иығымен әрең көрініп тұр...

Осы суретке қарап тұрып Елба­сының төрт­күл дүниедегі түр­кі жұртын түгендеп жүретін са­раб­дал саясаты сол кезден-ақ бас­тал­ған екен-ау деп ойға қаласыз...

«19 тамызда Батыс Қазақстан облысына ресми жұмыс сапары­мен келген Мемлекет басшысы Орал қаласында Баш­құрт­стан Республикасының Жо­­ғар­­ғы Кеңес Төрағасы М.Рахи­мовпен және Татарстан Рес­пуб­­­ликасының Президенті М.Шаймиев­­­пен кездесіп, екі­жақ­ты пайдалы әріптестік пен өзара көмек жолдары тура­лы пікір алмасты. Тараптар дос­тық қарым-қатынасты дамы­тып, ортақ эко­но­микалық кеңіс­тікті сақтау, ин­тег­рациялық үр­діс­терді жедел­дету жайлы Н.Назарбаевтың ұсы­нысын қол­дады. Сондай-ақ мә­дениет пен өнер, білім мен ақ­парат, ғылым мен техника саласында тікелей әріптестікті қолдап оты­руға уағ­да­ласты» деп жазып жат­ты ақ­парат агенттіктері бұл күн тура­лы...

* * *

Қосбармақтағы сол бір кездесуден бері ширек ғасырдан ар­тық уақыт өтіпті. Тоқсаныншы жылдар­дың қиындығы, Елба­сы­­ның сол кезде айтқан «өт­пелі кезеңі» де көрген түстей қазір. 

Әрине, жоғалтқанымыз да­ жоқ емес. Тайпақ ауданы тара­ға­лы байтақ жайлаудағы мың­ғырған мал азайып, жапан дала­дағы малшы қоныстары жойы­лып кетті. Үш Президент бас қосқан Қос­бармақтың жұртын да бүгінде арам шөп басқан. Әдемі белгі орнатып, әдейі ба­рып тұрар тарихи орынға айналдырса, әт­тең! – дейсің. 

Дегенмен, сол кездесудің бір жәдігері сақталып қалыпты! Оны сақтаған – өлке тарихы десе жанын беретін азамат, Жаңақала аудандық музейін қолымен құр­ған Аманжол Сәлімов ағамыз.

– «Үш мемлекет басшысы түсетін киіз үйдің сәулетін барынша асырғымыз келді. Көп нәрсенің көзі таусыла  бас­та­ған, жоқшылық кез ғой. «Пре­зи­дент­терге арнап тігілген он екі қа­нат ақ орданың төрі жұпынылау болып тұр» дегенді құлағы шал­ған бір келіншек «біздің үйде қол­дан тоқылған кілем бар» депті. Ол келіншек – сол жерге ас­паз ретінде тамақ пісіруге алып бар­­ған Қарауылтөбе ауылының тұр­ғыны Мәншүк Хасанова екен. Сөй­тіп тез арада кілем әкелініп, ақ орданың төріне ілінді, – деп еске алады сол кезде Базартөбе кеңшары жас­тар комитетінің жетекшісі болып қызмет ететін Аманжол ағамыз.

Бір қызығы, бұл кілемнің өз тарихы бар екен. Қарауылтөбе ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Жәмпеш Хасановтың бір қарындасы соғыстан кейінгі қиын уақытта Өзбек­станға ұзатылған. Біраз жылдан кейін қыздың соңынан іздеп барған төркін жұртына ферғаналық өзбек құдасы осы кілемді сыйға тартыпты. 

Мына қызықты қараңыз: қол­дан то­­­қылған сол бір ты­қыр кі­лем­де үш жолбарыс бейнелен­ген екен! Нақ ортада айбатты аң – желкесі күжірейген тарғыл жол­барыс шөнжігін аузы­на тіс­те­ген күйі абайлап алға басып ке­леді. «Ұрпағымды қа­наттыға қақ­тырмай, тұм­­­сықтыға шоқыт­тыр­май, қайтсем қатарға қоса­мын» деген салмақты да сал­танатты көзқарас. Ал оның екі жағында шағындау денелі, түр-түсі де сәл қоңырқай қос жас жолбарыс жербауырлай жай­­­­­­­­­­­ғас­қан екен. Арнайы то­қыл­ған­дай дерсің!

...Кілемде кестеленген­ сыр­лы суретті Татарстан Респуб­ликасының Президенті Мин­тимер Шаймиев бірден аңға­рыпты деседі. Жасыл жай­­­­­­лаудағы ақшаңқан үйдің та­балдырығын аттасымен-ақ кі­лемді нұсқап:

– Нұреке, ортада тұрған – Сіз де, екі жағыңыздағы – Мұртаза екеуміз ғой, – деген Минтимер Шәріпұлының тапқыр сөзіне отырғандар мәз бола күліпті.

– Осы кілемді кейін көп із­дедім. «Қанша сұрасаңыз да бе­рейін, сатыңыз маған!» деп Мән­­шүк апайға бірнеше мәр­те бардым. Ақыры апайды көн­діріп, ақысына таңдаған ең қым­бат кілемін алып беріп, тарихи жәдігерді қолыма түсірдім, – дейді өлке тарихына өмірін ар­­наған Аманжол ағамыз.

P.S. Үш Президенттің Қосбар­мақ жайлауындағы кез­де­суіне куә бол­ған тарихи кілем бүгінде Аманжол Сәлімовтің жеке коллекциясында. Ағамыз өзі үшін өте қымбат жәдігерді құрт түсіп бүлінбеуі үшін ара-тұра төріне жайып қояды екен. Орайы келгенде музей экспо­зициясына шығарып, ел-жұртқа да таныстырып жүр. Тарих деген осы-ау.