Руханият • 14 Желтоқсан, 2018

Құсни хаттың құдіреті

583 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ елі 1991 жылы 16 желтоқсан күні тәуелсіздігін жариялады. Арада ай өтпей жатып, яғни 1992 жылдың қаңтар айының 10-ы күні Нұрсұлтан Әбішұлы дүние жүзіне тарап, тарыдай шашылып жүрген қазақтарға хат жазып, үндеу тастады. 

Құсни хаттың құдіреті

«Алыстағы ағайынға хат» деп ата­латын осы бір тарихи құ­жат­та, Мемлекет басшысы одақ құ­рамындағы Қазақ респуб­ли­касының тәуелсіздікке қол жет­кізгенін, әлемдегі барлық қазақтың бір ғана отаны барын, ол – Қазақстан екенін, сондықтан ұлтымыздың кіндігі байланған киелі топыраққа ат басын бұру әрбір қазақтың парызы дегенге тоқталған болатын. Осы бір құсни хаттың құдіреті шетте жүрген қазақтың қара шаңырағына оралар жолын айқара ашты. 

Осы орайда еске түседі, Нұрсұлтан Әбішұлы егемендіктің елең-алаң алғашқы жылдарында шетелге шыққан әрбір сапарында сол елдерде өмір сүріп жатқан этностық қазақтармен үнемі кез­десіп, олармен жата-жастана шү­йіркелесіп, атамекенге оралуды насихаттаумен болды. Соның бірі тоқсаныншы жылдардың басында Моңғолияға барған ресми сапары кезінде жоғарыдағы құсни хат мәтінімен толық таныс жергілікті қазақтар атынан сәлем айтқан әнші қызымыз:

Қанды бұғау қақырап,

Қайта оралды көк туым,

Алыстағы ағайын,

Келші деген жетті үнің,

Сөзіңізді естіген,

Аяқасты етті кім?

Хат сөзіндей сезіндік,

Қосылса қазақ көптігін,

Керуендер бетке алды, 

Көкше белдер шоқтығын, − деп жырлауы осы құсни хаттың құдіреті екені сөзсіз.

Шын мәнінде тәуелсіздік, азат­тық, еркіндік аса қастерлі ұғым. Бұдан өткен құндылық жоқ. Осы жолда Нұрсұлтан Әбішұлының тағы бір келелі ісі Дүниежүзі қа­зақтар қауымдастығын құруы де­сек қателеспейміз. 1992 жылы қыр­күйек айының аяғында Алматы қа­ласында ұйымдастырылған Дү­ниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына өкіл ретінде қатысқан шетелдік қазақтардың қатарында мен де болдым. 

Осы бір тарихи жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, аталған құ­рылтайдың басты мақсаты – бү­кіл әлемдегі қазақ қауымының бо­ла­шағы жөнінде ойласып, ен­дігі тағдыр-талайымыздың қалай өріле­тінін талқылау дегенге тө­тен­ше тоқталып, ыстық лебізін тү­йіндей келе: – Осында отырған барлықтарыңызға тән, бәріңе ортақ нәрсе – сағыныш, атамекенді аңсау. Шетелдік сапарларға шыққанда отандастарымыз іздеп келіп, ой-арманын, мұң-мұқтажын айтып жатады. Сырласа қалсаң сай-сүйегің сырқырайды, арман-тілектерін тыңдасың жан-жүрегің елжірейді, − деп ағынан жарылған болатын. 

Міне, содан бері ширек ғасыр­дан астам уақыт өтті. Қазақ­стан көркейді. Осы аралықта ресми дерек шет мемлекеттерден бір миллион қазақ көшіп келгені жайлы ақпар айтады. «Әр қазақ менің − жалғызым» деп ақын Сабыр Адай бауырымыз айтқандай, қазақ топы­рағына табаны тиген әр қазақ қал-қадерінше еліміздің көркейуіне үлес қосты. Осы жылдары сыртта жүрген 50-ден астам әртүрлі сала бойынша ғылым докторлары мен 150-ге жуық ғылым кандидаттары елге ора­лыпты. Бұл қазақ ғылы­мы­на қосылған үлкен күш-қуат деп білемін. 

Тек өз басым ұзақ жылғы ізденіс нәтижесінде «Этнокультурный связь древно тюркского-уйгурского каганата» және «Объединенный каганат тюрков» атты еңбектерімді орыс тілінде, сонымен қатар «Ба­йыр­ғы түрік жазуының генезисі», «Орхан мұралары», «Орхан ес­керт­кіштерінің толық атласы», «Үй­сін хандығы», «Тас кітаптың шежіресі», «Таста қалған таңбалар» атты 17 монографиялық ең­бегімді қазақ тілінде жазып, ұлт руха­ния­тына үлес қостым. Осы туын­дыларымның қазақ халқымен қа­уы­шуы тәуелсіздіктің сыйы екені анық. 

Сөзімді түйіндеп айтар болсам, Бұқар жырау бабамыз осыдан екі жарым ғасыр бұрын: «Айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін!» деп бірліктің ұранын тастаса, Ақтамберді атамыз «Осындай берген дәулетті, көтеріп тұра алар ма екенбіз?» депті. Абыз аталарымыз айтқандай, айыра алмай жат өлетіндей бірлік-береке мен барға қанағат, жоққа шүкір етерлік ақыл-сана, айналып келгенде, осындай дәулетті көтеріп тұра алатын күш-қуат бұйырсын халқымызға. 

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ,

 филология ғылымдарының докторы, түрколог