Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2018

Түркістан облысында саябақ, медициналық орталық және жастар сарайы ашылды

799 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің басты мерекесі - Тәуелсіздік тойын Түркістан облысының жұртшылығы асқан қуанышпен атап өтуде. Мерекеге орай облыс орталығы Түркістан қаласында жаңа саябақ ел игіліне тапсырылды. Қаланың Кентау бағытынан кіре берісінен 14 гектар жерге орналасқан «Парасат» саябағының  құрылысы 2018 жылдың тамыз айында басталып, желтоқсан айында пайдалануға беріліп отыр.

Түркістан облысында саябақ, медициналық орталық және жастар сарайы ашылды

Саябақтың ашылу салтанатында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістанның облыс орталығы ретінде күннен күнге көркейіп, абаттанып келе жатқанын атап өтті. Саябақ архитектуралық құрылысы жағынан соңғы үлгіде жасақталған. Онда демалушыларға қолайлы жағдай туғызатын жарық бағаналары мен аркалар, смарт орындықтар, субұрқақтар мен тренажерлік аспаптар, теннис, футбол, баскетбол алаңшалары мен веложолдар және концерт алаңы орнатылған.

Сондай-ақ Тәуелсіздік күні Ордабасы ауданы тұрғындары үшін әлеуметтік нысандардың ашылуымен есте қалмақ. Олай дейтініміз, Ордабасы ауданының Шұбарсу ауылында «MEDICAL CENTER SHUBARSU» медицина орталығы ашылды.  Жалпы саны 115 станционарлық төсек орны бар медицина орталығында терапия, балалар бөлімі, хирургия және жарақат бөлімі, физотерапия және оңалту бөлімі, күндізгі бөлім, стационар, зертхана және диагностика бөлімі, жедел жәрдем стансасы қызмет көрсетеді. АҚШ, Оңтістік Корея, Венгрия, Япония, Германия сынды шетелдік және отандық замануи медициналық құралдармен жабдықталған нысанда 145 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар бұл күні аудан орталығы - Темірланда «Жастар сарайы» ашылды. Бүгінде 20 шақты жас маманды жұмыспен қамтыған ғимаратта аудан жастары түрлі үйірмелерге қатысып, бос уақытын тиімді пайдаланатын болады. "Баршаңызға белгілі, келер 2019 жылды Елбасы "Жастар жылы" деп жариялады. Яғни, келешегі кемел жастарымызға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Бүгінгі орталық өздеріңізге аманат. Тәуелсіз еліміздің мәңгілік ел болуға ұмтылған үмітін жалғайтын, сол арманға жеткізетін де өздеріңіз. Мақсат-мұраттарымыздың жүзеге асуында бүгінгі жастар сарайының сіздерге тигізер пайдасы мол деп білем", - деді Ж.Түймебаев ашылу салтанатында жастарға арнаған сөзінде. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы