16 Желтоқсан, 2018

Тарихшылар «Тәуелсіздік – басты құндылық» тақырыбында отырыс өткізді

497 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Ғылым ордасының» конференц-залында Тәуелсіздік күніне орай  «Тәуелсіздік – басты құндылық» тақырыбында отырыс өтті.

Тарихшылар «Тәуелсіздік – басты құндылық» тақырыбында отырыс өткізді

Отырыс барысында Шоқын Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының  2018 жылғы қызметіне тоқталған институт директоры Зиябек Қабылдинов ҚР БҒМ Ғылым комитетінің қолдауымен ғылыми іргелі жобалардың, мақсатты нысандық қаржыландырылатын жобалардың және мемлекеттік тапсырмалар негізінде жүзеге асырылған жобалардың артуы нәтижесінде институттың қаржылық әлеуетінің 19 есе өскендігін атап өтті. Соның нәтижесінде ғалымдардың жалақысын көтеріп, уақтылы берілуіне жағдай жасалды. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігіне әсер етіп, ғылыми еңбектердің шығарылымын екі есеге ұлғайтты. Халықаралық 7 тілде шығатын ғылыми журнал «Отан тарихы» сілтемелік көрсеткіші жоғары әлемдік Скопус базасына енуге дайындалуда, тарих саласындағы аналогы жоқ, ҚР БҒМ ҒК білім және ғылым саласын бақылау комитетінде тіркелген «e-history.kz» (edu.e-history.kz) электрондық ғылыми журналы да институт қызметкерлерінің күшімен шығарылуда. Бұрын дағдарысқа ұшырап тоқтап қалған кәсіподақ ұйымы мен ардагерлер кеңесі, Үйлестіру кеңесі қайта ашылды. Ғалымдардың ғылыми жұмыстарының нәтижелері болып табылатын монографиялық еңбектерін шығаруға бюджетте қаржы қарастырылмағандықтан, оларды кәсіпкерлердің демеушілігімен шығару үшін арнайы «Қамқоршылар Кеңесі» құрылды. Нәтижесінде бірнеше кітаптар үлкен тиражбен шығарылып, республиканың кітапханаларына таратылды. Мемлекет қамқорлығы арқасында институттың 6 жас ғалымдарына (35 жасқа дейінгі) ҚИК арқылы пайызсыз несиеге пәтерлер берілгендігін және әлеуметтік жағдай төмен 8 қызметкерге кәсіподақ пен институт тарапынан көмек ретінде бір айлық жол жүру ақысы төленіп отырғанын баяндады. Ғылымға деген жастардың ынтасын арттыру үшін Е.Бекмаханов атындағы «Үздік тарихшы» байқауы өткізіліп, демеушілердің көмегімен жүлде қоры 600000 теңгеге көтеріліп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастардың ғылыми жұмыстары іріктеліп, қаржылай марапатталғанын атап өтті.

Одан кейін институт директоры Зиябек Қабылдиновтың «Султанмамет: государственный деятель, дипломат и батыр» және «History of Astana»  кітаптарының таныстырылымы өтті.

Институт жетістіктерінің көрінісі ретінде отырыс барысында директордың орынбасары Әуезхан Шашаев мемлекеттік марапаттауларға тоқталып, институттың Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., Ахмет Тоқтабайға ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне  орай «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін» және институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент Факия Шамшиденоваға ҚР БҒМ Алғысын салтанатты түрде табыстады. Жетекші ғылыми қызметкер Әлімғазы Дәулетхан Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Құрметті профессоры» атаңына ие болды.

Іс-шара аясында ҚР Президенті Архивінің директоры Жәмила Әбдіқадырова Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы жаңа міндеттерді жүзеге асыру барысындағы ҚР Президенті Архиві мен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты арасындағы ынтымақтастық туралы баяндаса, директордың ғылым жөніндегі орынбасары Сайым Борбасов Бірінші Президен қорының бас жүлдегері ретінде институттың «Жас ғалымдар кеңесі» марапатталғаны туралы айта келе, жас буын тарихшылардың ғылыми дәстүрді үзбей келе жатқанына мақтанышпен тоқталды.

Институт директоры Зиябек Қабылдинов «Институттың үздік жас тарихшысы» байқауының қорытындысын жариялап, жеңімпазды төс белгімен және демалыс орнына берілетін сертификатпен марапаттады.

Белгілі ғалымдар, Болат Көмеков, Бағдат Әбішова, Клара Хафизова, Б. Тұрсынбаев, Рақымғали Құл-Мұхамед, Р.Р. Шаяхметов  және де Астана, Атырау, Шымкент, Алматы және тағы басқа қалалардың жоғарғы оқу орындары мен ғылыми зерттеу мекемелерінін ғалымдары, оқытушы-профессорлары, докторантар мен магистранттары, т.б. қатысты.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ