Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2018

ШҚО-да тұрғындар үшін басын қатерге тіккен мемлекеттік қызметкер «Құрмет» орденін алды

326 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдің әр саладағы бірқатар азаматтарына мемлекеттік наградаларды табыс етті.

ШҚО-да тұрғындар үшін басын қатерге тіккен мемлекеттік қызметкер «Құрмет» орденін алды

Соның ішінде біз бір адамды бөле-жара атаған болар едік. Ол – Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова. Ол кісі туралы газетімізде «Тұрғындарды құтқарам деп жүріп өзі суға кетіп қала жаздады» деп жазған едік. Расында, биылғы көктемде, нақтырақ айтсақ,  31 наурыздан 1 сәуірге қараған түні Зырян ауданы әкімдігі қызметкерлері су басқан Малеев ауылының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруге келген кезде өздері де суға ағып кете жаздап, бір ажалдан аман қалған болатын. «Нива» көлігінің ішінде Ж.Асқаровамен бірге Малеев ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Наталья Зайцева, мектеп директоры Айгүл Башаева мен жүргізуші Александр Хабаров болған еді. «Көлікті қап-қара тасқын шыр айналдырып әкетті. Айнала тастай қараңғы, судың гүрілінен басқа ештеңе естілмейді. Әуелде көмекке шақырып айғайлап көріп едік, нәтиже шықпады. Бір кезде көлікке су кіре бастады. Аяқтан өрлеген су кеудеге жеткенде, өмірден күдер үзіп, отбасымызға хабарласа бастадық. Үй-ішімізбен қоштасып жатқанда басқа көліктің жарығы көзге шалынды. Бізді іздеп жүрген шығар деген үмітпен телефонның шамын жағып, белгі беруге тырыстық. Сол әрекетімізден нәтиже шығып, іздеушілер бізді тауып алды. Талғат есімді жігіт көліктің терезесін теуіп сындырып, бізді кезекпен сыртқа шығарды. Олардың ісі нағыз ерлік еді. Өз бастарын тәуекелге тігіп, бізді құтқарды», - деген еді сол кезде аудан әкімінің орынбасары.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс әкімі Д.Ахметов тұрғындар үшін өмірін қатерге тіккен аудан әкімінің орынбасарына «Құрмет» орденін тапсырды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН