Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2018

Менің атым – Қазақстан!

993 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің кейіпкеріміз Қазақстан Қуантайұлы қазір  Май­қайың кентіндегі «Майқайың алтын» АҚ-ында жүргізуші болып еңбек етеді. Кентке барған жолсапар кезінде есімі ерекше жігітпен кездесіп, әңгімелесіп қайтқан едік. 

Менің атым – Қазақстан!

– Есімің жүректі толқы­татын құдіретті екен! – дедік көрген беттен ұзын бойлы, әдеміше келген жігітке. – Бір ғана Қазақстан бар ма десек, екінші Қазақстан Май­қайыңда жүр екен ғой! – деп қуана таңданып, танысып та жатырмыз.

– Иә, атым – Қазақстан! Мен 1994 жылы 17 ақпанда Баян­­ауыл ауданының Жаңа­жол ауы­лында дүниеге келдім, – деді.

– Ерекше есіміңді кім қой­ған?

– Атамекеніне асығып жет­­кен қазақтың бір ұлы­мын ғой. Алыс­та жүрген қазақ үшін туған ел, аза­маттығын алған туған Отан­нан артық ештеңе жоқ қой! – деп толқи сөйледі Қазақстан.

Иә, 1991 жылы еліміз егемендігін алған алғашқы күндері-ақ атамекенге қарай ат басын бұрған көш басталды. Осы жылы Моңғолияның Баянөлгей аймағында тұрған Қуантай Құмархан мен Зоя Шари де ұлдары Бақтияр, Мұ­рат, қыздары Мереке, Сай­­ран­гүл, Сұңқары бар 5 ба­л­а­сын жетелеп елге орал­ған екен. 

– Шеттегі қазақ атажұртқа елім, жерім деп жетті. Нұрсұлтан Назарбаевқа бүкіл ғұ­мырында ырза. Ме­нің де ырзалығым, жүрек тебі­ренткен қуанышым осы. Сөй­тіп, атамекенде туған ұлыма Қазақстан деген есім бердім, – дейді Қуантай ағамыз.

Қуантай ағаның үйінің өзі тарихи музей іспеттес екен. Жарқыраған дүниеден бұрын ұлы батыр-жыраулардың су­рет­тері, тулары, айнала ою-өр­нек, ұлттық салт-дәстүрге сай бұ­йымдар, шежіре мен өт­ке­німіз туралы жазылған кітап­тарға толы. 

– Елге келген соң «Ше­жіре-естелік» жаздым, қызым. Әрине, бала кезден өскен Қоб­да өзені, Тұлба көлі, Бөкен, Сайыр таулары, Қо­ңы­р­өлең, Борты, Қарасай, Дөрекөл, Қату, Бұрғысты, Қарабасты, Қызылбасты, Дабаты сияқты өлке­лердің соңымызда қал­ғаны елестеп елеңдететіні де бар. Бірақ, ата-бабаның жері­нен қымбат не бар?! – деп сыртында көгілдір таулары көліне шомылған суреті бар кітапты бізге ұсынды.

Кейін Қуантай ағамыздың отбасы Баянауылдың Жаңа­жол ауылынан 1996 жылы Май­қайың кентіне көшіп келе­ді. 

Ал біз әңгімелеп отырған Қазақстан Қуантайұлы бауырымыз аталған кенттегі мектепте оқып, білім алады. 

– Мектепті бітірген соң, Астанадағы «Қазақстан те­мір жолы» АҚ-ға қарасты темір­жол колледжіне оқуға түсіп, тепловоз машинисі ма­мандығын алып шықтым. Әке жолын қудым десем де болады, өйткені ол кісінің кәсіби мамандығы механик. Моң­ғолияда жүргізуші, автотехник мамандығын, жол, құрылыс салаларын жете мең­герген. Біздің кентіміз өнді­рістік кент саналады, ай­наласында үлкенді-кіші­лі кәсіпорындар аз емес. Жастарға жұмыс бар, – дейді Қазақстан. 

Ал анасы Зоя «Күміс алқа» иегері. Ағамыз кенттегі жер­гілікті қоғамдастық кеңес мүшесі. Бұл күндері кентте үш мыңға жуық атажұртқа оралған ағайындар отбасы тұрып жатыр. Зоя апамыз бен Қуантай ағамыз екеуі ұл-қыздарынан Айзада, Дас­тан, Ділнәз, Самал, Сауран, Әйке­рім, Айзере, Аян, Алдияр, Жасмин атты немерелер өсіріп, қызығын көріп отыр. 

– Ұлымыз Қазақстанның да енді үйленіп, отбасын құ­руын күтудеміз. Сол жақсы күнге, тойға жеткізсін. Неме­релеріміздің де ұлы атаме­кендерінде туып-өскендеріне тәубе! – дейді Зоя апамыз. 

– Әрине, ата-анама жақсы келін әкелемін деген ойым бар. Егемен еліміздің іргесі берік, көк туы жарқырай бер­сін! Бүкіл бір елдің есімін алып жүрген мен де елдіктің, егемендіктің егесі болуға дайынмын! – деп тілек қосты Қазақстан. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы, 

Майқайың кенті