Қазақстан • 28 Желтоқсан, 2018

«Хат қоржын» (28.12.2018)

599 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (28.12.2018)

...ой қосады

Құрмет әуежайдан басталады

Ая Өміртайдың еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» шыққан «Астанадағы атаулар» атты мақаласына орай пікір білдіргенді жөн санадым. 

Тіліміздің алашұбар болып бара жатқаны, соған орай айтылған сын пікірлердің орындалмай жатқаны қынжылтады. Ата-жұртты аңсап, егемендік алған елімді, жерімді, Астанамды бір көріп қайтсам деп жан-жақтан келетін ағайындар аз болмасы анық. Осыны ескеріп, алдымен әуежайды қолға алсақ деймін. Яғни қонақтардың түсе салысымен жанары – «Қазақ еліне, атамекенге қош келдіңіздер!» деген әйдік плакаттарға түссе, қатарласа еліміздің әйгілі әншілері – Роза Рымбаева, Бибігүл Төлегеновалар сияқты ардақты азаматтары ұлттық киім киіп, қолына үкілі домбыра ұстаған кейпімен бауырсағын шашып, сары қымызын сапырып тұрған қыздардың суреттері үлкен тақтаға қойылса деген ой туындайды.

Мамай КЕЛГЕНБАЙҰЛЫ

Ақмола облысы,

Нұресіл ауылы

...үлгі тұтады

Оқуға қажетті кітаптар ұсынылды

Былтырғы оқу жылынан бастап облыстық оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен оқушылардың кітап оқуға қызығу­шылығын арттыру, көркем әдебиетті оқу арқылы жасөспірімдердің рухани және адамгершілік әлеуетін дамыту мақсатында облыстық «Бір аймақ – бір кітап» акциясы барлық мектептерде өткізілді.

Биыл акция аясында «Қазақ ертегілері» (2-4 сыныптар), Қ.Қайсе­новтің «Жау тылындағы бала» повесі ( 5-7 сыныптар), С.Мұқа­новтың «Балуан Шолақ» повесі ( 8-9 сыныптар), Ғ.Мұстафиннің «Қарағанды» романы (10-11 сыныптар) оқуға ұсынылды. Акция «Мен оқимын, сен оқисың, бәрі оқиды» ұранын арқау етті. Келешек ұрпаққа кітап таңдауды, кітап оқуды үйретсек, ол Президентіміздің «Мәңгілік ел» идеясын іске асыру жолдарының бірі болары сөзсіз.

Б.ҚУАНЫШБЕКОВА,

Б.Амалбеков атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі

Қарағанды облысы,

Жаңаарқа ауданы

...ризашылығын жеткізеді

Білім көкжиегі кеңейді

Ақтөбенің «Ақжар-2» ауылында пайдалануға берілген мектеп 900 оқушыға шақталған. Оқушылар екі ауысымда, 48 сыныпта білім алады. Үш қабатты ғимарат толық жабдықталған. Жалпы аумағы 12 мың шаршы метр. Мектептің бір ерекшелігі – мұнда мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Мәселен, лифт қосулы, пандус мектептің сырты мен ішінде де орналастырылған. Мектепте компьютер кабинеті, физика-химия лабораториясы, интерактивті тақталар, асхана мен еңбек пәніне баулитын шеберханалар бар. Бұл мектеп ауылдағы үш ауысымда білім алу проблемасын шешіп отыр. Өйткені Ақжардағы №45 пен №49 мектептерде балалар үш ауысымда оқитын. Айта кетейік, білім ордасының құрылысына облыс бюджетінен 1,7 млрд теңге бөлініп, былтыр жазда іргесі қаланған еді. 

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА

Ақтөбе облысы

...пікірін бөліседі

Сәлем салудың сөкеттігі жоқ

Əйел əдебіне байланысты бала кезімнен есте қалған бір жайт еске түсіп отыр. Мектебіміздің директоры болған Тəшкенбай деген ағамыз қалада оқып, жоғары білім алған Дүрдана тəтейімізді келін етіп түсіреді. Бір күні осы шаңыраққа ауыл ақсақалдары соғым басына жиналады. Қазақы дəстүр бойынша ет желініп біткеннен кейін үлкендерден қайтқан табақты алған келін сəлем салуы керек. Табақтың түбіне келіннің сыбағасын қалдырып қояды. Табақтың бос қайтқаны дұрыс емес. Қалада оқып орыс тəрбиесін алған келін не білер дейсің деп ойлаған қариялар сол күні табақтағы етті түк қалдырмай жеп қояды. Бос қайтқан табақты алып жатып Дүрдана тəтейіміз: «Бос табаққа да бір сəлем!» деп, табақты төңкеріп тұрып сəлем салып, есіктен шығып кетеді. Ауыл қариялары жас келіннің тапқырлығына əрі риза болып, əрі қысылып, бұл жайды көпке дейін ұмыта алмай жүріпті. 

Ал қазір қала тəрбиесін алған бүгінгінің келіндері табаққа сəлем салу дегеннің мəнін түсіне ме екен өзі? Осы бір тәлім-тәрбиелі дәстүріміздің ел ішінде сақталып отырғанына тәубе етіп, әлі де өз өнегесін үлгі етіп, әсіресе қалалы жерлерде қалыс қалмай, келіндердің қай-қайда да сәлем салуды ұмытпағандары жөн болар еді.

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА

Алматы

...өкініш білдіреді

Ағаларымыз дұрыстап ұрыспаған...

Баяғыда темекі тартып ұсталып қалғанымызда ағаларымыз дұрыстап ұрыспаған. Ұсталып қалғанымызда «өстіп жүріп бір күні қораны өртейсің» деп, бастан бір ұрып жібере салған. Содан біз темекінің жалғыз зияны сол, қораның өртеніп кетуіне себеп болады деп ойлағанбыз. Содан не керек, қораны өртеп алмасақ болды деп, аса сақтықпен будақтата бердік. Қорадан алыс кетіп, дала жаққа барып тарттық. Тарап кеткен колxоздың гаражы жаққа барып шектік. Жабылып қалған клубтың артына барып будақтаттық. Бұзау іздей шыққанда сазда жүріп түтіндеттік. Қора өртенбесе болды, шөп өртенбесе болды дедік. Өртенетін шөбі жоқ, қорасыз қалаға келгенде мүлде ашық кеттік. Енді не болды? Сол кезде ағаларымыз: Өстіп жүріп қораны өртейсің деп қоя салмай, осыншама бейшара қылатынын түсіндіргенде, тереңдемей тұрғанда қоя салар ма едік, кім білсін. Енді міне, жетпістегі әкемнің жарты жасына келмес­тен, жазды күні шілдеде тоқсандағы шал құсап күрк-күрк жөтеліп жүрміз...

Бейбіт САРЫБАЙ

Алматы