Тарих • 01 Қаңтар, 2019

Түркология ғылымының жаңа дәуірі басталды

2310 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Түркология ғылымының жаңа дәуірі басталды

Менің пайымдауымша, түркология ғылымында жаңа дәуір басталды.

Бұл дәуір күллі түркі әлемі­не қатысы бар «Ұлы далада», басқаша айтқанда, ата-бабаларымыз тарихи-географиялық Еуразия кеңістігінде ежелден бері қоныс тепкен, ата қонысты қасиет тұтқан, тарихи ата-жұртты көздің қарашығындай сақтап, қорғап келе жатқан қазіргі түркі елдерінің сана-сезіміне, ұлттық болмыс-танымына ғасырлар бойғы сыртқы ық­пал арқылы жағымсыз түсі­нік таңылса да, түркілердің ой-сана­сында сақталып қал­ған аңыздар арқылы «Әй, Дөнен­бай, есіңді жи» деп, түркі әлемінің Айтматовы қайта еске салған жаңа түркі дәуірі басталды деп айтқым келді. Бұл дәуірдің Ұлы даланың ерек­ше тұлғасы, «еркін құланы» − Мағжанның, қазақ туғандар­дың Ұлы даласынан бастау алып жатқанына өте қуандым.

Қырық жылға жуық ежелгі Ұлы даланы, тарихи Алтай ай­мағын танып білу мақса­ты­мен көп жерді аралап көрдім. Көргендеріме таңғалу­мен қатар, «неге көрген-біл­ген­дерім біздің тарих кітап­та­рында жоқ» деген сауал маза­лай бастады... «Неге солай?» деген сұрақ, сыры ашыл­маған құпия мәселелер қазіргі түр­кология ғылымында өте көп. Көргенімізден көрмегені­міз, біл­генімізден білмегеніміз көп.

Міне, тура осы кезде Қазақ­­стан Республикасының Прези­денті, аса мәртебелі Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінің 21 қара­ша күнгі санында жария­лан­ған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы түрко­ло­гия ғылымының даму тари­хын­дағы ерекше бетбұрыс, өз тарихымызға, өз ұлттық бол­мысымызға қайта оралу деп атауға болады.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев қазақ халқының сана-сезі­міне, түсінігіне сай, ғы­лыми тұрғыдан нақтылан­ған, дәлелденген деректерге сүйене отырып, қазақ елін­де қазақтануға және жалпы түркі елдерін кешенді зерт­теуге бағытталған түрколо­гия­­лық ізденістердің жаңа бағыт­тарын көрсетіп, ғылы­ми-зерттеулерді мемлекет пен ха­лықтың мүддесін қана­ғат­­тан­дыруға бағыттады. Қазақ­­тану ғылымының, бұдан да тере­ңірек айтар болсақ, түркология ғылымының дамуында таза ұлттық және елдік тұрғыдан ғылыми жолдарды нақтылап, түркі елдерінде даму, білім мен тәлім-тәрбиеде дұрыс бағыт берудің жолын айқын көрсетті.

Демек, бүгінгі түркология, түркітану ғылымының тео­рия­лық, методологиялық негіз­дерін, мақсаттарын жаң­ғыр­тудың, түркі тарихын, мате­риал­дық және рухани мәде­ниетті жаңаша зерттеулермен толықтыру керектігін көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев мақаласында «Дүниежүзілік түрко­логия конгресін» өткі­зу тапсырмасын берді, түр­ко­логияның ең түйткілді мәсе­ле­лерінің талқылануы қажет­тігін және қабылданатын нәти­желерін белгілеп берді.

Жалпы, түркі елдерінің тарихында бұлай болып па еді? Жоқ, болған емес. 40 жыл­дан астам уақыттан бері түр­кі әлемін тануға тырысып бақ­қан мен және маған ұқсас әріп­тес­терім әйтеуір әр жерден қаражат іздеп, бишара күй кешіп жүргеніміз... Ғылымның «бишара диуанасынан» қандай айырмашылығымыз бар?

Міне, Қазақстан Прези­денті түркология ғылымын терең­детудің, жаңғыртудың жаңа есігін ашты. Ғалымдардың бағы жанып, жүздеріне күлкі ұялайтын мезгіл келді деп ойлаймын.

Мақалада қамтылған мә­се­лелерді зерттеу арқылы тарих­тың көп сыры ашыла түспек. Түркі халықтарының алтын бесігі − атажұртымыз­дың мезгіл және мекендегі өркениетін ғылыми тұрғыдан дәлелдейтін боламыз.

Бұл мәселелердің барлы­ғына тоқталу, соларды қамту ша­ғын мақалада мүмкін емес. Сол себепті жеке басым куә бол­ған жайттар мен деректер­ді ғана осы ретте айта кеткен абзал.

Ежелгі таным бойынша, 1987 жылдың 29 қазаны Моң­ғолияның Улаан-Гоом аймағы. Сайдың етегіндегі үш киіз үйде тұратын моңғол­дар­дың үйі. Сырттағы ауа 30 градус суық. Үйдің иесі − егделеу келген әйел кісі. Маған ошаққа от жағып, қазан асып, сүт пісірді. Шыныға толтырып, сүт құйып берді. Ішіп көрдім. Өте дәмді сүт екен. Ішіп жатқаныма қызыққан сыңай танытып, «сүтке талқан салып берейін, дәмді болады» деді. «Жақсы» дегендей басымды изедім. Керегенің басында лақтың терісінен жасалған кішкентай тұлыптағы талқанды алып, алдымен тышқандарға берді. Моңғол тілінде бір нәрселерді айтып, тышқанға талқан берген қасыққа талқаннан тағы салып, мен ішіп жатқан сүтке салып, араластырып, қайтадан маған берді. Бұндайды бұрын оқыған болатынмын. Шыдап, сүтті іштім... Оқығаным, білгенім үшін еш нәрсе болған жоқ.

Тамырлас Алтай елдері табиғатпен үйлесімде өмір сүреді, халықтарымыздың осы тұрғыдан ортақ түсінігі болған. Қазақ пен қырғыздардың ауыл­дарында табиғатқа, жән­дік­тер мен жануарлар дүние­сіне аса құрметпен қарайды. Бірақ кейінгі буындарда бұл түсінік­тер уақыт өткен сайын өзгеріске түсіп жатыр. Батыстықтардың көзқарастарының басымдығы мен ықпалдары анық байқалып қалып жатыр.

Тағы бір мысал келтіре кетелік, қазақ пен қырғыздар көшіп кетіп бара жатқанда қоныс­тарын әрдайым қалдық­тар­дан тазалап кететін. Таби­ғат­қа деген құрмет немесе қазір­гі­дей айтқанда экологияға ұқып­ты қараған. Бұрынғылар мен қазіргі адамдардың таби­ғат­қа деген көзқарасы мүлдем өзгерген екен...

2011-2013 жылдары, осыдан бұрын да бірнеше жолы Алтай Республикасында, Оңтүстік Сібір аймақтарында ғылыми экспедицияда жүргенде алтай туғандарымыздың «жер иесі, тау иесі, су иесі, көл иесі, бұлақ иесі» деп табиғатқа деген құрметінің осы күнге дейін сақталғандығы жүрегімізді бір жылытып салды.

Елбасының тікелей өзінің қолдауымен құрылған Халық­аралық Түркі академия­сына ең жауапты зерттеулер мен ұйымдастыру жұмыс­тары берілді. Академия Елбас­ы­ның мақаласындағы бағдар­лама­ларды жүзеге асыратын болады. Демек, Түркі академиясын құрған мемлекеттер де осыдан кейін осы ұйымның толыққанды жұмыс істеуіне қамқорлықтарын аямауы керек деп есептеймін.

Күллі Ұлы дала кеңістігінде прототүрк бабаларымыз, 2-3 мыңыншы жылдарды қамтыған түркі аталарымыз қалдыр­ған мәдени құндылықтар өте көп. Тарихи Алтай аймағын­да, қазіргі Қазақстандағы Там­ға­лы петроглифтері, Қырғыз­стан­дағы Саймалы-Таш, Суук-Дөбө петроглифтері, Алтай Республикасындағы Кал­­бак-Таш петроглифтері 7000-10000 жылдар бұрын­ғы бабаларымыздың жалпы өмірін сипаттайды. Бірақ сол реттегі, түркі дәуіріндегі ата-ба­ба­ларымыздың мәде­ниеті бүгінге дейін олар­ды жасағандардың аттарымен емес, скифтердің, сақтардың мәдениеттері, Афанасьев мәдениеті, Таштык мәдениеті, Пазырық мәдениеті, Чаа-Тас мәдениеті деген сияқты онда­ған атаулар арқылы ғылым­да танылып, белгілі болып келе жатыр. Ал осы мәдениетті дүниеге әкелген елдерді еуроцентризм күні бүгінге дейін танымайды. Бәлкім ғаламат өркениетті жасағандардың түркілер екендігіне сенгілері келмей жатқан шығар...

Саян-Алтайға ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, Орталық Азия кеңістігінде он­да­ған жылдар бойы қыды­рып, ежелгі аталарымыз құр­ған мем­лекеттер кезінде қолда­ныл­ған ежелгі түркі жазба ескерт­кіштерін немесе Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін әріптестерім, шәкірттеріммен бірге зерттеп жүргенде нақты түркологияның бастауының өзімізде екендігіне көзім жетті. Осы жазуды, оның әліпбиін, жазу ережелерін сол дәуірдегі түркі тілінің табиғатын нақты көрсеткендігіне, түркі ғалым­дарына басымды иіп, тағзым етіп келемін.

Еуроцентризм ұғымы бо­йынша Орхон-Енисей руна жазуы деп аталып келген ежел­­гі түркі жазу тілі 4-5 түр­­кі қағанатының басшы, қаған, хандарының билік жүр­гізген әдеби тілі болғандығын білуіміз керек. Бұл жазуды қара­пайым халық та білген. Бұлай айтуымызға дәлел ре­тінде Енисей жазба ескерт­кіш­теріндегі жазу әдістерінің бір­ыңғай болмағандығын, жал­пы, ережелерді сақтамаған­дықтарынан көруге болады.

Елбасы «Архив – 2025» бағдарламасын жүзеге асыру тапсырмасын берді. Менің ойымша, бұл − ең дұрыс шешім. Себебі, архив деген түсі­нікті, одан да тереңірек қарай­тын болсақ, түркі халық­тары­ның Ұлы дала кеңістігінде қал­дырып кеткен мәдени құн­дылықтарын түркі архивінің төрінен орын алуы керек деп есептеймін.

Осының мысалы ретінде бірнеше жылдан бері ежелгі ата-бабаларымыздан мирас болып бізге жеткен тарихи-мәде­ни ескерткіштердің гале­рея­­сын жобалап, архитек­торлар­ға эскизін жасаттым. Бұл жоба негізінде ортақ құндылық­тары­мыз – көне түркі жазба ескерт­кіштер, көне түркі мүсін тастардың көшірмесін шоғырландырған галерея әрбір түркі мемлекетінің елордасында орнатылса, оларды күллі түркі жұртшылығы, жастар өз көздерімен көрсе, түркі елдері құрған алып қағанаттардың мәдениетімен әлем елдері де таныса деген ойларым жүзеге аспай келе жатыр.

Бәлкім бұл жобаның тағды­ры Астанаға бұйыр­ған шығар деп Елбасының мақала­сы­нан кейін ішімнен тілек тіледім.

Әрбір елдің тарихы – оның келешегінің шамшырағы.

 

Кадырали Конкобаев,

түрколог-ғалым, профессор