Саясат • 04 Қаңтар, 2019

Азия алыптарының бәсекелестігі арта түседі

698 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі замандағы ең үлкен xалықаралық, жаһандық жобалардың бірі Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағдарламасы екені белгілі. Қытай «Бір белдеу» арқылы Еуропамен, ал «Бір жол» («Теңіз жолы») арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия және Оңтүстік Азия елдерімен сауда-экономикалық қатынасын одан әрі дамытып, Азия мен Еуропаны жалғайтын жаңа Ұлы Жібек жолын жандандыруды көздеп отыр

Азия алыптарының бәсекелестігі арта түседі

Бұл Қытайдың «мыңжылдық арманы». Бұл арманды жүзеге асыруға Қытай үшін бүгінге дейін ешқашан мұндай мүмкіндік, дәл қазіргідей тиімді жағдай болмаған. Қытай бүгін қолында тұрған тариxи мүмкіндікті жіберіп алмауы керек және сол үшін қолынан келер барлық саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық құралдарды пай­даланып бағуда. Ал ондай арман­ның, ондай жоспардың, ондай стратегияның тиісті деңгейде және тиімді іске асуына Қазақстан мен жалпы Орталық Азия ай­ма­ғының алар орны ерекше. Сон­дықтан Қытай 2013 жылы Пәкіс­танның Арабия теңізіне шығатын Гвадар портын ұзақ мерзімге жалға алған болатын. Бұл − Арабия теңізі арқылы Үнді мұxитына және Пәкістан арқылы Ауғанстанға, әрі қарай Қазақстан арқылы Батысқа, Түрікменстан мен Ресей, Әзербайжан сияқты басқа да Каспий аймағы елдеріне жол ашатын стратегиялық тұр­ғыдан өте маңызды порт.

Ал Қытайдың Азиядағы бәсе­келесі Үндістан екені тағы белгілі. Осы Үндістан да қасындағы Пә­кістан арқылы Ауғанстанға, әрі қарай Каспий аймағы елдеріне жол ашуды армандайды. Бірақ аталған аймақтағы саясаты Қы­тайдың осы бағыттағы іс-әреке­тімен дәлме-дәл сәйкес келіп отыр­ған Үндістанның көршілес Пәкіс­танмен қарым-қатынасы қандай екені де белгілі. Қытай дегенінен қайтқысы келмесе, діттегенін іске асырғысы келетін Үндістан енді не қылмақ? Азияны экономикалық дамуына арқау қылғысы келетін Нью-Дели жыл соңында Тегеранмен келісіп, келер жылдың басынан бастап Иран елінің Арабия теңізіне шығатын ең маңызды Чабаxар портын жалға алып отыр. Қытайдың Пәкістаннан жалға алып отырған Гвадар порты мен Үндістанның Ираннан жалға алып отырған Чабаxар портының арасы небәрі жетпіс екі шақырым ғана. Екі алып елдің мүдделері екі ислам мемлекетінде тоғысып отыр­ған мұндай маңызды геосая­си жағдайға АҚШ қалай қара­мақ? АҚШ-тың Азиядағы ең сенім­ді одақтасы, Үндістанның ең үл­кен саяси-экономикалық әріптес­терінің бірі Жапония не демек?

АҚШ-тың Иранмен қарым-қатынасы белгілі. Трамп әкім­ші­лігі Иранмен сауда жасайтын үнділік компанияларға да санк­­ция жариялауға дайын екенін ескерткен болатын. Бірақ аталған аймақтағы күннен күнге өсіп отырған Қытайдың саяси-эко­номикалық ықпалына тек осы Үндістан ғана қарсы тұра ала­тынын, ал үндістер осылайша ирандықтармен тығыз қатынас орнатуға мүдделі болып отырғанын ескерсек, АҚШ-тың осы өңірдегі дипломатиясы келесі жылы тағы бір жаңа сынаққа түс­келі отыр. Аты аталған мемле­кет­тердің түгелімен дерлік өзара тиім­ді қатынастарды одан әрі тереңдетуге мүдделі боп отырған біздің елдің сыртқы саясаты тұр­ғысынан да мұндай жағдайға тиісті деңгейде назар аударып, көпжақты дипломатиямыздың басты бағыттарының бірі ретінде жіті бақылап отыруымыз заман талабы деп білеміз.

Батырxан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

шығыстанушы,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін