Театр • 08 Қаңтар, 2019

Отыз жылға созылған «Хэйсэй» дәуірі

396 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Жапонияның Императоры Акихитоның таққа отырғанына тура отыз жыл толды. Алпыс төрт жыл тақта отырып, «Сёва Императоры» деген өзі атаған дәуір атымен тарихта қалған әкесі Хирохито 1989 жылы 7 қаңтар күні таңертең бақилық болған сәтте оның мұрагер ұлы Акихито күншығыс елінің 125-ші императоры болып жарияланды. Сол күні ұлттық жылсанақ дәстүріне («нэнго») сәйкес жапон үкіметінің арнайы жарлығы шығып, келесі күннен бастап Жапонияда «Хэйсэй» («Бейбіт өмір») дәуірі басталған еді.  

Отыз жылға созылған «Хэйсэй» дәуірі

Енді міне, отыз жылға созыл­ған «Хэйсэй» дәуірі осы жылдың сәуір айында аяқталып, 1 мамыр күні Жапонияда жаңа импера­тор таққа отырып, жаңа дәуір бас­талғалы отыр. Бүгінгі таңда жа­пон қоғамында ең қат­ты қызы­ғу­шылық тудырып отыр­ған жаңа дәуірдің атауы тақ жаңа­рар­дан бір ай бұрын, яғни 1 сәуір күні белгілі болады.   

2016 жылдың 8 тамызында Император Акихито халқына ар­нап өзінің арнайы видео-жолдауын жариялады. Жолдау­да жасы мен денсаулығын тілге тиек етіп, мұрагер ханзада кезі­нен бастап бүгінге дейін ұзақ жыл­­дар бойы халықпен бірге бол­ғанын, ел конституциясына сәй­кес «мемлекет пен ұлт бір­лігі­нің символы» ретінде өзіне жүкт­ел­ген мін­деттемелерді үл­кен жауап­кер­шілікпен атқарып, «құдайдан елінің тілеуін тілеп келгенін» өзіне бақыт санайтынын жеткізді. Алайда тақ­тан түскісі келетіні жайлы нақты еш­теңе демеген еді. 

Сол жолдаудан кейін жапон үкіметі халық арасында им­пера­тордың сөзі қалай қабылданғанын аңдау мақсатында арнайы әлеу­меттік сауалнама жүргізді. 

Өйткені Императордың бұл жолдауы өзі үшін де, жапон үкіметі мен жалпы жапон жұрты үшін ең маңызды мәсе­леге айналып, басқа біраз мәсе­лелер­дің туындауына себеп бол­­ды. Өйткені мемлекеттің қазір­гі конситуциясында да, император үйіне қатысты заңда да тірі императордың тақтан түсуі­не қатысты нақты ештеңе айтыл­маған. Екінші дүниежүзі­лік соғыс аяқталғаннан кейін амери­калық генерал Д.Макар­тур­дың бас­шылығымен қабылдан­ған император үйіне қатысты заңның төртінші тармағында «Император қайтыс болған сәтте оның мұра­гері таққа отырады» деп көр­сетілгені болмаса, тақ егесінің тірісінде оның орнын жаңарту жолы жайында жазылмаған және бұл мәселеге қатысты арнайы ережелер бекітілмеген. 

Сондықтан Император өз жолдауында тақтан кететіні жа­йында ештеңе айтпай, бұл мә­селеге қатысты халықтың кө­ңіл күйін алдын ала біліп алуды жөн санады. Жүргізілген сауал­нама нәтижесі халықтың басым көп­шілігі императордың ниеті үлкен түсінікпен қабылданғанын және денсаулығына байланысты көзі тірі тұсында тақтан түсуіне қарсы емес екенін көрсетті.  

Екі мың жеті жүз жыл бойы жалғасып келе жатқан әлемде теңдесі жоқ императорлық жүйе тарихында елу сегіз император түрлі жағдайлармен көзі тірісінде тақтан кеткені белгілі. Деген­мен мұндай жағдай соңғы рет екі ғасыр бұрын болған.  

Жапондық императорлық жү­йе тарихында ұрпақтардың еш­қашан үзілмегені ақиқат па, аңыз ба, бұл мүлдем басқа әңгіме. Ол жа­пон ғалымдары арасында да қызу талқыланып жүрген тақы­рып­­тар­дың бірі. Бірақ әлемде тең­десі жоқ императорлық жүйе екені, жапон жұрты ел болға­лы қоғам басында міндетті түрде им­п­е­р­а­­тор­дың отырғаны рас екені тарих­­тан белгілі. 

Еуропа халықтарының талай құры­лып, талай жоғалған пат­ша­лық­тарын айтпағанда, мың жыл­дық тарихы бар Рим импе­риясы­ның өзі тарих қойнауында қалып қой­са, басқа патшалар бірін-бірі ба­сып алып жатқанда, жапон жұр­ты басқаларға ұқсап өз императорына өзі ешқашан қарсы шаппаған. 

Тарихтың қай кезеңінде болмасын, ауқаттылар мен ақсүйектер императорды құлатып, оның орнына өздері отыруды көздемеген. Басқасын айтпағанда, заманының қо­жа­йы­ны болып, халықты уы­сын­­д­а ұстаған самурайлардың өзі тақ­қа таласпақ түгілі, сол тақты сақтап қалуды өмірдің мәні қылған.

Бір ұлттан құралған жапон елінің императорлық жүйесінің бірден-бір ерекшелігі осы. Қай заман болмасын әлділер таққа таласу арқылы емес, тақты қорғап, таққа жақын болудың арқасында халықтың көңілінен шыға білген. «Құдай баласының» батасын алмағанды халық ешқашан мо­йындап, ел айтқанын тыңдамаған. Жоғарыда аты аталған, сол заман­­да жер жүзіне әмірі жүріп тұрған америкалық генералдың өзі отқа оранған жапон елінің имп­ера­торына тиіспей, оны жапон қоға­мының діңгегі қылып қалдырғаны қарт тарихқа құлақ асқаны еді.   

Қолында абсолюттік билік шоғыр­ланбаған императорлар қашанда дін мен дәстүрдің, на­ным-сенім мен мінез-құлықтың үлгі­сі, күншығыс елінің символы боп қала бермек.  

Жаңа басталған 2019 жыл жапон елінде отызжылдық «Хэйсэй» дәуірі аяқталып, жаңа император тақ­­қа отырып, жаңа дәуір бас­та­латын тарихи маңыз­ды жыл бол­мақ. Әлем назарын өзіне аудар­ғалы отырған ғалам­дағы жал­ғыз им­­пе­­ра­торлық жүйе жайында өз тара­п­ы­­мызд­ан қазақ қоға­мын құ­лақ­­­тан­­ды­рып отыратын боламыз. 

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін