Аймақтар • 08 Қаңтар, 2019

Алматыда «Алтын белгі» үміткерлері оқу-жаттығу лагерінде білімдерін шыңдады

520 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2-7 қаңтар аралығында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 650-ге тарта «Алтын белгі» үміткері Еducon білім беру орталығының ұйымдастыруымен СДУ базасында бас қосып, Winter CAMP - 2019 оқу-жаттығу лагерінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтан өтті.

Алматыда «Алтын белгі» үміткерлері оқу-жаттығу лагерінде білімдерін шыңдады

Winter CAMP - қыстық оқу-жаттығу лагері биыл қатарынан бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Іс-шараға республика мектептерінен ең үздік  атанған  бітіруші түлектер іріктеліп алынған. 

Бес күндік бағдарлама аясында қатысушыларға еліміздің білікті мамандары мен  ұстаздары дәріс оқыды. Сонымен қатар Сүлейман Демирел университетінің ректоры  Қанат Қожахмет және белді жоғары оқу орындарының ректорларымен қатар белгілі қоғам қайраткерлері де жасөспірімдерге пайдалы семинарлар өткізді. Оқу бағдарламасының жоспары барысында бітіруші түлектерді мамандық таңдауға бағыттайтын  еліміздің беделді он  университетінің қатысуымен арнайы білім көрмесі өтті.

«Қысқы лагердің басты мақсаты – талапкерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңінің алдында жаңа бағыт-бағдар мен серпіліс беру. Оқу бағдарламасы жан-жақты қызықты өту үшін қатысушыларға түрлі спорттық ойындар мен заманауи квест ойындары өткізілді» дейді ұйымдастырушылар.

Шара соңында үздік атанған топтар арнайы алғыс хаттар және  бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Еске сала кетсек, осы жылдан бастап  жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет, яғни  қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында өткізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеген болатын. Сондықтан  мұндай алаңдар мен дайындық орталықтары балаларға ерекше серпін береді. Мамандардың сөзінше, өткен жылы ҰБТ-дан жоғары ұпайға ие болған Шиара Құдайбергенова (2018, 140 ұпай)  өз білімін осындай дайындық орталықтарында шыңдаған.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ