Қазақстан • 12 Қаңтар, 2019

Әйгілі бапкер Вадим Псарев дүниеден өтті

504 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

12 қаңтарда әйгілі бапкер, бір шоғыр даңқты балуандарды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, грек-рим күресінен КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Вадим Псарев 87 жасқа қараған шағында жарық дүниемен қош айтысты. 

Әйгілі бапкер Вадим Псарев дүниеден өтті

Ұлы Отан соғысы кезінде анасымен бірге Украинадан біздің елге қоныс аударған Вадим Псарев өзінің соңғы демі таусылғанша Қазақстанда тұрып, күрестің осы түрінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.  Оның ең үздік шәкірттері әр жылдары мынадай белестерді бағындырды:

Владимир Бакулин – ­Мехико Олимпиадасының күміс жүлдегері (1968), әлем (1967) және Еуропа чемпионы (1966).

Валерий Резанцев – Олимпия ойындарының екі дүркін жеңімпазы (1972, 1972), әлемнің бес дүркін чемпионы (1970-1975), Еуропаның үш дүркін чемпионы (1970, 1973, 1974).

Анатолий Назаренко –­ Мюнхен Олимпиадасының күміс жүлдегері (1972), әлемнің үш (1970, 1974, 1975) және Еуропаның екі (1972, 1974) дүркін чемпионы.  

Жақсылық Үшкемпіров –­ Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы (1980), әлем чемпионы (1981) және Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері (1980).  ­­

Одан бөлек, Вадим Псарев халықаралық аренада жасындай жарқыраған басқа да мықты балуандарды тәрбиеледі. Әр жылдары ол Қазақстан құрамасының бас бапкері, КСРО құрамасының жаттықтырушысы, Бүкілодақтық дәрежедегі төреші қызметтерін атқарды. 2014 жылы айтулы азаматтың есімі ФИЛА-ның Даңқ залына еңгізілді.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ