Әлем • 14 Қаңтар, 2019

Ямайка пластик ыдыстарды қолдануға тыйым салды

601 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ямайка үкіметі қоршаған ортаны қорғау мақсатында 2019 жылдың қаңтарынан бастап арал тұрғындары мен қонақтарына пластик ыдыстарды қолдануға тыйым салды.

Ямайка пластик ыдыстарды қолдануға тыйым салды

Бір реттік ыдыстардан бас тартуға аралдың экологиялық жағдайының нашарлауы себеп болды. Кариб теңізі университетінің ректоры Фринц Пинноктың айтуынша, жаңбырдан соң арал астанасы Кингстон пластикалық бөтелкелер мен пакеттерге толып кетеді. Ал олар жергілікті флора мен фаунаның өмірі үшін қауіпті.

«Біздің экономикамыз тікелей туризмге байланысты. Сондықтан жағажайларымызды күтуіміз қажет. Ал пластик жағажайларға өз зарарын тигізіп үлгерді» дейді университет ректоры. Бұған қоса Ямайкада қоқысты сұрыптау мәдениетін қалыптастырғысы келетінін де айтып өтті.

Соңғы кездері бірқатар мемлекет пластиктен бас тартып жатыр. Түркия Республикасы жаңа жылдан бастап полиэтилен қолданысын азайту үшін дүкендерде тегін ұсынылатын пакеттерді сата бастады. Сол сияқты Еуроодақ та пластиктен жасалған тұрмыстық заттарды қолданбау туралы директиваға қол қойды.

Ал Оңтүстік Корея полиэтилен пакеттерді сатып, қолданғандарға 2,7 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салатын болды. Бұл елдердің қатарын Молдова толтырмақ. Молдованың парламенттік комиссиясы 2021 жылдан бастап пластик ыдыстарды сатуға тыйым салатынын хабарлады.