Қазақстан • 15 Қаңтар, 2019

Қоқыстан қажетті зат өндіріледі

780 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанай облысында қоршаған ортаны қоқыстан тазартып қана қоймай, өндіріс пен тұрмыс қажетіне жарамды заттар өндіру мүмкіндігіне қол жетті. Өңірдегі қоқыс өңдейтін алғашқы заманауи зауыт Қостанай қаласының іргесіндегі Затобол кентінен орын тепті.

Қоқыстан қажетті зат өндіріледі

Кәсіпорын күніне 8 сағат жұмыс істегенде жылына 40 мың тонна қоқысты іріктеп, өңдейді. Ал оның қуаты артып, үш ауысымдық жұмыс күніне көшкенде жылына 120 мың тонна қоқыс тазартып, игере алады. Зауыт толық қуатына үш сатылап қосылатын болады. Әзірге кәсіпорынның алғашқы желісі салтанатты түрде іске қосылды. «Eko siti kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жандос Жақсыбаевтың айтуынша, келесі жылдың басында зауыттың екінші сатысы, яғни қоқысты тазарту, жуу желісі іске қосылады. Үшінші сатысында шикізат ретінде пайдаланылатын пластик түйіршіктерін өндіретін болады.

– Бұл – біздің облыс үшін бірегей жоба. «S.M.F. – Sistem» тоқымасыз материал фабрикасының әлеуеті үлкен, олар бізден инфрақұрылым жасауға көмек сұрап отыр. Бұл бізді қуантады, демек компанияның жос­пары ауқымды деген сөз. Біз оған барлық жағдайда көмек беретін боламыз. Сонымен қатар қоқыстың өңделуі қоршаған ортаның экологиясын жақсартады, бұл да жақсы нышан, – деді зауыттың салтанатты іске қосылуына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.

Бұл жобаның алғашқы желісінің құны 300 миллион теңгені құрады. Қоқыс өң­дей­тін зауыт өзінің құрылтайшы­сы «S.M.F. – Sistem» тоқымасыз мате­риал фаб­рикасын шикізатпен қамтамасыз ете­тін болады. Қайта өңделген қоқыстан фабрика 80 түрлі зат өндіреді. Оның арасында газға, суға, кабельге, тағы басқа да қажетке пайдаланылатын құбырлар, тасжол төсеніші секілді жаңа технологиямен өндіріске пайдаланылатын материалдар да бар. Қоқыс өңдеу кешенінің барлық сатысы іске қосылуға дейін 3 миллиард теңге жұмсалады. Оның екі миллиард теңгесі жеке қазандық орнатуға пайдаланылады.

– Қазандық салынатын болса, керекті жылу тарифін 40 пайызға арзандатар едік, – дейді «S.M.F. – Sistem» тоқымасыз материал фабрикасының директоры Марат Сәдуақасов. Жаңа ірі жоба қоқысты тасушы, іріктеп, тазалаушы және одан жаңа заттар жасап шығарушы үш компанияның консорциум құруы арқылы жүзеге асырылмақ. Марат Фазылжанұлының айтуынша, мұнда негізінен пластик пен полиэтиленнен жасалған шөлмектер, қалталар секілді қоқыс түрлеріне көңіл бөлінеді. Өйткені тоқымасыз материал фабрикасы осы қоқыс түрлерін екінші рет өңдеумен айналысады. Олар осы күнге дейін шикізатты сырттан сатып алып отырды. Егер қоқыс сапалы тазартылып, өздеріне қажет­ті шикізат алып отырса, фабрика қуаты Қазақстандағы барлық осындай қалдықтың жартысын өңдеуге жетеді. Қоқыс тазартатын жаңа кәсіпорын әзірге жылына 40 мың тонна қоқыс іріктеп, тазартатынын айттық. Соның тоқымасыз материал фабрикасы шикізатқа алатын 1200-1500 тоннасы пластик заттар болады екен. Олар алда­ғы уақыт­та бұл көрсеткішті 2800 тон­­нағ­а жеткізуді ойластырып отыр. Әзір­­ше фабрика барлық шикізаттың 30 па­­йызын бәрібір сатып алуға мәж­бүр. Алд­ағы уақытта металл, ағаш, қағаз секілді басқа да заттар өң­де­летін болады. Ал улы, қауіп­ті қал­­дықтар Қарағандыдағы арнайы кә­сіп­­­орынға жіберіліп, өртеліп, жойылады.

Қоқысты жойып, айналаны тазарту және оны өңдеу қазір өзекті мәселенің бірі. Бұл орайда Марат Сәдуақасов жапондықтардың тәжірибесінен үйрену қажеттігін айтты. Ол үшін қалалар мен ауыл­дарда арнайы орындарға қоқыстарды іріктеп салатын контейнерлер қою қажет. Тоқымасыз материал фабрикасы кон­тейнер­лердің үлгісін де жасап көрсетіп қойыпты.

– Қоқыстарды іріктеп жинау тәжіри­бесін енгізу үшін ең алдымен тұрғын­дардың санасы көтерілуі, әдетке айналдыруы тиіс. Оған да бірте-бірте келерміз. Қоқыс ірік­теліп жиналса, оған жұмсайтын қаржы шығыны азаяды, айнала тазарады, одан күнделікті пайдаланатын және өндіріске қажетті екінші рет өңделген заттар өндіріледі. Пайдадан басқа зияны жоқ, – дейді Марат Фазылжанұлы.

Адамзатқа қоқыстың қасында өмір жоқ. Сондықтан Қостанайда іске кірісіп жат­қан жаңа кәсіпорынның болашағы үлкен.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ