Аймақтар • 15 Қаңтар, 2019

Екпеден бас тартудың салдары

765 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түрлі ауруларға қарсы екпе алудың маңызы айтпаса да түсінікті. Алайда соңғы жылдары сылтау тауып, екпе салдыруға немқұрайлы қарайтын ата-аналардың саны көбейіп отыр. Атырау облысында екі жылда  800-ден астам баланың ата-анасы аурудың алдын алу шараларынан бас тартқан. 

Екпеден бас тартудың салдары

Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уайысов екпе салдыртуға қарсылардың басым бөлігі діни ұстанымдарын алға тартатындарын айтады. Департамент облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп тұрғындарды иммундауға байланысты түсінік жұмыстарын жүргізген, соның нәтижесінде бұрын екпеден бас тартып келген 100 баланың ата-анасы екпе жасатуға келісім берді. Вакцинадан бас тарту деректері негізінен Атырау қаласында көп тіркеледі, ал аудандар арасында Жылыой ауданы көш бастап тұр.

Соңғы екі жылда аймақта қызылша ауруы тіркелмеген еді, ал биыл қаңтар басталысымен-ақ 20 науқастың осы дертке шалдыққаны белгілі болды. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары қызылшамен ауырып жатқан балалардың бәрі де екпе алмағандарын айтады. Осыдан-ақ иммундау апталығына мән беру керек екенін аңғаруға болатын секілді.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау