Қазақстан • 15 Қаңтар, 2019

Әулиеаталық «Ақкербез» би ансамблі Әбу-Дабиде өнер көрсетеді

908 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әулиеаталық «Ақкербез» би ансамблі Әбу-Дабиде өнер көрсетеді

Халқымыздың би өнерін насихаттауда айрықша еңбек етіп жүрген әулиеаталық «Ақкербез» би ансамблі тағы бір белесті бағындырды. Мың бұрала билеген сегіз арудан құралған топ бүгінде ұлттық би өнерін әлемдік сахналардан насихаттауға бағыт алды. Нақты айтсақ, қазіргі таңда Халықаралық конкурстардың лауреаты «Ақкербез» би ансамблі Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа мен Заид әл-Нахаян атындағы гуманитарлық ұйымының ұйымдастыруымен Әбу-Даби қаласында өтетін Халықаралық шейх Заид атындағы мәдени фестивальге қатысып жатыр. Бұл іс-шараның мақсаты – жыл сайын Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық күнінің тойлануына орай оның халқы мен қонақтарын әлем елдерінің ұлттық мәдениеттерімен таныстыру. Еліміздің өнерпаздары іс-шараға осымен төртінші рет қатысуда. Әлемдік мәдениет майталмандарының пікірінше, Қазақстаннан келген қатысушылар әрдайым жоғары деңгейдегі дайындықтарымен ерекшеленіп, үнемі фестиваль қонақтарының ықыласына бөленіп келеді.

 Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының мәліметінше, ұйымдастырушылар қазақстандық өнерпаздарымызға арнайы орын бөліп, 8 адамнан тұратын ұлттық би ансамблінің қаржылық шығындарын өтеп беруде екен. «Бұл іс-шараға филармония өнерпаздарының қатысуы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бастамасындағы міндеттерге толығымен жауап беріп, еліміздің мәдениетін халықаралық дәрежеде жан-жақты дәріптеуге мүмкіндік беріп отыр» дейді «Ақкербез» би ансамблінің бас балетмейстері Айжан Қонарбаева.

  Әйгілі Әбу Даби төрінде еліміздің көк байрағын желбіреткен «Ақкербез» бишілері мұндағы жергілікті өнерсүйер қауымға «Ерке сылқым», «Әлқисса», «Аққу», «Биле, биле», «Жайлауда» атты ұлттық қазақ билерін насихаттауда. Осылайша, «Ақкербез» би ансамблі ағымдағы жылғы 27 қаңтарға дейін Әбу Даби қаласының түкпір-түкпірінде жалғасын табатын фестивальде бес түрлі биімен ерте заманнан қалыптасқан халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасын насихаттайтын болады.

  Айта кету керек, «Ақкербез» би ансамблінің өнер жолында 6 жылдық тарихы бар. Би ұжымы осы уақытқа дейін Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өңірлік мәдениет, дәстүрлер мен құндылықтар» базалық жобасын жүзеге асыру мақсатында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының 50 жылдық мерейтойы аясында «Баласағұн» орталық концерт залында Әулиеата жұртшылығына «Би керуені» атты есептік концерттік бағдарламасын ұсынған болатын. Енді бүгінде Әбу Даби төрінде ұлттық би өнерін насихаттап жүрген әулиеаталық арулардың жеңісті жолы жалғаса беретініне сенім мол.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар