16 Қаңтар, 2019

Қостанайлықтар дәрігер Герасимовпен қоштасты

346 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін қостанайлықтар  облыстық балалар ауруханасы травматология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Владимирович Герасимовпен қоштасты.

Қостанайлықтар дәрігер Герасимовпен қоштасты

Автобустың үстінде жас әйел бетін жуған көз жасын сүртумен болды. Қолындағы телефонның уатсабына танысы « Герасимов кенеттен қайтыс болды»  деп жазған екен. «Дәрігер Герасимов па?» - деп анықтайды ол.

« Иә, Дмитрий Владимирович. Асыл адам еді ғой» деп жазады танысы. Сымбаттың қайтып жазуға шамасы келмей, көз жасына ерік бергені сол екен.

– Қызымның нысаналы туған аяғын жөндеп, емдеп берген кісі еді. Ауруханада жатқанда  палатадағы әр баланың рухани әкесіндей, атасындай болды. Білікті, жоғары санатты дәрігер екені өз алдына, зиялылығы, қарапайымдылығы, мейірімділігі қандай еді! Барлық ата-анамен сөйлесуге уақыт табатын, алдына келген адамға риясыз құрметпен қарайтын. Мен ауруханада жатқан аз уақытта осы бір мейірімді адамды өзімнің туған ағамдай, бауырымдай көріп кеттім. Жанымда жатқан жас аналардың барлығы баламыз тәуір болғанға қуанып, ол кісімен қимай қоштасқан едік, – дейді ол жылап тұрып.

Қырық алты ғана жас жасаған Дмитрий Владимировичтің қазасы қостанайлықтарға ғана емес, одан тыс жерлердегі оны білетін жандарға ауыр тигені мәлім. Себебі жоғары санатты дәрігер, балалар ортопедиясының білгірі Дмитрий Герасимовке адамдар науқас баласын жетектеп соңғы үмітін артып, облыс төңірегін былай қойғанда, Қазақстанның өзге өңірлерінен, тіпті Ресейден, одан да әрі елдерден келетін. Ол көз алдында жазылып, ойнап кеткен әр баланы қуаныш көрді. Облыс басшылығы мен жұртшылық өкілдері берген қазанамада: «Ол табиғатында нағыз балалар дәрігері еді, оны сәбидің өзі сезінгендей болатын» деп жазды.

Жақсының жақсылығы ел газеті «Егеменнің» де назарынан тыс қалмаған еді. 2017 жылы шілдеде «Егемен Қазақстанда» жариялаған мақаламызда: «Біз тілдесуге келген күні Дмитрий Владимирович сегіз операция жасады. Қыс айларында баланың жарақаттануы сирексігендей болғанымен, жазғы каникул күндерінде күйіп қалған, биіктен құлаған, ит қапқан секілді балалардың жарақаты толастамайтыны бар. Оның үстіне іштен кеміс туған балаларға жоспармен жасалатын операциялар қаншама. Оның арасында кабинетінің алдында баласын жетектеген ата-аналар кезегі тағы бар.

...Сүйекті баланың буыны қатпай тұрып, түзеп жібергенге не жетсін. Ол осы мәселе бойынша «Вестник хирургии Казахстана» журналына бірнеше мақалалар жариялады. 2012 жылы бірнеше мақалалар желісі Қазақстан травматологтары–ортопедтері съезіне қатысушылардың үздік тәжірибелері қатарында  жарық көрді. 2010 жылы ресейлік ғалым, медицина ғыдымдарының кандидаты, жаратылыстану академигі Н.Н.Смелышевпен бірлесіп, «Руководство по чрекостному остеосинтезу» атты кітап шығарды. Бұл қазір Ресейде де, Қазақстанда да ортопедтер мен хирургтар столының үстінде жататын әдістемелік құрал болып саналады. Кітапты мың дана етіп шығарып, тегін таратты» деп жазыппын.

Дәрігердің жаназасына жиналған жұрттан жер қайысқандай еді. Жақсыны қимаған жүректер шымырлайды. «Жақсы бір өлмес болсайшы!..» деген осы екен.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай