16 Қаңтар, 2019

Салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң күшіне енді

685 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдарды және айыпұлды есептен шығару жөнінде шағын және орта бизнес субъектілері үшін салықтық рақымшылықты жүргізу туралы тапсырма берді.

Салықтық рақымшылықты жүргізуді қарастыратын Заң күшіне енді

Қазақстанның тәуелсіз тарихында (1997-1999 жылдары, 2011 және 2015 жылдары) бизнес субъектілерінің қаржылық-шаруашылық қызметін сауықтыру үшін өсімпұлды және айыппұлды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық жүргізілді.

Тек соңғы екі акция шеңберінде (2011 және 2015 жылдар) өсімпұл мен айыппұл бойынша жалпы сомасы 143,7 млрд.теңге, оның ішінде 2011 жылы – 23,1 млрд.теңге, 2015 жылы – 120,6 млрд.теңге есептен шығарылды.

Рақымшылық, салықты уақытылы төлеуге потенциалды мүмкіндігі бар, жоғары нормада ұдайы пайда алып отырған  салаларда қызметін жүзеге асыратындарды қоспағанда, барлық салық төлеушілерге қолданылды.

Аталған акциялар оңтайлы әсер әкелді, сонымен, 2015 жылғы салықтық рақымшылыққа қатысушылардың 67 пайызында бүгінгі күні салықтық берешегі жоқтығын айту керек.

Бұл 680 мыңнан астам салық төлеушілер, оның 17 мыңы – заңды тұлғалар, 105 мыңы – дара кәсіпкерлер, 557 мыңы – жеке тұлғалар, яғни қарапайым халық.

2019 жылы жүргізілетін салықтық рахымшылық бойынша нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 210-VІ ҚРЗ Заңымен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген тиісті толықтырулармен бекітілді.

Осылайша, Мемлекет Басшысымен 2018 жылғы 28 желтоқсанында қол қойылған Заң 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Осы Заңға сәйкес, салықтық рақымшылық шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанындағы негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығаруды көздейді.

Бұл ретте әзірленген түзетуге сәйкес мониторингке жататын, ірі салық төлеушілер, жер қойнауын пайдаланушылар (жер асты суын өндіру, емдеу балшығына құқығы бар жер қойнауын пайдаланушыларды қоспағанда), акцизделетін өнімді өндіретін өндірушілер салықтық рақымшылыққа жатпайды.

Алдын-ала деректер бойынша 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес 340,6 млрд. теңге салық берешегі бар 90 077 шағын және орта бизнес субъектілері (31 210 заңды тұлғалар және 58 867 дара кәсіпкерлер) рақымшылыққа жатады.

Бұл ретте, егерде негізгі қарызды 210,4 млрд.теңге көлемінде төлеген жағдайда есептен шығаруға жататын өсімпұлдың жалпы сомасы - 122,9 млрд.теңге, айыппұлдың сомасы – 7,3 млрд.теңгені құрайды.

Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазаннан бастап негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады.

Айыппұл мен өсімпұл бойынша жинақталған қарызынан босату үшін салық төлеушілерге 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайында салықтар бойынша негізгі қарызының сомасын бюджетке төлеу қажет екендігіне тағы да назар аударамыз. Яғни, өсімпұл мен айыппұл сомасы негізгі қарызы төленген жағдайда ғана есептен шығарылады.

Қаржы министрлігімен салықтық рақымшылықты өткізудің егжей-тегжейлі механизім қарастыратын өсімпұл мен айыппұлды есептен шығару қағидасы әзірленіп, алдағы уақытта бекітілетін болады.

Осылайша, мемлекеттік кірістер органдары өсімпұл мен айыппұлды есептен шығару бойынша тікелей жұмысына шамамен 2019 жылдың наурызында кіріседі. Жалпы, салықтық рақымшылық кәсіпкерлерді қолдаудың пәрменді механизмі болады және негізгі салықтарды төлеуге жақсы мүмкіндік береді деп күтілуде.

Рахымшылыққа ілігу үшін салық төлеушілерге ешқайда барудың қажеті жоқ, мемлекеттік кірістер органдары салықтық бет есептеріне мониторинг жасап, негізгі салық қарызын төлеген жағдайда, үш жұмыс күннен кешіктірмей есептен шығару туралы тиісті шешімдерін шығарып отырады.

Салық төлеушілер негізгі қарызы, өсімпұл мөлшерінің сомасын анықтау үшін «Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасында бет есебінен үзінді алуына болады.

Сондай-ақ, Комитеттің www.kgd.gov.kz интернет-ресурсы және «Электрондық үкімет» порталы «Салықтық берешектің жоқтығы (бар болуы) туралы ақпарат» электронды сервисі арқылы онлайн режимінде ЖСН/БСН бойынша салықтық берешектің болуы / болмауы туралы ағымдағы ақпаратты алуға болады.

Оңалту рәсіміндегі және салықтар бойынша төлеу мерзімін ұзартқан салық төлеушілерге қатысты рахымшылық қолданудың тәртібі басқаша.

Салықтық рахымшылыққа ілігу үшін осындай салық төлеушілер мемлекеттік кірістер органдарына тиісті өтінішті жолдап, салықтар бойынша негізгі қарызын ертерек төлеуі қажет.

Одан басқа, оңалту рәсіміндегі салық төлеушілер оңалту жоспарына өзгеріс енгізіп, оны кредиторлар жиналысында келісіп, сотпен бекітуі қажет.

Соңғы жаңалықтар