16 Қаңтар, 2019

«Татулық» орталығының пайдасын дауласқандар көреді

555 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Осакаров ауданында ашылған «Татулық» медиация орталығында кәсіби медиаторлар мен ел ішіне сыйлы  ақсақалдар қызмет ететін болады.

«Татулық» орталығының пайдасын дауласқандар көреді

Жаңа орталық тұсау кескеннен кейін Осакаров ауданының әкімі Нұркен Қобжанов пен аудандық соттың төрағасы Нұр Әбілханов өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Тараптардың ұйғарымынша, мұндай тәжірибе кез келген даулы мәселені сотқа жеткізбей реттеу  үдерісін белсенді дамытуға септігін тигізбек.

Шешендік өнері және ел арасында беделі бар ақсақалдардың адамдар арасындағы дау-дамайларды шешуде ықпалы зор деп есептейді медиация орталығының мамандары. Орталық қызметіне тек жеке тұлғалар ғана емес, компаниялар мен бизнес бойынша серіктестер де жүгіне алады.

– Тұрғындар үшін кез келген дауды сот қарауына дейін жеткізбей шешуге мүмкіндік туды. Медиация жанжалдарды бейбіт түрде, екі жаққа да жағымсыз салдарсыз шешуге көмектеседі деп үміттенеміз, – дейді аудан әкімі Нұркен Қобжанов.

Айтса айтқандай, аталған тәжірибе қазірдің өзінде жемісін бере бастаған. Осакаров аудандық полиция бөлімінің мәліметі бойынша, 2018 жылы медиаторлардың көмегімен тараптардың татуласуы арқасында 10 қылмыстық іс сотқа жеткізілмей шешімін тапқан.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды