Медицина • 18 Қаңтар, 2019

Некенің бұзылуына не себеп?

2613 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Адамдар барлық игілікті бірге көрмек жұптарынан неге жиі бас тартуға көшті. Елімізде соңғы 10 жылда 1,5 миллион отау құрылса, әр үшінші шаңырақ шайқалған екен. Статистика комитеті 2018 жылдың қорытынды есебін әлі жариялаған жоқ. Дегенмен, былтырғы тоғыз айдың ішіндегі дерек бойынша 101 897 неке тіркеліп, 41 382-сі ажырасып үлгерген. Бұл 2017 жылы (40 503) ажырасып кеткендерден де артық көрсеткіш.

Некенің бұзылуына не себеп?

Бұрын соңғы он жылда «әрбір үшінші неке бұзылды» деп байбалам салып келсек, кейінгі бірнеше жылдың көлемінде әр екінші ерлі-зайыпты бір-бірінен ат құйрығын кесісіп жатқанын көріп отырмыз. Егер 2007 жылы ажырасулар саны 36 мың болса, 2017 жылы 54 мыңға жеткен. Мәселен, неке ісімен айналысатын заңгерлер өз тәжірибелерінде 2 ай ғана тұрып ажырасып отырғандардың мысалын алға тартуда.

Осыншама отаудың шаңырағы неге шайқалды деген сұраққа отбасылық мәселемен айналыс­пайтын жандар да жобалап жауап бере алар-ау. Дегенмен ғалымдар соңы міндетті түрде ажырасуға апаратын 13 түрлі себепті атайды. Осы тақырыпты шама-шарқымызға қаузап жүрген біздің білгеніміз, шындап келгенде ажырасудың 100 түрлі және жалғыз себебі бар дер едік. Сонымен...

Шаңырақтың шайқалуынан бала зардап шегеді 

Статистикаға сүйенсек, көбі­несе ажы­ра­суға 5-10 жыл бірге тұр­ған, 30-34 жас аралығындағы ер­лі-за­йып­тылар барады. Он шақ­­ты жыл бірге тұрғандардың ара­­сында әрине, бала болатыны бел­­гілі. Алайда, осы аралықта олар­­дың бір-бірінен көңілдері қа­­лып, бірге құрған қиялдары­ның кемесі күйрейді. Психо­лог­тар­дың айтуынша, әр 10 жыл са­йын туындайтын мұндай от­басы­лық дағдарыстарды жеңуге бүгін­гі адамдардың жігері жетпей жатыр. Бірақ өмір­дің қиын-қысталаң кез­дерінде, қайран біздің арды ой­ла­ған әке-шешелеріміз, бір-біріне сү­йеу болып, жұбайлық өмірдің барлық тауқыметін жеңген жоқ па еді?! 

Осы мәселеде Статистика коми­­теті ұсынған кестелерге көз сал­сақ, ауылдық жерлерге қара­ғанда, қала тұрғындары арасында ажырасу­лар екі есе көптігін бай­қай­мыз. Сонда ауыл­дағылардың өмірі қала­дағылар­дың тұрмысынан жақсарып кеткені ме?! Бұл жерде мамандар қалалықтардың ішкі еркіндігі әлдеқайда жоғары екендігін алға тартады. Ажырасуға бел байлаған қала­лықтар миллион халқы бар мегаполиске сіңіп, жеке өмір сүрудің жүз түрлі айласын біледі. Ал әлі де «Ел не дейді? Ағайын-туыстан ұят болады» дейтін ауылдың жайы белгілі. 

Бірақ не десек те, шаңырақтың шайқалуынан алдымен зардап шегетін бала. Мәселен, 2018 жылы жеті айда 32 мың адам ажырасса, оның 19 мыңында бала бар. Сирек жағдайда ерлі-зайыптылар бір перзент үшін ажырасуға мәжбүр болып жатса, көп жағдайда кетісетін жұптарды бірнеше баласы да ұстап қала алмай отыр. 

Дегенмен мына бір дерекке көз салайықшы, заңгерлер соңғы жылдары ажырасып кеткеннен кейін балаларын өзі бағуға тырысатын әкелердің саны ұлғайғанын алға тартады. 2000-2010 жылдары бұл көрсеткіш 30-40% болса, қазір − 70%. 

Мамандар айтпаса да, әке-шеше­сінің ортасында әрі-сәрі болып қалған бала өмір бойы әкесін немесе шешесін сағынумен, іздеумен, өкпелеу­мен өтетінін, өмірлік психологиялық зардап шегетінін әркім біледі. Және жартылай жетімдіктің синдромы бала өскенде де қыр ізінен қалмайтынына сеніңіз.

Әрине ажырасулардың түрлі себептері болғанымен қатып қал­ған бір сценариі жоқ. Мына бір жағдайға қараңызшы. Біраз жыл бұрын күйеуінен кетіп қалған бір танысымыз, араға алты жыл салып қайта қосылды. Бұл оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай. Баласы тілі шығып, құлдыраңдап жүгіре бастағаннан-ақ, әкесін сағынып, ауладан әрі-бері өткен ер-азаматтарға қарап отырады екен. Түсі жылы, жақсы киінген, жібі түзу бір адам көріп, ол жылышырай қабақ танытса болды: «Сіз менің әкемсіз бе?» деп сұрайды... 

Баласының мұндай қылықтарын үнемі сыртынан бақылап отырған анасы ақыры жүрегі шыдамаған болу керек, ұлы үшін бұрынғы күйеуінің барлық кемшіліктері мен қылықтарын кешіруге мәжбүр. Дәл осы оқиға біздің әрқайсысымызды ойлантуы тиіс. 

Дегенмен бала бір ғана жағдайда ата-анасы ажырасқанда бақытты бола алады. Бұл әке әйел мен бала-шаға­сына зәбір көрсетіп, қорғаудың орнына қорлап отырса. Үйден ішкілікке салын­ған, жатыпішер жаман еркек кеткенде отбасының бүкіл қасіреті де қоса кететіндігін жоққа шығаруға болмайды. 

Түсінісу теоремасы

Қарап отырсақ, Батыс Қазақстанға қара­ған­да, Қарағанды облысында ажырасу жиі кездесіп отыр. Қаза­ғы қалың Түркістан облысында да салыс­тырмалы түрде неке бұзып отырғандар көрсеткіші төмен болғаны­мен, салт-дәстүрге берік деген өңір­лердің өзінде де ажырасу тыйылмай тұр. 

Осы арада ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған әке-шеше бір кемшілікті мойындағаны жөн болар. Жүз жерден өмір өзгерсе де, бірінші кезекте ер балаларды жұбайлық өмірдің жауапкершілігіне тәрбиелеу жетіспей тұрғаны білінуде. Ер-азаматта иман, жауапкершілік, отбасын өзі сүйреуге деген құлшыныс болмай, оның беделі де, сыйы да болмайды. Керісінше әлі де таптаурын түсініктерден арылмаған қоғамның адамы қызы бойжеткеннен күйеуге шығу керектігін, ұл есейсе үйлену қажеттігін құлаққа құйып отырудан шаршамайды. Ал өмірлік жар таңдау мамандық таңдаудан да маңыздырақ екендігін бірінші рет айтып отырған жоқпыз. Ал мінез-құлықтың сәйкессіздігі, әлеуметтік теңсіздіктер уақыт өте келе өз дегенін жасатпай қоймайды. 

Қулық-сұмдықтан ада, адам танып үйренбеген жас адам өзіне бірінші кездескен, көңілін бөліп, жылы сөздерін аямаған жанды махаббат деп біледі. Шын сезім мен сол адамға бауыр басып қалудың арасын ажырата алмайды. Осындай жағдайда «қашан күйеуге тиесің», «қашан үйленесің» деп құлақтың етін жейтін айналаға өзінің де біреуге керек екенін дәлелдеу үшін үйлене салып, үй бола алмай жатқандардың үлесі аз емес. 

Мәселен, өткен жылы ер-азаматтар арасында неке құрғандардың орта жасы – 29 болса, әйелдер арасында – 26 жас болды. Еліміздегі былтыр неке құрғандардың ең жасы 16, ең ересегі 90 жастағы қария 87-ге келген апамызбен неке қиды. 

Ең бастысы, біреуді біреуге күштеп қосып отырған қоғам жоқ. Қазір әлемде ажырасу жағынан Португалия алдына ешкімді салмай тұр. Бұл елде ажырасу көрсеткіші 67 пайызға жеткен. Олардан венгрлер мен испандар да қалыспайды. Бұл статистиканы АҚШ, Аустралия мен Канада елдері жалғастырады. Жаһан болып жүргізіп отырған көптеген сауалдамалар ажырасуға түрткі болған ең басты үш себепті атап отыр. Бұл: қаржылық қиыншылықтар, зина жасау мен жыныстық қарым-қатынас мәселелері. Ал ТМД елдерінде ажырасу жөнінен Ресей, Украина мен Қазақстан көш бастап тұр.

Бірақ қазақстандық психологтар бірінші кезекте ажырасуға бел бай­ла­ған жұптардың жиі кездесетін мәсе­ле­сі түсініспеушілік, бірінің сөзіне бірі құлақ аспауы, қателіктерін мойын­да­м­ау, кешіріммен қарау жоқтың қасы екен­дігін алға тартады. Қысқасы, қа­лай­да жеңілмеймін дейтін жалған көк­ірек.

Әйтпесе «коммуналкада» тұратын көршілер сияқты татулығы таусылған жұптар да жетеді. Мысалы, отбасылық психологтар айғайласып, бір-біріне өкпе-ренішін ақтарып тұратын жұп­тарға қарағанда, айлап-жылдап бір біріне тіл қатпай теріс айналып жататындар түбінде ажырасып тына­тындығын айтады.

Не десек те, бүкіл тіршіліктің тұт­қасын отбасы татулығы мен ұрпақ жалғастығы ұстап тұрғанын санасы ояу жандардың бәрі де сезеді. Өмір­дің түп­кілікті қазығы да шаңырақ­тың шатты­ғына екеуара түсіністікке байланған. 

Сөз соңында айтарымыз, ажырасу мәселесі – мәңгілік тақырып. Жоғары­дағы жанымызға бататын статис­ти­каның бір бөлігін мүлік жасыру үшін, жеңілдікпен пәтер алу мәселесіне қатысты жалған ажырасулар құрайды. Оның да өз кілтипандары бар. Бұл тақырыпқа арнайы ораламыз. Сол сияқты бір-бірінен ат құйрығын үзіс­кен жұптардың 30 пайызы 18+ дейтін «жабық тақырыптың» айналасындағы әңгімелерге өзек бола алады. 

Жалпы, ажырасып кеткендердің қуанатындарына қарағанда, кейін өкінетіндері әлдеқайда көп екен. Қысқасы, ажырасуға асықпайық. Шын мәнінде ажырасу қажет болса, қай кезде де үлгеруге болар. Ал үй болу қиын...

Сарапшы сөзі

Сергей ЖҰМАБЕКОВ, адвокат:

Ажырасуға шешім қабылдағандардың көпшілігі тұрмыс қиыншылығына шыдамағандар. Жастар үй­ленген соң үйлі-күйлі болудан, бақытты өмірден үміт­тенеді. Содан кейін табыстың аздығы, несие, қарыз қажыта бастайды. Ұрыс-керіс, бір-біріне деген көңіл толмаушылық, айыптаулар басталады. Со­сын ерлі-зайыптылар сырттан «жақсы әйел» немесе «жақсы еркек» іздей бастайды. Осының бәрі жинақ­тала келе  некенің бұзылуына дейін жеткізіп отыр.

Екінші басты себеп, ішімдікке салыну, құмар ойын­дары мен есірткі тұтыну ажырасуға алып барады. Өз тәжірибемде осы екі мәселе бұзылған некелердің 90 пайызын құрайды.

Нұрбол БАТЫРБАЙ, заңгер:

Неке бұзу үдерістеріне қатысты тәжірибелер­ден түйгенім, бастапқыда бәрі ұсақ-түйектен бас­талады. Ерлі-зайыптылардың салт-дәстүрге түсініктерінің бөлектігі мен жаңадан қосылған жастардың  өміріне ата-аналарының килігуі сынды болып келеді.

Көп жағдайда ер адам әйелінің, әйел ерінің алдындағы міндеттерін дұрыс атқармайды. Бірақ ажырасудың басты себебі жұмыссыздыққа барып тіреледі. Одан кейінгі орында тәрбие мәселесі тұр.

Жұмыссыздықтан туындайтын жатыпішер жал­қау­лық, маскүнемдік кез келген әйелдің ығырын шы­ға­рып, бала-шағасының төзімін тауысады. Бірақ қазір мас­кү­немдікке жиіркене қарайтындай кезеңге жеттік қой.

Ажырасу жағынан үшінші орында мінез-құлықтың үйлеспеуі тұр. Ерлі-зайыптылардың төсекте жараспауын біз осылайша мәдениетті түрде жеткіземіз. Мұндай жағдайда заңгерлерге емес, психолог, сексопотологтардың көмегіне жүгінген жөн.

Айгүл АЛТАЙҚЫЗЫ, психолог:

Көбінесе психологтардың қызметіне әйел адамдар жүгінеді. Ажырасу үшін де бірінші арыз беретіндер – әйелдер.

Әйел деген ер-азаматы қолдаса, жылулығын аямаса кез келген қиыншылықты жеңе алады. Керісінше көп жағдайда ер-азаматтарымыз дөрекілікке, зәбір көрсетуге бейім. Әйел – өте сезімтал, нәзік. Онсыз да мойнында тұрмыстың ауыртпалықтары бар. Мұндай жағдайда ер-азаматы қолдап, жылы сөзімен аялап отырмаса, әйелдер түрлі күйзеліске ұшырайды.

Мәселен, менің алдыма ажырасудың алдында тұр­ған адамдар келеді. Көбінесе әйелдер босан­ған­нан кейін жыныстық гормондарында үлкен өзгеріс­тер жүріп, өте ашушаң болып кетеді. Ұйқысы қанбайды. Бұл ғылыми тұрғы­да дәлелденген. Осын­дай психологиялық күй­зе­ліс­тер кезінде ер-азамат­тар жұбайының жағ­дайы­на түсіністікпен қарап, осы кезеңнен алып шығудың орнына ұрыс-керісті ұлас­тырып, қол көтеруге дейін барып, аралары суып кетеді. Бақуатты ерлі-зайыптылардың ішінде де ажы­расып отырғандар бар. 

Қандай қиындық болса да некелерді құтқара­тын жылы сөз бен түсіністік.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ