Қазақстан • 18 Қаңтар, 2019

Жетісу жастары атаулы жылда атқарылатын іс жайын ақылдасты

1025 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы Жетісу өңіріне жағымды жаңалық ретінде ғана емес, тұтас мерзім бойына атқарылатын жауапкершілігі мол шаралардың хабаршысындай болып жеткен еді. Қазір атаулы жыл аясындағы іс-шаралар легі бастау алып, міндеттер айқындалып жатыр.

Жетісу жастары атаулы жылда атқарылатын іс жайын ақылдасты

Жақында облыс әкімі Амандық Баталов аймақтағы көшбасшы жастарды Талдықорғанға жинап, еркін әңгіме өткізген еді. «Галстуксіз кездесу» форматында жүрген ашық әңгімеде жетісулық жаңа толқын өкілдері өздерін толғандырып жүрген мәселелерді ортаға салып, атқарушы билік тарапынан қолдау қажет ететін бастамаларымен бөлісті.

Талдықорғанда жастар технопаркі құрылады

Кездесуде Жетісу жерінде креативті ойлайтын жастар өте көп, соның ішінде ІТ саласы мамандарына стартап-жобаларды жүзеге асыруға қолдау қажеттігі айтылды. Жастар, әсіресе, тиісті компьютерлік техникалармен қамтамасыз етілген, интернетке қолжетімділігі жақсы арнайы ғимараттың қажеттілігі туралы көп айтты. Бұл идеяға облыс әкімі Амандық Баталов қолдау білдірді. Өткен жылдың тамыз айында Татарстанға жасаған жұмыс сапары барысында Қазан қаласындағы ІТ паркте болып, жұмысымен танысқанын айтқан әкім креативті жастарды табыс әкелетін түрлі жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

- Бұл - өте жақсы идея. Оны жүзеге асыру жастардың өз білімі мен машығын пайдалана отырып, табыс табуына мүмкіндік береді. ІТ технологиясы – қазіргі заманғы маңызды бағыттардың бірі, әсіресе, оның бүгінгідей цифрландыру кезеңінде рөлі ерекше. Техникаға бейім жастарды жан-жақты қолдап, оларға бағыт беріп, көмектесуіміз керек, - деді А.Баталов.

Әкім алдағы уақытта облыс орталығынан жастардың стартап-жобалармен айналысуына мүмкіндік беретін, озық идеяларды жүзеге асыруға бағыт беретін технопарк құруға уәде берді.

Ауылдарда жастар орталығы ашылады

Жалпы, Талдықорған қаласында ел бойынша алғашқы лекте ашылған Жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп келеді. Бұл жерде өңірдегі өскелең ұрпақтың қоғамдық өміріне қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Осы жерде талай жастың жаңа идеялары мен жобалары қанат қақты. Бұнан бөлек, өткен жылы өңір жастары үшін Талдықорған қалалық емханасы аясында «Жастар денсаулық орталығы» ашылған болатын. Бұл орталықта дәрігерлер мен арнайы мамандар медициналық-психологиялық көмекке мұқтаж жастарға кеңес беріп, тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді. «Тегін медициналық және әлеуметтік көмек көрсету жастар арасындағы теріс әдет пен жұқпалы дерттің жолын кесіп, азайтуға ықпал етеді» дейді мамандар.

Жалпы, емханалардағы медициналық қызметтен бөлек, арнайы орталықтың ашылуы жастардың гинеколог, уролог, психолог, дерматовенеролог сияқты дәрігерлерге еркін қаралуына жол ашыпты. Демек, жастарға жіті көңіл бөлудің нәтижесінде олардың арасында саламаттылық салтын сақтау үдерісі артып, әлеуметтік көңіл күй деңгейі жақсара түскеніне қуануымыз керек сияқты. Енді Жастар жылының аясында аймақта осындай 20 орталық ашылатын болды. Жаңа үлгідегі жастарға қызмет көрсету, әсіресе, ауылдық өңірдегі жаңа толқынның мәселесін шешуге қызмет етсе керек.

- Жас өркендерге жайлы жағдай жасау – Мемлекет басшысы алдымызға қойған маңызды міндеттің бірі. Талдықорғандағы Жастарға қызмет көрсету орталығы сияқты нысандарды салып, іске қосуымыз керек. Оларға аудандық, қалалық Жастар ресурстары орталықтары орналасады. Сол орталықтарда қажетті қызметтер алуға, оқу мен жұмысқа тұру бойынша кеңес алуға, өзара араласуға, креативті жобалармен бөлісуге, талқылауға, бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндіктер жасалады. Жастар жылында облыс бойынша осындай орталықтар ашу игі іс болмақ, - деді кездесуде Амандық Баталов.

Диқаншылыққа бет бұрушы жастар көбейді

Айтпақшы, Жетісу жастары арасында ауыл шаруашылығы саласына ден қоюшылар қатары артып келеді екен. Бұл іске облыстық Жастар ресурсы орталығы ұйытқы болып отыр. Нәтижесінде ауылдарда дән егіп, өнім жинап, өңірдің өркендеуіне үлес қосуға ниетті ұрпақ қалыптасты. Бүгінде жаңа толқынды ауыл шаруашылығына түбегейлі тарту үшін аймақтағы Жастар ресурстары орталықтары әр аудан аумағынан 10 гектарға дейін жер телімдерін пайдалануға алып, дақыл себуді жолға қоймақшы. Жастардың бұл бастамасын облыс әкімі Амандық Баталов қуана қолдады.

- Біздің облыста мұндай оң тәжірибе бұрыннан бар. Осы істі жалғастыруға жұмылғандарың қуантады. Әкімдік тарапынан қажет қолдауды жасаймыз, - деді аймақ басшысы жастармен кездесуде.

Бастамашыл жастар ауыл шаруашылығы учаскелеріне өңірге жерсінген, шығымы басым дақылдарды сеуіп, сапалы өнім алуды ойластырып отыр екен. Ал өнімнен түскен кірісті ауылды абаттандыру мен жастар мәселелерін шешуге жұмсамақ. Бұл бағытта Сарқан ауданындағы жастар тәжірибесі үлгі боларлықтай. Ауданның ынталы жастары 2016 жылдан бері қант қызылшасын өсірумен шұғылданып келеді. Қажетті агротехникалық шаралар мен сапалы тұқым себілуінің нәтижесінде танаптан алынатын өнім де артып отыр. Өткен жылы Сарқан жастары сепкен тәтті түбір тұқымы әр гектарынан 380 центнерден өнім берген. Әрі олар жыл сайын егістік алқаптарын да ұлғайтып жатыр. Әуелгіде 4,5 гектар жерді игерген болса, былтыр 15 гектарға тұқым еккен. Биыл егістік алқапты 25 гектарға дейін арттырмақ ниетте. Мұнан бөлек, агросаладағы ғылыми тәжірибеге тартынбай барып, егін шаруашылығына қатысты жаңалық ашып жүрген жетісу жастары және бар. Кербұлақ ауданында тұратын жас ғалым, фермер Мағжан Ысқақ солардың топ басында. Ол қазір ауылында кәдімгі бидайды арнайы астауларда топырақсыз өсіріп отыр. Мағжан 17 жасқа толар-толмастан Алматы облысы әкімінің «Very Innovative People» атты инновациялар мен жаңа технологиялар байқауына қатысып, 2 600 000 теңге көлемінде грант ұтып алған-ды. Бүгінде Қарашоқы ауылынан жыл жай ашқан жас ғалым голланд ботанигі Хуго де Фриздің әдісін пайдаланып, күн сәулесі мен топырақты қажет етпейтін бидай өсірумен айналысуда.

Жас отбасын жарастыратын клубтар қажет

Алматы облысында жас отбасыларды қолдау бағытында құрылған «Бақыт» клубы пилоттық жоба ретінде жемісті жұмыс істеп келеді. Бұл клубта отау көтерген, өмір жолына қол ұстасып қадам басуға ниеттенген жастарға психолог кеңесі, заң кеңесі тегін беріліп, өнегелі өмір иелерінің отбасылық тәжірибесі жайлы әңгіме өткізіледі.

- Клуб жұмыс істегелі бері отбасылық өмірге қадам басқан замандастарымызға белсенді қызмет көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, қазір жастар арасында ажырасу көбейіп тұр. Біз осы әлеуметтік мәселенің алдын алуға тырысамыз. Көп жағдайда отбасылық психологтың кеңесінен кейін, арасы суына бастаған жас жұбайлар қайта табысып, қателіктерін түзеп жатады. Өткен 2018 жылы клуб белсенділерінің араласуымен 23 жас жұбайдың некесі бұзылмай, жарасып кетті, - дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Дәурен Алдабергенов.

Қазір «Бақыт» клубының аясын кеңейтуге қадам жасалып жатыр екен. Бастама барысында отбасылық психологтардың штатын арттырып, әр ауданнан арнайы кеңес беру орталығы ашылмақ.

- Жас отбасылар арасында ажырасу санын азайтуға күш салуымыз керек. Ол үшін биылдан бастап облыстағы барлық АХАЖ бөлімдері жанынан отбасылық психологтарға 35 штаттық бірлік бөлетін боламыз. Мықты отбасы – мемлекеттің гүлденуінің басты кепілі, сондықтан жас отбасыларға қалыптасу кезеңдерінде барынша қолдау көрсетілуі тиіс, - деді жастардың бұл ұсынысын қолдаған облыс әкімі Амандық Баталов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы