Аймақтар • 18 Қаңтар, 2019

Жетісу жастары ауыл шаруашылығына бет бұрмақ

725 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісу жастары арасында ауыл шаруашылығы саласына ден қоюшылар қатары артып келеді. Бұл іске облыстық Жастар ресурстары орталығы ұйытқы болып отыр. Нәтижесінде ауылдарда дән егіп, өнім жинап, өңірдің өркендеуіне үлес қосуға ниетті ұрпақ қалыптасты.

Жетісу жастары ауыл шаруашылығына бет бұрмақ

Бүгінде жаңа толқынды ауыл шаруашылығына түбегейлі тарту үшін аймақтағы Жастар ресурстары орталықтары әр аудан аумағынан 10 гектарға дейін жер телімдерін пайдалануға алып, дақыл себуді жолға қоймақшы. Жастардың бұл бастамасын  облыс әкімі Амандық Баталов қуана қолдады.

- Біздің облыста мұндай оң тәжірибе бұрыннан бар. Осы істі жалғастыруға жұмылғандарың қуантады. Әкімдік тарапынан қажет қолдауды жасаймыз, - деді аймақ басшысы жастармен кездесуде.

Бастамашыл жастар ауыл шаруашылығы учаскелеріне өңірге жерсінген, шығымы басым дақылдарды сеуіп, сапалы өнім алуды ойластырып отыр екен. Ал өнімнен түскен кірісті ауылды абаттандыру мен жастар мәселелерін шешуге жұмсамақ. Бұл бағытта Сарқан ауданындағы жастар тәжірибесі үлгі боларлықтай. Ауданның ынталы жастары 2016 жылдан бері қант қызылшасын өсірумен шұғылданып келеді. Қажетті агротехникалық шаралар мен сапалы тұқым себілуінің нәтижесінде танаптан алынатын өнім де артып отыр. Өткен жылы Сарқан жастары сепкен тәтті түбір тұқымы әр гектарынан 380 центнерден өнім берген. Әрі олар жыл сайын егістік алқаптарын да ұлғайтып жатыр. Әуелгіде 4,5 гектар жерді игерген болса, былтыр 15 гектарға тұқым еккен. Биыл егістік алқапты 25 гектарға дейін арттырмақ ниетте.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы